Қоғам • 11 Ақпан, 2021

Ақылы байқаулар кімнің мүддесін көздейді?

1185 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Ақылы байқаулар, күмәнді конкурстар, жалған марапаттардың артында кімдер тұр? Әлбетте бұл – риторикалық сұрақ. Бірақ адам өзін өзі қалай алдамақ? Сапалы білім мен кәсіпқойлық шын сынға түскен кезде тұрлаусыз табыстар қай маманды өрге сүйрейді?

Ақылы байқаулар кімнің мүддесін көздейді?

Еліміздің Білім және ғылым министрлігі ата-аналарға білім беру ұйымынан тыс ақылы негізде өткізілетін конкурстар мен олимпиадаларды таңдауда мұқият болуды ескертіп отыр. Құзырлы министрлік мұғалімдерге арналған ақылы конкурстар нәтижесінде берілетін марапаттар ресми болып есептелмейтіндігін, педагогтерді аттестаттау кезінде ескерілмейтіндігін, жалған наградаларды пайдалану – педагог пен білім беру ұйымының беделіне нұқсан келтіретіндігін қадап айтты.

Дегенмен мектептерде ақылы олимпиадалар өткізуге қатаң тыйым салынғанына қарамастан, оңай олжаға дәніккен орта өз табысынан бірден айырылмау үшін түрлі қитұрқұлықтарға баратыны байқалады. Сондықтан министрлік педагогтерді, ата-аналарды ұйымдастырушылардың алаяқтық әрекеттерінен сақ болуға шақырады. Білім саласындағы алаяқтардың көздеген мақсаты жалғыз – заңсыз ақша жинау.

Осыдан үш жылдай бұрын Асхат Аймағамбетов министр болып тағайындалмай тұрып-ақ, оқушыларға арналған олимпиадалар мен конкурстардың ортақ күнтізбесін жасауды ұсынғанын білеміз.

«Бұл байқаулардың барлығы күнтізбеде тіркелуі тиіс. Ақылы байқаулар туралы ақпарат та ашық болуы керек. Әр ата-ана, әр бала байқау туралы толық ақпаратпен қамтылуы тиіс», дегені әлі де көкейкестілігін жойған жоқ. Алайда күңкілден аспайтын қауым мен әлеуметтік желілердегі мұғалімдердің пікірін оқысақ, мұндай шараларға қатысуға жергілікті білім бөлімдері міндеттейтінін жоққа шығаруға болмайды.

Олай болса, ақылы болса да, жалған жетістік болса да оқушыларды күмәнді байқауларға қатысуға мәжбүр ететін нендей жәйт, деген сауалға аты-жөнін атамауды сұраған бір мұғалім былай деп жауап берді.

– Себебі осы уақытқа дейін мұғалімдерді аттестациялаудан өткізген кезде оның оқушыларының жеке табыстары, байқаулар мен олимпиадаларда жеңіп әкелген жүлделері есепке алынатын. Енді мұның қажеті жоқ. Ал қалалық, облыстық байқаулардың жеңісті орындары барлық балаға бірдей бұйыра бермейді. Жетпейді. Сондықтан да ақылы болса да, күмәнді болса да оқушылар осындай жарыстарға қатысып, жоқтың орнын толтыруға тырысады. Ал кез келген жағдайдан пайда табуды көздейтіндер табан астынан түрлі байқауларды тауып, онлайн болса да өткізіп, оңай олжаға кенелудің жолдарын игеріп алған. Қазірдің өзінде де жас ерекшеліктеріне, балалардың қызығушылықтарына байланысты онлайн өткізілетін ақылы байқаулардың ережелері келіп жатады. Қатысу үшін 1 мың теңгеден бастап талап етеді. Одан әрі бағасы жоғарылай береді. Тіпті, мұғалімдер арасында өткізілетін ақылы байқаулар да көп. Министрлік онлайн, ақылы байқаулардың есепке алынбайтындығын ескертіп отырса да, әлде де мұндай ұсыныстар келіп жатыр. Оған қатысып жатқандар да жоқ емес. Бұл жерде баланың да, ұстаздың да білім деңгейі осыдан шарықтап кетпейді, нәтижесінде тек ұйымдастырушылар ғана пайда табады. Өз басым балаға ештеңе бермейтін мұндай байқауларға оқушыларымды қатыстырмаймын, – дейді көкшетаулық мұғалім.

