
Газет басшылығының тапсыруымен Атбасарға бір емес, екі бардық. Алғашқы сапарымыз оразамен тұспа-тұс келгені. Діндарлығын былай қойғанда, мінезділеу кісі ғой, мазаламауымызды сұрады. Айт өткен соң барғанбыз, шағбан айының оразасын ұстап отыр екен. Қоңырауды шылдырлатып тұрмыз, енді не болар екен деп. Есік ширақ ашылды. Апамыздың жүзі жадыраңқы. Бүгілген бойын барынша тік ұстап, жоғары шығыңдардың ишарасын жасады. Өзі «бисмілласын» айтып, басқа бөлмеге кетті.
Газет басшылығының тапсыруымен Атбасарға бір емес, екі бардық. Алғашқы сапарымыз оразамен тұспа-тұс келгені. Діндарлығын былай қойғанда, мінезділеу кісі ғой, мазаламауымызды сұрады. Айт өткен соң барғанбыз, шағбан айының оразасын ұстап отыр екен. Қоңырауды шылдырлатып тұрмыз, енді не болар екен деп. Есік ширақ ашылды. Апамыздың жүзі жадыраңқы. Бүгілген бойын барынша тік ұстап, жоғары шығыңдардың ишарасын жасады. Өзі «бисмілласын» айтып, басқа бөлмеге кетті.

Өткендегі салтанатта ҚМДБ атынан муфтияттың наиб имамы Серікбай қажы Ораз кілтін табыс еткен екі бөлмелік үйдің қонақ бөлмесінде артық-ауыс жиҺаз жоқ. Үстел үстінде Құран кітабы, діни әдебиеттер. Қабырғада Бас муфти Ержан қолы қойылған, Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) хадисінен үзінді түсірілген, жиегі алтындатылған үлкен жәдігер ілулі тұр. Бұрышта барқытпен жабылған көнелеу тігін мәшинесі көзімізге түсті. Жымиып қоямыз. Барша аналарымыз сияқты, қарап отыру қайда бұл кісілерде!
Әлден уақытта қолында шағын қобдишасы бар апамыз диванға жайғасып: «Мұны Құран аятымен ашу керек. Кәне, сен оқы», – деді. Жасы үлкен болса да, ер азаматсың ғой дегені. Соншалықты әуендетіп болмаса да бірсыдырғы оқығандаймын. Риза кейіппен қарап қойды. Қобдиша сыр төге бастады. Нақты дерек, құжаттар Муфтиятқа тапсырылғандықтан ксерокөшірмесін көрсетіп жатыр. Фатима апамызға ата-бабаларынан мирас болып қалған, жандүниеңізді қуаныш нұрына толтыратын қымбат қазынамен сіздер де таныса отырыңыздар.
«Мүбәрак сақал туралы тарихи құжат» былай дейді: «Осман мемлекетінің қазынасына жататын Пайғамбардың, оған
Алланың салауаты мен сәлемі болсын, осынау бір тал мәбарак сақалын шейх Ахмадуддин Һижри 1273 жылдың 12 мұхаррам күні (миләди 1856 жыл 12 қыркүйек) Мекке Мукаррама қаласы, Алла оның шарапатын арттырсын, мұсылман қауымының алдында Сәид Масғұд ибн Сәид Махмұдтан алды. Ал, Сәид Масғұд болса оны 1267 жылы 18 шағбан күні (1849 жыл 9 шілде) Мәдина тұрғыны Сәид Абдулла ибн Һашимнен алған...».
Шежіре дерек осылайша діни тұлғалардың есімдерімен жалғаса береді. Біз құжаттағы айрықша назар саларлық хақиқатқа жүгінуді жөн көріп отырмыз: «Мүбәрак сақал туралы ешқандай күмән, шүбә болмасын, иншалла. Бұхараға жеткен соң ғұламалары және жұрты оны растап, ұлықтап, құрметтесін, қастерлесін! Аталмыш келісім 1287 жылдың 11 сафар күні (1870 жыл 10 маусым) сүннет Һәм құжат жолымен Рум қаласында орналасқан өзбек нақшыбандия тәкиясында жасалды. Бұл тәкия Бұхара жолаушыларының тоқтайтын мейманханасы. Қажы Иуртеке осынау бір тал мүбәрак сақалды шамамен миләди 1869 жылы алды. Мен бұл мүбәрак бір тал сақалды 1921 жылы март айында Иуртеке қажыдан алдым. Алған адамның аты Бөкей қажы Сандыбайұлы. Бөкей қажы қайтыс болғаннан (1924 жылы) кейін оның ұлы Әбдібек алды». Ал Фатима кезінде мешіт ұстаған сол Әбдібектің қызы.
