Парламент • 11 Ақпан, 2021

Сотталушы жазасын өз елінде өтейтін болады (Мәжіліс бірқатар ратификациялық заң жобасын қабылдады)

311 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутаттар бірқатар ратификациялық заң жобасын қарады. Атап айтқанда, Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден қызметтерінің Біріккен алқасы туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау жөніндегі заң жобасын мақұлдады.

Сотталушы жазасын өз елінде өтейтін болады (Мәжіліс бірқатар ратификациялық заң жобасын қабылдады)

 

Хаттаманы ратификациялау Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден қызметтерінің Біріккен алқасы туралы шарттың терминологиясын ЕАЭО туралы шарттың және ЕАЭО-ның Кеден кодексі туралы шарттың ережелеріне сәйкес келтіруге мүмкіндік береді.

Аталған құжат бойынша баяндама жасаған Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, Біріккен алқаның бірнеше негізгі міндеті бар. Мәселен, кеден қызметтерінің өзара іс-қимылдарын үйлестіреді. Өз құзыреті шегінде кеден заңнамасының біркелкі қолданылуын қамтамасыз етеді. Кеден ісі мәселелері бойынша бірыңғай құқықтық базаны қалыптастыруға қатысады.

«2015 жылғы 1 қаңтардан бастап ЕАЭО-ны құру туралы шарт күшіне енді. 2017 жылы одақтың жаңа Кеден кодексі қабылданды. Осы өзгерістер кеден қызметтерінің Біріккен алқасының шартына түзетулер енгізуге негіз болып отыр. Хаттамаға 2019 жылы тамызда үкімет басшылары қол қойды.

Хаттамада келесі мәселелер көзделген. Біріншіден, мүше мемлекеттердің Орта­лық кеден органдары анықталды. Қазақ­станда бұған Қаржы министрлігінің Мем­лекеттік кірістер комитеті жауапты. Екіншіден, Біріккен алқаның бірқатар функциялары Еуразиялық экономикалық комиссияға берілуіне байланысты алынып тасталды.

Үшіншіден, кедендік әкелу баждарын есепке алу және бөлу жөніндегі келісілген қағидалардың қолданылуын қамтамасыз ету бөлігінде Біріккен алқаның құқықтары алынып тасталды. Төртіншіден, шарттың ережелері Одақ туралы шарт пен Одақтың Кеден кодексінің терминологиясына сәйкес келтірілді.

Атап айтсақ, «Кеден одағы» деген сөз «Еуразиялық экономикалық одақ» деп, «кеден қызметтері» деген сөз «кеден органдары» деп өзгертілді. Хатта­маны ратификациялау біздің еліміз үшін әлеуметтік-экономикалық және құқық­тық салдарға әкеп соқтырмайды және мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлуді талап етпейді», деді  Ерұлан Жамаубаев.

Осы шартқа ратификациялық түзету­лерді қарау барысында депутаттар 10 жұмыс тобының ішінен түрлі бағыттар бойынша біріккен әріптестік шеңберінде тек біреуін қазақстандық тарап, ал 9-ын Ресей өкілдері басқаратынына назар аударды. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин бұл мәселенің Қазақстанның мүддесін қорғау үшін маңыздылығын айтып, депутаттар барлық парламенттік интеграциялық бірлестіктегі жұмыс тәсілдерін өзгерту үшін көптеген шараларды қолға алып келе жатқанын айтты. Оның пікірінше, осындай қадамдарды жұмыс органдарында да жасау керек.

Парламент Мәжілісінің жалпы отыры­сында «Тәуелсіз Мемлекеттер Достас­тығына қатысушы мемлекеттердің бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларды орындауды беру туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.

Заң жобасы жөнінде Ішкі істер ми­нис­трі Ерлан Тұрғымбаев баяндама жаса­ды. Оның айтуынша, Конвенцияның негіз­гі мақ­саты – әр азаматқа өз жазасын тұр­ғы­лық­ты жері бойынша өтеуге мүмкіндік беру.

«Конвенцияға сәйкес сотталушы не­месе оның заңды өкілі өз жазасын тұрғы­лықты жерінде өтеу туралы өтініш береді. Өтініш бойынша сол елдің бас прокуратурасы сұрау салады. Сұрау салуға мына құжаттар қоса беріледі: сотталушының азаматтығы, сот шешімінің көшірмесі, мі­нездеме, келтірілген шығын туралы мәліметтер.

Жазасын өтеушіні қабылдайтын мемлекет белгіленген жазадан қатаң емес жаза тағайындайды. Жазасын өтеуші ше­шім қабылдаған соң, 45 күнде өз бетін­ше елден шығуға тиіс. Ал егер бұл талап орындалмаса, заң бойынша мәж­бүрлі түрде елден шығарылады. Сұрау салудан бас тарту негіздері де қарасты­рылған. Ұлттық заңнамаға сәйкес жазасын өтеушінің әрекеті қылмыс болып саналмаса, қылмыстың мерзімі өтіп кетсе, ел тәуелсіздігі мен ұлттық қауіпсіздігіне қауіп болса, ұлттық заңнамаға қайшы өзге де жағдайда бас тартылады», деді ведомство басшысы.