Ал Ақтөбе облысы, Шалқар қаласының «І.Үргенішбаев атындағы ЖОББМ» КММ-нің тарих және қоғамтану пәні мұғалімі, аудандық Аналар кеңесінің мүшесі Айна Лепесбаева: «Шындығына келсек, ақылы байқаудың оқушының білім деңгейін көтеруде еш пайдасы жоқ. Үлкен қалаларда Нұр-Сұлтан, Алматы және облыс орталықтарында қалай тапсыратындарын білмедім. Ал аудан, ауылдарда байқауға оқушының орнына кейде мұғалімдер жауап береді. Себебі ақылы байқаудың көбі сырттай болады. Сонда қараңыз, тапсырманы мұғалім орындап отыр, оқушы оны білмеуі де мүмкін. Және де ол байқаудың нәтижесі оқушыға да қажет емес, себебі ол сертификаттар ЖОО-ға, колледжге түсу кезінде еш есепке кірмейді. Бұл конкурс нәтижесі аттестациядан өту үшін мұғалімге ғана керек. Меніңше, бұл байқаулар тек бизнес сияқты. Мысалы, бір байқаудың құны 500 теңге деп алсақ республика бойынша он мыңдаған оқушы қатысады. Сонда есептеңіз, орта есеппен 10 000×500=5 000 000 теңгені құрайды. Бұл тек қалтаны қампиту болды. Ең сорақысы конкурс тапсырмалары өте сапасыз және оқулық көлемінде емес, түсініксіз дереккөздерден келеді. Мектеп бағдарламасы бойынша берілмейді. Қиыннан қиыстырып тапсырмаларды бере береді. Оны мұғалімдер жабылып әзер орындап жатады, ондай жерде оқушыға қандай пайда? Жалпы алғанда байқау тегін әрі сапалы болу керек. Мұғалімге де, оқушыға да. Мұғалімдердің уақыт алатын ақылы оқуларды да тоқтатқан жөн. Мұғалім  баланы оқытуы қажет, селкілдеп курсқа бара бермей. Байқау, деңгейлік курстардың санын азайтып, сапасын арттыру керек. Білім дұрысталу үшін бағдарлама мен оқулық сәйкес болуы тиіс. Және ол өміршең болғаны дұрыс. Оқулықты жылда тендерге салып бизнеске айналдырғанды тоқтатпаса болмайды. Бағдарлама мен оқулық тұрақты болса білім де болады», дейді.

Осы мәселеге үн қатуды өтінген кезімізде Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасы Өскемен қаласы бойынша білім бөлімінің «Шәкәрім атындағы №1 орта мектебі» КММ директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Жанат Қошпанова: «Білім және ғылым министрі А.Аймағанбетов мектептерде ақылы олимпиадалар өткізуге қатаң тыйым салынатыны туралы айтқан болатын. Мен министрдің осы шешімін қолдаймын. Мен ғана емес, жалпы мұғалімдер ұжымы және ата-аналар да құптайды. Себебі ақылы олимпиадалар, конкурстар көбейіп кетті. Барлық оқушылар білімдерін тексеріп қатысқысы келеді. Ал талай отбасының материалдық жағдайы мұны көтере бермейді. Осындай олимпиадалар тегін өткізіліп, оқушыларға оқуға, білімдерін жетілдіруге құлшындыратындай түрлендіріп, бір жүйеге салынса оқушы үшін, мұғалім үшін де құба-құп болар еді. Ақылы конкурстардың әділдігі де бола қоймасы анық. Кейде ол байқаулар жарамсыз да болып жатады. Ол олимпиаданы бала өзі орындап отыр ма, отбасы мүшелерімен болмаса басқа адамдардың көмегімен орындап шықты ма, белгісіз. Ақысыз өтетін олимпиадаға оқушы ынта-жігерімен қатыса отырып, қызығушылықпен алға ұмтылады. Оқушының ойлары шыңдала түседі. Педагогтер де сапасыз түрлі алғыс хаттар мен мадақтамалар ала бермейтін болады. Білім саласында мұғалімнің және оқушының жетістіктері жүйеге келіп, алдағы уақытта барлық пәндерді қамти отырып, мұғалімдер мен оқушылар қатысатын ақысыз олимпиадалар мен байқауларды көбейтеді деген ойдамын», деген пікірін алға тартты.

