Аймақтар • 11 Ақпан, 2021

Қарағандыда несие ұйымының кассирін өртеп жібермек болғандар ұсталды

117 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарағандыда шағын несие ұйымының кассирін өртеп жіберемін деп қорқытып, қарақшылық жасаған күдіктілер ұсталды.

Еске сала кетейік, оқиға 9 ақпан күні болған. Қарағандыда белгісіз екі азамат шағын несие беру ұйымдарының біріне қарақшылық шабуыл жасаған болатын. Кассирге бензин құйып, олар үй-жайды өртеп жібереміз деп қорқытып, кассадағы ақшаны иемденген болатын.

Оқиғадан кейін дереу Қарағанды облысы ПД тәжірибелі қызметкерлерінен жедел топ құрылды. Бір күннен кейін күдіктілер ұсталды.

«Жедел-іздестіру шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері 19 және 28 жастағы екі күдіктіні ұстады. Олар істеген істерін мойындады. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», деді Қарағанды облысы полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллин.