25 Желтоқсан, 2013

«Төремұраттың» туу төркіні

2403 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Ұлы Құрманғазы қайда да қоңыр домбырасын тастамай, қазақтың біраз жерінде болғаны белгілі. «Ер қанаты – ат» дегендей, не бір қылқұйрықты қанат етіп, ел-елді аралады. Өзі өмір бойы қақтығыста болған бай-шонжарлармен, орыс шенеуніктерімен келіспей қалғанда, тыныс алу үшін шалғай жақтарға қарай бет түзейді екен. Көбіне Жылойға қарай тартатын көрінеді. Әсіресе, Маңғыстаудың жазира Үстірті оған қатты ұнаған. Тек жердің жайлылығы ғана емес, көптен таныс, сыйлас, атбасын тіреп түсетін адай азаматтары сағындырады екен. Сондықтан да, оның бүкіл елге әйгілі дулы домбырасы, керемет күйлері, беден тұлғасы, қажыр-қайраты туралы әңгімелер түбекке де кең тараған.

Ұлы Құрманғазы қайда да қоңыр домбырасын тастамай, қазақтың біраз жерінде болғаны белгілі. «Ер қанаты – ат» дегендей, не бір қылқұйрықты қанат етіп, ел-елді аралады. Өзі өмір бойы қақтығыста болған бай-шонжарлармен, орыс шенеуніктерімен келіспей қалғанда, тыныс алу үшін шалғай жақтарға қарай бет түзейді екен. Көбіне Жылойға қарай тартатын көрінеді. Әсіресе, Маңғыстаудың жазира Үстірті оған қатты ұнаған. Тек жердің жайлылығы ғана емес, көптен таныс, сыйлас, атбасын тіреп түсетін адай азаматтары сағындырады екен. Сондықтан да, оның бүкіл елге әйгілі дулы домбырасы, керемет күйлері, беден тұлғасы, қажыр-қайраты туралы әңгімелер түбекке де кең тараған.

Ұлы күйшінің Маңғыстауға неше рет барғаны туралы дәлме-дәл есеп жоқ. Бірақ жүрген, тұрған жерлерінде күй шертпей кетпейтін Құрекең Маңғыстау топырағында да біраз саздарды дүниеге келтіргенге ұқсайды. Белгілі жазушы-журналист Өтепберген Әлімгереев былай дейді: «Ғалымдардың зерттеуінше Құрманғазының Маңғыстау тақырыбындағы күйлерінің өзі онға жетіп құлайды» («Құрманғазы» кітабы, «Арыс» баспасы, 48-бет). Және ол күйлердің біркелкі тізбесін де берген. Олар: «Төремұрат», «Адай», «Ақсақ киік», «Балқаймақ», «Маната», «Бозқаңғыр», «Бас ақжелең» және «Көбік шашқан», тағы да бізге жетпеген екі-үш күй.

Біз енді осы күйлердің шығу тарихы мен мән-мағынасына білгенімізше тоқталып өтейік.

Құрманғазының Маңғыстауға бір келуі оның шоқтығы биік «Төремұрат» күйі­­­мен белгілі. Төремұрат – он екі ата Байұлы­ның ішіндегі таз руының атақты батыры. Ол – орыс бодандығына қарсы және басқа сыртқы жауларға күш көрсеткен қарым­­ды тұлғалардың бірі. Төремұрат өзімен ағайын­­дас Нарынбай, Өтен батырлармен бірге ел қорғауда талай ерлік мәртебесіне ие болған.

Дегенмен, «Төремұрат» күйінің тарихы таз руындағы теңдесі жоқ сұлу Данай деген қызбен және Маңғыстау жерімен байланыс­ты. Данай сұлулығы мен ақыл-парасаты жаннан асқан перизат екен. Оған әсем тұлғалы батыр, өнерпаз Төремұраттың ғашық болуы ертедегі батырлар жырларындағыдан кем емес. Ал Данайдың да Төремұратты құлай сүюі жарасымды еді. Бірақ қатыгез ескі салт жарасымдылыққа пысқырмаған ғой. Данайды айттырып, қалың малын төлеп, көзінің кемістігі бар бір ағайын жігітке қосатын болған. Төремұрат жалынып-жалпайып, екі-үш есе айып төлейін деп, Данайға үйленуге ағайындарынан рұқсат сұраса да, қарттар қасақана қасарысып болмайды. Содан, амал жоқ, Төремұрат Данайды алып қашады. Елдің шырқы бұзылып, ұрыс-төбелес көбейеді. Оларға төтеп бергенмен, қашанғы шыдасын, ақыры алысқа кетейін деп, Данай екеуі түркімен жағына қарай тартады. Хорезм жақта бұрын араласып, өзіне дос, жолдас болғансып жүретін түркімендер бар екен, соларға барады. Бірақ олардың сенімсіз адамдар екені бірден сезіледі. Данайдың сұлулығын көргеннен кейін, олар да қатты қызығады. Және Төремұраттың асқан батырлығын біледі де, ол бір кезде өзімізге зиян келтірер деп қорқады. Сөйтіп, Төремұратты өлтіріп, Данайды иемденуге арамдық ойлайды. Олардың бұл пиғылын аңдаған Төремұрат Данайды алып, елге қайтпақ болады. Өзінің жүйрік ақбоз атымен және түркіменнің бір тұлпарына жасырын Данайды мінгізіп, Маңғыстауға қарай бет түзейді. Бірақ бұлар қанша қашса да, түркімендер өкшелеп қоймайды. Үстірттің үстіндегі Күйкен деген жерде үлкен ұрыс болады. Төремұрат жалғыздығына қарамастан, оларды баудай түсіріп түйресе де, көпке амалы болмай, қазаға ұшырайды. Данай еңірегенде етегі толып, түркімендердің қолында кете барады. Біраздан кейін айналадағы адайлар өліп жатқан Төремұратты тауып, ақ жуып, арулап қойыпты.