Ғаламтордың ғаламатымен қашықтан өткізілетін онлайн байқаулардың дәурені жүргенін өңірлердегі тілшілер де мәселе тұрғысынан көтерді. Өз кезегінде бұл Білім және ғылым министрлігіне оң шешім қабылдауға түрткі болғаны қуантады.

Өйткені көмекейі көрінген күмәнді байқауларға қатысу да, жеңе салу да тым оңай, тым арзандап кеткенін мойындау керек. Ақысын көрсетілген төлем картасына аударып, байқау шартында көрсетілген тақырыпты таңдау арқылы өз туындысын электронды поштаға жолдаса болғаны. Одан әрі межелі уақыт жеткенде оқушы мен жетекшісіне арнайы Алғыс хат жолданады. Қысқасы, ақшасын төлеген оқушының ешбірі елеусіз қалмайды. «Жеңімпаз» екендігін дәлелдейтін бір жапырақ қағазын алады. Дегенмен, байқау, білім сайысы, тіпті жарыстың қандай түрі болса да, кіл мықтылар күш сынасатын орта емес пе еді?!

Осы мәселеге қатысты Шымкент қаласы «Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназия» КММ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлфара Бегжановадан пікір сұрағанымызда: «Республикамыздың бас ұстазының айтқан пікірі, негізінен, орынды. Бірақ қалың ұстаздар қауымының өлшеусіз еңбегі еленбей жатқанына олар кінәлі емес қой?! Әсіресе, аттестаттау кезінде жетістігіңіз (оқушыңыздың, өзіңіздің), БАҚ-та жарияланған материалдарыңыз деген секілді талаптар қойылып, жинақталған портфолиосы қайтарылып жататынына да куә болып жүрміз. Міне, осындай қисапсыз кедергілерді жеңу үшін оқушыны да, өзі де ақылы байқауларға қатысуға мәжбүр мұғалімді қалай кінәларсыз?! «Солай етуге қақымыз бар ма?», деп ойланып та жатқан жан жоқ. Осындай кедергілер мұғалімнің жүйкесін жұқартып-ақ жіберері даусыз және жасырын да емес. Республика бойынша барша мұғалімнің БАҚ-та жарияланым жасай беруі де көңілге қона қоймайтын жайт екенін мойындау керек қой. Айналып келгенде, барлық нәрсе қаржыға келіп тіреледі. Жоғарыда айтылған кедергілерден өтудің жолын мұғалім осылай шешуге мәжбүр. Жергілікті кәсіподақтың да мадақтаулары есепке алынбайтынын естігендегі мұғалімнің көңіл күйін өзіңіз-ақ бағамдай беріңіз.

Аудандық, қалалық, аймақтық, республикалық дәрежедегі сайыстар, олимпиадалар, шығармашылық сайыстарға, байқауларға күллі оқушылардың қатысуы да бірдей деңгейде емес. Әрбір ұстаз еңбегі дер кезінде әділ, шынайы бағаланып жатса, ұстаз мұндай қитұрқылыққа ешқашан бармаған болар ма еді?! Әрбір сайыста оқушысы жеңіске жеткен кезде, оқушы еңбегі марапатталады да, ұстаз еңбегі еленбей қалып жатады. Аттестаттау кезіндегі талаптар орынды қойылса, бәлкім, мұндай ақылы байқауларға қатысуды доғарар ма еді. Мен өз ойымды тұшымды жеткізе алдым ба, білмеймін, бірақ бұл пікірлерге қосылатын ұстаздар көп деп ойлаймын. Зейнеткерлікке шыққанға дейін бір марапат алмай, құттықтау сөз естімей-ақ, сол зейнеткерлігіне шығып жатқан ұстаздарды да көріп жүрміз. Сайып келгенде, ұстаз еңбегін марапаттаудың өзгеше жолын қарастыру керек секілді», дейді.

Жоғарыдағыдай тәжірибелі, өз ісінің бүге-шігесіне дейін білетін ұстаздардың ұстанымына біздің қосып-аларымыз жоқ.

Ақылы байқаулардың артында, әрине ақша тұр...

 

АЛМАТЫ