Аймақтар • 11 Ақпан, 2021

Алматыда СOVID-19-ға қарсы екпенің кері әсерлері тіркелген жоқ

174 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының дәрігер-эпидемиологы Эльвира Ибрагимова Алматы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында COVID-19-дың алдын алу шаралары туралы айта келе, әсіресе, вакцинациялаудың маңыздылығына тоқталды.

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың 1 ақпанынан бастап Алматыда COVID-19-ға қарсы кезең-кезеңмен вакцинациялау басталды.

Бірінші кезең барысында 1 315 медицина қызметкері вакцинацияланды.

"Дәрігер-эпидемиолог ретінде мен де вакцинацияландым. Бір күн ішінде температура түрінде реакция болды, қалтырау бір күнге созылды – мұндай реакциялар болуы мүмкін және кез келген вакцинадан кейін болады. Келесі күні өзімді жақсы сезіндім. Біз вакцина алған барлық қызметкерлерді қадағалаймыз және жанама әсерлерді тіркемедік", деп атап өтті Эльвира Ибрагимова.

Вакцина -18 градус температурада тасымалданады. Сарапшы вакцина жеткізілген сәттен бастап вакцинацияның өзіне дейін барлық талаптар қатаң сақталатынына назар аударды. Алматы емханаларында вакцинаны сақтау үшін мұздатқыш камералар сатып алынды, барлық процесс бақыланып, вакцина медициналық ұйымға жеткізілген сәттен бастап вакцинациялау басталғанға дейін қатаң бақылау жүргізіліп жатыр. Бүкіл процесті тәуелсіз бақылаушылар бақылайды.

"Мен вакцинация бойынша барлық талаптардың қатаң сақталатынына өзім көз жеткіздім. Бұған барлық медициналық қауымдастық асқан жауапкершілікпен қарайды. Барлық ережелер сақталады. Қызметкерлер дайын, қорқудың қажеті жоқ. Қазір көптеген адамдар вакцинацияланғысы келеді, өйткені олар ауруды қайта жұқтырғаннан гөрі вакцинаны алған дұрыс екенін түсінеді", деді ол.