Адайдың атақты жырауларының бірі Нұрым Шыршығұлұлы өзінің «Тоғыз ауыл» деп аталатын дастанында Күйкен туралы былай дейді:

Күйкеннен бергі мұрыннан

Көштің алды бұрылған.

Адыра қалған жер еді,

Жаңбыршы ұлы Телағыс

Кешегі өткен қырық таңбалы Қырымнан.

Төремұрат батырдың

Өлген жері сол екен.

Ойлап тұрсам, бұл қоныс

Құтсыз екен бұрыннан.

Данай түркімендердің ешқайсысына көнбей, бір күні күзетте тұрғанын түркімен­ді апиынға мас қылып ұйықтатады да, Төремұраттың байлаулы тұрған ақбоз атымен қашып шығады. Күн-түн демей шауып отырып, Төремұрат өлген Күйкенге жетеді. Моланың басында шашын жайып, жылап тұрған Данайды көріп, сұлулығы күнмен шағылысып, жарқырап тұрған аруды адайлар үйлеріне әкеліп, тынықтырады. Енді мұндай мұңлықты еліне жалғыз жіберуге болмайды, адайлар қасына еріп, төркін жұртына жеткізеді. Сұлуды өз туған-тумаластары құшақ жая қарсы алады, себебі, қазақта өз баласын өзекке тебу жоқ. Ал сұлулық қайда да жол табады, жөн табады. Әлгі айттырып, қалың малмен үйленетін болған жігіті «Данай келді» дегенді естіп, «өткен өлеует, қалған салауат, бәрі де енді ұмыт, Данайға үйленемін» деп шығады. Данай да сұлулығына ақылы сай, «елдің шырқын осы бұзғаным да жетер, сүйген Төремұратым енді жоқ» деп онымен тұрмыс құруға келісім береді.

Әзілге де шебер Данай айтыпты:

– Баяғыда теңіне қосыла алмай, шалға сатылған қыз айтыпты: «Құдай салды, біз көндік, ақ шұнақ шал бері жат» деген екен, сол айтқан, біз де көндік, соқыр байым бері кел!» деп күліпті.

Жігіті де бұл сөзге апшымай, ілтипатпен жауап беріпті:

– Әй, Данайжан, «адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» деген бар. Өткенді ұмытайық, енді келісіп, өмір сүрейік, – деген.

Айтқандай-ақ, қалған ғұмырларын жарастықты, үйлі-баранды, балалы-шағалы, жайлы өткізіпті дейді шежіре айтушылар.

Енді Күйкенге қайта оралайық. Төремұрат адайдың арқыраған батыры Сүйінғарамен дос екен. Екеуі үзеңгілес, кей жортуылдарда бірге шапқан, етене сыйлас болыпты. Айта кетейік, Сүйінғара Үстірттің үстінен өтетін «Жібек жолы» саудагерлерінен алым-салық алып отырған Маңғыстаудың ең бірінші «кеден­­­шісі». Әупірім кісі барлық көш-керуендерді көндіріп, тиісті сыбағасын алып отырған.

Сол Сүйінғара Төремұрат оқиғасын естіп, Күйкенге келеді. Батыр жерленген жерді көріп, бата қылып, қатты мұңайыпты:

– Пай, шіркін-ай, қайран асыл ердің бір төмпешік болып жатысын қарашы! – дейді. Басын көтеріп, жан-жағына қараса, анадайда бір күмбез тұр.

– Анау кімнің ескерткіші? – деп сұрайды. Қасындағылар бір байдың атын айтады.

– Онда құдайдың алдында да, адамның алдында да жауабын өзім берем, бұл күмбезді бұзып, Төремұраттың үстіне орнатыңдар! Тірісінде елге белгілі болмаған бай, енді күмбезімен белгілі болмай-ақ қойсын! – деп бұйырады.

Айтқаны орындалады. Ескерткіш Төремұраттың басында ондаған жылдар тұрды. Күн мен жел, жауын-шашын, ыстық-суық дегендерін істеп, кесене бұзылды. Әлде әлгі байдың ұрпақтары өш алды ма, кім білсін. Кейін таз азаматтары Төремұратқа жаңа күмбез орнатқан.

Бұл оқиға жөнінде қазақтың маңғыстау­лық көрнекті ақындарының бірі «Дарын» және Т.Айбергенов атындағы сыйлықтардың иегері Светқали Нұржан «Адай Сүйінғараның таз Төремұратқа мола салдырғаны жайлы хикая» жазды. («Таң қауызын жарғанда» 3 томдығының ІІ томы, 256-бет).

Төремұратқа кесене тұрғызғаннан кейін бір мал сойып, садақа өткізеді. Дәл осы садақаның тұсына алыстан ат арылтып Құрманғазы келген деседі. Бұл Құрманғазыға Төремұрат кәрі нағашы, Құрманғазының әжесі таз руының қызы көрінеді. Содан араласып, күйші кәрі нағашы жұртына ара-тұра келіп тұрады екен. Жігітті қайда да көңілді, думанды орта тартатыны белгілі. Оның үстіне өз жерінде қуғын-сүргіннен мезі болған Құрекең өзіне жаны да сәні де жақын Төремұратқа қарай, тіпті, одан әрі іргелес Маңғыстауға қарай беттейтіні содан екен.

Енді сол Төремұраты жоқ. Махаббаттың құрбаны болған батыр нағашысына бата тигізейін деп әдейі келгені осы. Бейіттің басында домбырасының киіз қабын шешіп, мұңайып, басын иіп, біраз тұрыпты. Содан кейін бір күйді бастап кетеді. Қоршаған жұрт домбыра да мұңды бола ма деп ойлайды. Жоқ! Олай болмайды. Домбыра құйқылжыған құдіретті үнді төгіп жібереді. Төкпектеген тұлпардың тұяғы, арқыраған адуын шабыс, жарқылдаған бес қарудың көз ілеспес қимылдары, жалын атқан оттың қызуы көкіректі қақ айырып кетердей. Япыр-ай, қазаға арналған саз осындай болар ма?

Біраз үнсіздіктен кейін Сүйінғара сөйлейді:

– Жарайсың, Құрманғазы! Бұл қапы кеткен батырлықтың және қызығы от болып күйіп кеткен махаббаттың күйі ғой!

– Дұрыс түсіндіңіз, Сүйеке. Бұл күйді қыршын Төремұраттың ерен ерлігіне және Данай екеуінің дүниеде теңдесі жоқ жарқ еткен жарастығына арнап шығарып отырмын. Күйдің аты «Төремұрат», – деп Құрманғазы күйді тағы бір қайталай ұшындырып, таңдай қақтырады.

Бұл күйді қазақтың дүлдүл домбырашылары Дина, Қали Жантілеуов, Рүстембек Омаров, Бақыт Қарабалина, Рысбай Ғабдиев, Қаршыға Ахмедияров, Сағын Жалмышев, Айгүл Үлкенбаева, тағы басқалар орындады. Әрқайсысының өзіндік өрнек өзгешеліктері бар. Маңғыстау топырағында шыққандықтан, бұл күйдің бір өзіндік ерекше нұсқасы біздің қолымызда да бар.

1967 жылдың жазында Ақтау қаласында (ол кезде Шевченко) тұратын әйгілі күйші, менің немере ағам және ұстазым Алым Жаңбыршиннің үйіне Жыңғылды ауылынан Атанғұл Сүйесінұлы деген қарт келді. Бүкіл Маңғыстауға белгілі домбырашылар шоғыры шоңай руының өкілі, кәріқұлақ шебер күйші екен. Ағамыз екеуміз жоғарыда айтылғандай, күйлер тарихын Атанғұлдың аузынан тыңдап, сол күні «Төремұраттың» және Есбайдың «Әләйім жалған» күйінің жоба-нұсқаларын үйреніп қалдық. Көке (мен Алымды «көке» деймін) үйретушінің құлы болмай, үйренген күйін әсемдеп, ажарландырып, түрлендіріп жіберетін. Маған да ұстазымнан сол жұғысты болды-ау деймін. Біздің «Төремұратта» да сондай сипат бар.

Сержан ШӘКІРАТ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Маңғыстау облысының құрметті азаматы.

АҚТАУ.

Соңғы жаңалықтар

Egov Chatgpt сияқты жұмыс істейді

Технология • Кеше