Осы жазбалардың бәрі Мұхаммед Иуаздан бастап Баубек Иуртекеге дейінгі тұлғалардың жеке мөрлерімен расталған. Ең соңында ҚМДБ мөрі де бар. Оның үстіне Атбасардан табылған жәдігер Муфтияттың ықтиятты тексеруінен, шетел сарапшыларының саралауынан өткен.
Былайынша қаталдау көрінген апамыз әңгімешіл болып шықты.
– Туып-өскен жерім Қостанай облысы, Қостанай ауданының Байжігіт ауылы. Түбім қыпшақ, – дейді Фатима Әбдібекқызы. – Атамыз Бөкей қажы елді аузына қаратқан, мешіт ұстаған кісі екен. Дайыр, Бөкей, Бекмұхамбет – үш ағайынды. Менің әкем Бекмұхамбеттің тұңғышы болғанымен Дайыр бабамыз бауырына басыпты, Дайыров деп жазылған. Бөкей мешітін бертінде менің әкем Әбдібек ұстапты. Ол кезде ел ішінде намазға шақырушыны «мәзен» деп атайды екен. Бұл кеңестік қуғын-сүргіннің қызу жүріп жатқан шағы. Аталарымыздың басындағы зұлмат бізге де түсті. Белсенділердің дүмпуі жоғарыға жетіп, мешіт құлатылды. «Ертең-бүрсігүні ұсталасың» деген сыбыс үдеп бара жатқанда туған елден қашуға тура келген. Әкем онсыз да сұйылған дүниесіне қарамай, «мүбәракты» ғана алыпты. Жетікөл (Семиозер) жағында шешеміз Жәмиланың жетегінде үш қыз ашқұрсақ күн көрдік. Арада жеті жыл өткен соң, ырду-дырду басылған шығар деп Байжігітке жақындау Майкөл ауылына көшіп бардық. Қате болған екен. Жұрт қайтадан әкемді «мәзен» келді деп қудалай бастады.
«Басар жер, барар тау қалмады» деген осы. Ары ойланып, бері ойланып, мынадай байлам жасалыныпты. Әкемнің қайын атасы Жайлыбай ірі бай болған екен, кәмпескінің алғашқы дүмпуінде оның баласы Есмағамбет Башқұртстанға жер аударылған көрінеді. Сол кісінің Тәшет, Естай деген балаларынан хабар жеткен көрінеді. Не керек, жаяу-жалпылай 1939 жылы Нижний Уралскі дейтін жерге келдік. Пана тұтар Естайды Фин соғысына алып кетті, сонда қаза тапты. Тәшет нағашым 1941 жылы майданға аттанып, Сталинград шайқасында опат болды. Әкем қалың қарағайдың ішіндегі қара жұмыстан босамайтын. Көрген құқайды тізбелеп қайтейін. Тұрмыс өте ауыр еді. «Туған жерге аяғымыз тиер күн болар ма екен» деп армандайтын кәрі әке-шешемнің денсаулығы да сыр бере бастаған. Мұның сырын кейін білдім. Мәселе денсаулықта ғана емес екен.
Әйтеуір, өлдім-талдым дегенде, 1945 жылдың сәуірінде Қазақстанға қайта оралдық. Қостанайдың Майкөл ауылының Қостомар бөлімшесіне қоныс тептік. Мектепте үзіп-жұлып білім алған мені Алматыға есеп қызметшілерінің курсына жіберді. Тәуір оқыған сияқтымын, астананың өзінде қалуға ықылас танытып жатты. Оған шама қайда. Қостанайға келіп, собеске счетовод болып орналастым. Пәтер жалдап, әке-шешемді қолыма алдым. Ол кездің оқуы әжептәуір еді. Аудандық собесті басқарып, госбанкіде істеген кездерім болды. Әбділдә дейтін жігітке тұрмысқа шығып, Урицкий ауданына қоныс аудардық. Рабочком қызметін атқаратын күйеуіммен 16 жарым жыл отасып, ол белгісіз жағдайда суға кетті. Жеті баламен қырыққа толмай жесір қалдым. «Жаман шынын айтамын деп сырын айтады» дегендей, өз басымның мұңымен біразға кетіп қалыппын. Мүбәракқа қайта келейінші.
Жаңа әкемнің туған елге оралуды аңсағанын айттым. Әкем сақал шариф туралы ешкімге тіс жарып айтпаған. Әйтеуір қай жерде болмасын, үйден алшақ, тау-тас, ағаш-тоғайдың ішінде намазын оқып, мінәжат қылып отыратынын байқайтынбыз. Үйімізде ұл бала болмады. Әкем інісі Омардың Сапабегін бауырына басқан. Жаны қалмай асты-үстіне түсуші еді. Сапабек бауырым 1978 жылы кенеттен қайтыс болды. Әкем қатты қайғырып, кәдімгідей шөгіп қалды. Кәмилаға бет бұрғанда бізді шақырып, бар сырын ашты, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың сақал шарифі салынған шыны құтышаны көрсетті. Бұл қасиетті жәдігер аталарымыздан ауысып отырған. Біріне-бірі аманаттағанда «Сенің алуың таусылмасын, менің беруім таусылмасын» дейді екен. Тәртіп бойынша оны мұсылмандық парызды толық өтейтін еркек кіндікке тапсыру керек. Заман солай, ағайын-туысқа ұстата салудың да жөні жоқ. Амал жоқ, әкем қымбат мұраны жылап тұрып сіңлім Ғатифаға аманаттады. Бұл туралы жан баласына айтпауды, көрсетпеуді, қолға аларда екі бас намаз оқуды, ораза ұстауды тапсырды. Кеңес қызметіндегі сіңлім барын салғанымен, жәдігерге қатысты шарттарды түгел қамти алмады. Өзі өтініш жасап, маған қолқа салды. Алғашында толқыдым, қатты қорықтым.
Міне, содан бері 35 жыл бойы күрделі де қуанышты күндерді бастан кешірдім. Жәдігерді жүрегімнің төрінде жасырып ұстадым десе болғандай. Өзімнің де жасым еңкейіп, қуат қаша бастаған тұста, 2003 жылы Атбасардағы үлкен балам Кәкімбектің қолына көштім. Одан Садовый ауылынан үй сатып алып, ұзақ жылдар Ригада әскери қызмет атқарған кенже ұлым Дулатбекпен бірге тұрдым. Ата дәстүрін осы балам жалғастырады деуші едім, оған күн жеткізбеді. Былтыр екі күйеу балам, биыл Дулатбегім қайтыс болды. Содан қатты ойға қалдым. Қазақстанымыздың Тәуелсіздігіне де 20 жылдан асты. Енді ұлық мұраны халқымыздың рухани мұратына жарату керек деп түйдім. Баламның дұғасында аудан имамы Ақылбекке ақырындап көрсеттім. Сандықшадағы сарғайған Құран сүрелерін де оқып көрді. «Ойпырмау, бұл күллі мұсылман мілләті үшін баға жетпес қазына ғой!», деп еліміздің діни басқармасына жеткізу қажеттігін айтты. Бірақ, қолына ұстатып жібере алмадым.
Содан не керек, Ақылбек діни басқарманың облысымыздағы өкіл имамы, Көкшетаудағы Науан Хазірет атындағы мешіттің имамы Қанат қажы Қыдырминді ертіп келді. Имам қатты қуанды. Араға екі айдан астам уақыт салып, Ақылбегім тағы келді. «Алматыға, Бас муфтидің қабылдауына барамыз», дейді. Тағатым таусылған күндері пайғамбар жәдігері арнайы тексерістен өткізілген екен.
Бас муфти Ержан қажы алдымнан шығып қарсы алды. «Түркістан» қонақүйіне орналастырып, жүріп-тұруыма мәшине бөлді. Туыстарыңыз болса, аралап қайтыңыз деді. Дәм жазып, Шелектегі нағашым Мирас Жайлыбаевтың үйінде болып, жаңа туған шөберемнің атын Нұрсұлтан деп қойып келдім. Арғы жағын өздерің де білесіңдер деп, апамыз екінді намазына дайындала бастады. Дастарқаннан дәм татып, аңыз ананың батасын алдық.
...Көкшетауға қуанып оралдық. Біз ешқандай өлшемге симайтын ерлік иесінің батасын алғанымызды мақтан етеміз. Ерлік – қастерлі ұғым. Оны қас-қағымда жасап, ел қадірлісіне айналғандар құрмет тұғырынан түспек емес. Ал, Фатима апамыз барлық құндылықтардың жиынтығын білдіретін ерлікті өмір бойы жасап келе жатқан адам ретінде дараланып тұратыны анық.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы,
Атбасар ауданы.
Суреттерде: Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар жәдігері; Фатима Әбдібекқызы.