Аймақтар • 11 Ақпан, 2021

Ақтөбеде әріптесін пышақтап өлтірген мұғалім сотталды

211 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысы, Темір ауданының орталығы Шұбарқұдық ауылында екі мұғалім төбелесіп, біреуі мерт болған еді. Сот үкімімен әріптесін өлтірген педагог 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Оқиға 2020 жылдың 22 қазаны күні болды. Іс материалына сүйенсек, сотталушы ашуға бой алдырып, мас күйінде әріптесіне асхана пышағын сұғып алған. Бір ғана соққыдан дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Берік Елтезеров жан тәсілім етті.

Сотталушы бар кінәні мойындады. Сот отырысы кезінде куәлерден жауап алынып, олар да мән-жайды түсіндіріп берді.

«Жаза тағайындау кезінде сот «Ж»-ның шын ниетпен өкiнгенін, айыбын мойындап, полицияға барғанын, қылмыстық құқықбұзушылықпен келтірілген моральдық және өзге де зиянды өтегенін, кәмелет жасқа толмаған балаларын ескерді. Жәбірленуші тарап та кешірім берді. Сот үкімімен «Ж» ҚР ҚК-нің 99-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтеу белгіленді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ», деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.

Айта кетейік, педагогтар арасындағы төбелес дене шынықтыру пәні мұғалімінің үйінің ауласында, түскі мезгілде болған.