Ішкі істер министрі келтірген деректерге сүйенсек, қазіргі таңда Қазақстанда 447 шетел азаматы пробацияда тұр. Олардың ішінде Өзбекстан (216) мен Ресей (138) азаматтарының саны басым. Сондай-ақ Қырғызстанның – 38, Арменияның 5 азаматы бар.

Шетелдерде Қазақстанның 280 азаматы жазаға тартылған. Атап айтқанда, Ре­сейде – 251, Өзбекстанда – 24, Бела­русьте – 3, Қырғызстанда – 2 отандасымыз бар.

Айта кетерлігі, Қазақстан құжатқа бір ескертпемен қол қойды. Конвенцияның 2, 3 және 4-баптарында қолданылатын «заң­ды өкіл» термині Қазақстан Респуб­ли­касының қылмыстық-процестік және аза­маттық процестік заңнамасына сәйкес «қорғаушы» термині ретінде қарас­ты­рылмақ.

Депутаттар тарапынан мақұлданған ратификациялық құжаттардың қатарында «Мемлекетаралық стандарттау жөніндегі құжаттарды тарату туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы да бар.

Осы Келісімді ратификациялау мем­лекетаралық стандарттау жөніндегі қол­да­нылатын құжаттардың анықтығы мен өзектілігін және мемлекетаралық стан­дарт­тау жөніндегі құжаттарды тарату қағи­­дат­тарының тұтастығын қамтама­сыз ету үшін құқықтық негіз жасауға мүмкіндік береді.

Жалпы отырыста Мәжіліс комитеттері бірқатар жаңа заң жобасын жұмысқа алды. Олар – сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізу және сот жүйесін жаңғырту мәселелері бойынша түзетулер енгізу туралы заң жобалары. 

Сондай-ақ қарауға алынған құжат­тар­дың қатарында Еңбек кодексіне қашық­тықтан жұмыс істеуді құқықтық реттеуді жетілдіру мәселелеріне қатысты және Қазақстан мен Ресей арасындағы «Минералдық тыңайтқыштар шығару зауытын салу және пайдалану» жобасын іске асыру туралы келісімді ратификация­лау туралы заң жобалары бар.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары Үкімет пен мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Дариға Назарбаева мемлекеттік тапсырыс шеңберінде қаржыландырылатын жеке меншік балабақшалардағы педа­гог­тердің жалақысының төмендігіне алаң­даушылық білдірді.

Еділ Жаңбыршин импорттық тауар­лардың әлі күнге азаймай отырғанына назар аударып, кей импорттық тауарларды елімізде өндіруге мүмкіндік мол екенін жеткізді.

Азат Перуашев оффтейк-келісім­шарт­тарды жүзеге асырудағы кемшіліктерге тоқталды. Альберт Рау мүліктің меншік иелері бірлестігін құрудағы кедергілерді атап өтті. Александр Милютин Семей полигонынан зардап шеккен тұлғаларға өтемақы төлеу бойынша ведомствоаралық комиссия құру қажеттігін атап өтті.

Айбек Паяев жер дауына қатысты мәселе көтерді. Депутаттың айтуынша, Үкімет тарапынан Жер кодексі бойынша проблемалық мәселелерді шешуде тиісті жұмыстар атқарылмай жатыр. Дүйсенбай Тұрганов Жайық-Каспий бассейніндегі су тапшылығы кезеңінің созылып кетуіне алаңдады.

Жамбыл Ахметбеков отандық аграр­лық ғылымды дамытуға қатысты мәселе көтерді. Айгүл Жұмабаева шағын биз­несті қолдап, мемлекеттік сатып алу веб-порталының жұмысын салық заңна­ма­сының нормаларына сәйкестендіруді сұрады.

Наталья Дементьева орыс тілді мек­тептердегі мемлекеттік тілді оқыту сапа­сының сын көтермей тұрғанын жеткізді. Азат Сембинов жастар арасында ІТ-білім беру үшін мемлекеттік қолдау шараларын қарастыруға тоқталды.

Фахриддин Қаратаев көптеген өңірде ауа райының қолайсыздығы салдарынан электр желілерінің жиі өшуіне және сапасыз электр қуатына байланысты мәселе көтерді.

Ерлік Өмірғали жеке меншік меди­ци­налық мекемелерді шетелдік азаматтарға жедел емдеуге жазбаша шақыру беретін денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйымдардың тізіміне енгізуді сұрады.

Ерлан Смайлов өз сауалында «СК-Фармацияның» неліктен Адамның иммунтапшылық вирусы инфекциясына (ВИЧ) қарсы қымбат әрі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдамаған препараттарды сатып алып отырғанының себебін сұрады.