Сонау бір жылдары Іле өзенінде суға батқан 12 бірдей баланы ажал аузынан аман алып қалып, бейбіт күннің батыры атанған Бейсетай Дәуренбековтің ерлігін қайталар азаматтарымыз да, Аллаға шүкір, арамыздан табылады екен.
Мен бұл оқиғаны жергілікті тұрғындардан естідім. Қазан айының қара суығында болған жайт ауыл тұрғындары арасында лезде тарап үлгерген екен.
Қай заманның, қандай кезеңнің болмасын өз батыры болатыны ақиқат. Қолына қару ұстап, жауға қарсы шыққан нар тұлғалы батырларымызды былай қойғанда, бейбіт күнде ерлік жасап, батыр атанып жатқан жандар баршылық.
Сонау бір жылдары Іле өзенінде суға батқан 12 бірдей баланы ажал аузынан аман алып қалып, бейбіт күннің батыры атанған Бейсетай Дәуренбековтің ерлігін қайталар азаматтарымыз да, Аллаға шүкір, арамыздан табылады екен.
Мен бұл оқиғаны жергілікті тұрғындардан естідім. Қазан айының қара суығында болған жайт ауыл тұрғындары арасында лезде тарап үлгерген екен. Балқаш теңізінің асау толқыны төрт бірдей өмір иесін ажалдың апанына қарай ығыстыра бастаған сәтте, әңгіме кейіпкері еш ойланбастан алға ұмтылып, қалай да су бетінде әл-дәрмендері құрып, соңғы демдерін алып жатқан адамдарды құтқарып алмақ ниетпен қайықты соларға қарай бағыттайды. Оқиғаның қысқаша мәтіні осындай. Не де болса болған жайтты әңгіме кейіпкерінің өзінен, яғни ерлік танытқан азаматтан естуді жөн көрген біз, оны аудандық редакцияға арнайы шақыртқан едік.
Табалдырықты имене басып аттаған ол өзін Қараөзек елді мекенінің тұрғыны Мырзалы Батырхан деп таныстырды. Батырханның негізгі кәсібі балық аулау екен. Атадан балаға мирас болып келе жатқан кәсіппен отбасын асырап отырған ол, барға қанағат етіп, өзінің сүйікті ісінен рахат табатын жігіт секілді болып көрінді маған. Отыздың орта шамаларындағы, ұяңдау жігіт өзінің ерлігін газет бетіне жариялауымызды құптай қоймады. «Мен өзімді ешқандай да ерлік жасадым деп ойламаймын. Тек азаматтық парызымды орындадым. Менің орнымда болған өзге адамдар да осылай етер еді деп ойлаймын», деді ол қысыла.
Батырханның айтуынша қазан айының аяғында түстен кейін теңізге балық аулауға шығады. Сол күні күннің райы өзгеріп, теңіз бетінде жел тұрып, баяу тербетілген толқындар бірте-бірте аласұра бастаған-тұғын. Моторлы қайықта нық отырған жігіттің көзі кенет алыстан ағараңдаған нәрсеге түседі. «Апырмау, көк теңіздің үстіндегі бұл бөтен нәрсе не болды екен?» деген оймен жігіт алға қарай мойнын соза түседі. Дереу қайықты да сол жаққа қарай бұрады. Жақындағанда байқайды – бір емес, бірнеше адам су бетінде қалқып жүрген сұйықтық құятын канистрлерге жан далбасалап, жармасып жатыр екен. Сірә, моторлы қайықтары толқынмен төңкеріліп кеткен болуы керек. Бірі, тіпті, ес-түсін жоғалтқан секілді, қасындағы адам оны бір қолымен әрең ұстап, суға бір батып, бір шығуда. Мұндай жантүршігерлік көрініске тап болған Батырхан ойланбастан адамдарды өзінің қайығына әупірімдеп жүріп, мінгізе бастайды. Мінгізді дегеніміз артығырақ болар, өйткені бұл мезетте асау толқынмен арпалысқан адамдар қатты әлсіреп, өздерінің бойына ие болудан қала бастаған еді. Бір емес, төрт бірдей алып тұлғалы жігіттерді қайыққа шетінен орналастырған Батырхан өзінің үстіндегі бар киімін шешіп беріп, қайықты ауылға қарай бағыттайды. Қазанның қара суығындағы судың мұздай қалпы төрт еркектің денелерін қалтыратып, бойларын құрсаулап тастаған екен. Араларындағы судың суықтығынан есінен айырылып, талып қалған Жандос атты жігіт ауылға жетіп, үйге кіргізгеннен кейін есін бір-ақ жинайды. Әбден қалжырап, болған оқиғадан қатты соққы алған азаматтар өздерін таныстыра бастайды. Үшеуі осы өңірге бір-екі күнге қонаққа келген екен. Екі орыс ұлтының азаматы Алматыдан ауданымызға жиі келіп демалып тұратындық-тарын айтады. Олар мінген қайық Батырхан жобалағандай, теңіздің асау толқынына төтеп бере алмай, бір жағына ауып кеткен екен. Су бетінде өмір мен өлім арасында арпалысқан төртеуі мүлде шарасыз кейіпте қалады. Осы сәтте олардың қасынан бір емес екі моторлы қайық өтіпті. Қайықтағы жандар бұларды байқамады ма, кім білсін, әйтеуір олардан еш көмек болмайды. Тек үшінші келген моторлы қайықта Батырхан болып, үміт сәулесі ұшқындайды.
Иә, бұл оқиғаны әңгіме етіп айту – айтар ауызға оңай екені белгілі. Алайда, дәл сол жайтты басынан өткерген адам ғана, бұл өмірдің қадірін екі есе сезе түсері де анық. Ал, шыбын жаның шүберекке түйіліп, өмір мен өлімнің ортасында қалғанда – өзіңе көмек қолын созып, өз өмірін бәйгеге тіккен адамның сен үшін ең жақын, ең ыстық туысыңнан да артық болары сөзсіз. Батырхан құтқарған төрт бірдей азамат оған алғыстарын жаудырып, құшақтарына қайта-қайта қысқан екен. Бұлай етпей қайтсін, әрқайсысының үйлерінде күтіп отырған жан-жарлары, бала-шағалары бар еді.
Ерлікті алдын-ала жоспарлап жасай алмайсың. Ерлік дегеніміз – адамның санасын санаулы секундтарда ғана жаулап алатын ізгілікті ойлардан туындайтын жайт. Батырхан да сол күні теңізге балық аулауға шыққанда мұндай оқиға орын алады деп еш ойламаған еді. Ал, бірнеше минуттардан кейін теңіз бетіндегі жанталасқан адамдарды көргенде өз өмірі жайлы ойланып жатуға да уақыты болмады. Тек қайтсем, адамдарды аман алып қаламын деген ой санасын шырмап тастаған еді.
Алмагүл ОСПАНОВА,
журналист.
Алматы облысы,
Балқаш ауданы.