Руханият • 11 Ақпан, 2021

Жанғали Жүзбай: Дала күйшілерінің үлгі-мәнерін үйрендім

1235 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

– Биыл алпыс жасқа толған екенсіз. Көңіл күйіңіз жақсы ма?

– Алпыс – өткенге есеп беретін жас екен. Осы уақытқа дейінгі кезеңімді еске алсам, маңызды дейтіндей ешнәрсе істемеген екем. Әйтеуір жастықтың жалынымен өнерге талаптандық, күй деген киелі дүниеге ғашық болдық. Дәулескер күйшілерге еліктедік, «болмасаң да ұқсап бақ» дегендей, солар шерткен күйдің қайырымын қал-қадерімізше көкірекке тоқуға тырыстық. Жастық ауанымен әрненің басын бір шалған әурелі күндеріміз де көп болды.

Театрға музыка жазу, оркестр-ансамбльдерге ән-күй лайықтау сияқты қосалқы әуесқойлықтарым да көп болды. Қиын заманда ақша табу үшін аудармамен де айналыстық. Әйтеуір тыныш жүрмеймін, нәсіп еткеннің бәріне шүкірлік етем, оның бәрі өмірдің сынағы шығар. Кейінгі кездері мақала жазуға да бейімім ауып жүргенін айта кетейін. Біршама отандық ғылыми журналдарға зерттеулерім шықты. Ішінде тәуір бағаланғандары да, сынға ұшырағандары да бар. Қазір Қазақ ұлттық өнер университетінде ұстаздық етіп жүрмін. Мамандығымның талабына сай бірсыпыра күй жинақтарын, хрестоматияларды кітап етіп шығарған жағдайым бар.

– Алғаш домбыраның әліппесін әкеңіздің туған ағасы Сейітханнан үйреніп, кейіннен Сүгір күйшінің немере інісі Ботабағардан, содан соң Атабек күйшіден тәрбие алды деген деректі көзіміз шалды. Шеберлігіңізді біршама толыстырып барып Төлеген Момбеков пен Генерал Асқаровтың мектебіне келуіңіз бұл өнердің кісіге оңайлықпен қона кетпейтінін аңғартса керек. Асқар Сүлейменов: «Менің ойымша Сүгірдің аруағы бір-ақ адамға – Генерал Асқаровқа қонған. Ол аз десеңіз айтайын, Генерал – тіріліп келген Сүгір» деген екен. Соған қарағанда, ұстаздан жолыңыз болған сияқты. Солай ма?

Біздің әулеттің бетке ұстар күйшісі Сейітхан Әлімбеков еді. 1975 жылы шыққан «Қаратау шертпелері» (авторы Ж.Иманәлиев пен М.Айтқалиев) деген кітапқа авторлық күйлері шыққан. Сейітхан көкем менің әкем Әлімханмен бір туысады. Екеуі де дәулескер еді, Сүгірдің көзін көрген, тәлімін алған ізбасарлары қатарында аттары аталады. Сол Сейітхан әкеміз күй шерткенде бізге домбырасының құлағын тістетіп қоятын, домбыраның қоңыр үні сүйегіне сіңе берсін дегені шығар. Бір тартқанын екі қайталамайтын сертшіл күйші еді. Сондықтан домбыраның үнін жастайымыздан жанымызға сіңіріп өстік. Мен даланың ұлы салтымен атам Жүзбайдың тәрбиесінде болдым, яғни айдарымнан жел есіп, айтқаным екі болмай, еркін өстім.

Есейе келе Қаратау өңіріндегі атақты күйшілер – Төлеген Момбеков, Файзолла Үрмізов, Ергентай Борсабаев, Генерал Асқаровтардың күйшілік өнерлеріне қанықтым, соңдарынан ере жүріп күй тыңдаудан жалықпадым. Шынымды айтайын, әуелде күйшілік жолды қуам деген мақсат-мұратым болған жоқ, себебі Төлеген, Генерал секілді алыптардың шертісін көргеннен кейін ақыл-есі дұрыс кісі домбыра ұстауды мүлде ойламас еді, тыңдағанына ғана тәубе дер еді. Күй солармен басталып, солармен бітетіндей көрінетін маған. Тәкен Әлімқұлов бұл екеуін «Қаратаудың қос қыраны» деп атаған екен, аралас, сырлас болған.

Сүгір әулетінің ішіндегі күй қонғаны – Ергентай Борсабаев, ол Сүгірдің шалқымаларымен қатар Ықыластың қобыз күйлерін де жақсы шертуші еді. Ал Ботабағар ақсақалды қартайған шағында көрдім, тоқсаннан асқан екен. Шежіреші еді, күй тарихын таратудан алдына жан салмайтын. Біркелкі көркем шертетін. Атабек Асылбеков болса Тәкен Әлімқұловтың «Кертолғау» деген хикаятына кейіпкер боп енген мықты күйші болатын, Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, Сүгірмен ауылдас болды. Бақ-талайыма қарай осы аталған далалық күйшілердің бәрінің шапағатын көрдім, үлгі-мәнерін алдым. Ұлылардың алдындағы шәкірттік парызымды атқаруға ниет етіп Төлеген Момбековтің («Толғау» Төлеген Момбековтің туындылары. «Фолиант», Нұр-Сұлтан. 2019 жыл), Генерал Асқаровтың («Назқоңыр». Г.Асқаровтың күйлері. «ҚазҰМА» баспасы. 2014 жыл) күй жинақтарын кітап етіп шығардым.

– Таласбек Әсемқұлов: «Жанғалидың шертісі кей кезде Төлеген күйшінің шертісін елестететін болса, ол оның Төлегенді көп тыңдағанының ғана белгісі. Ұғатын құлақ оның Генерал Асқаровтың табиғатынан тамыр тартатынын бірден ажыратады» деп жазған екен. Өзіңіз бұл туралы не айтасыз?

Таласбек Әсемқұлов өз заманынан оза туған ғұлама еді. Өкінішімізге қарай, өмірден ерте кетті. Ол нағыз күй теоретигі болатын. Күйшіні талғап тыңдайтын, халтураны жаны сүймейтін, ешкімнің беделіне қарамай ішке түйген ойын бетке айта салатын тік мінезі де бар еді. Тәкеңмен 1987 жылы Алматыға оқуға барған жолы таныстым. Аға-іні болып көп сырластық, үлкен концерттерге бірге шығып жүрдік. Мен туралы арнайы жазған бір мақаласы бар. Мені тым әсірелеп жібергендей көрінді, оны кезінде өзіне айтқам. Десем де Тәкең ілтипатына іштей разы болдым. Астана, Алматы мәдениетінен жырақ жүрген мен секілді кісікиік күйшілер үшін бұл мақала мемлекеттік марапат алғанмен бара-бар еді. Менің майдақоңыр шертісіме көңілі толған болуы керек, әйтеуір маған ағалық қамқорлығы көп болды. 1989 жылы бүкілодақтық «Мелодия» фирмасынан шыққан алғашқы күйтабағымның жазылуына тікелей ықпалы болды. Алматыда атағы жер жарған дыбыс операторы Мақсат Мұхитдинов ағаның студиясына өзі алып барып, әйгілі суретші Темір Бегімбеттің қымбат домбырасын қолқалап, «студияға осының үні жақсы жазылады» деп қолыма ұстатқан еді. Тәкеңнің сіз жөнін сұрап отырған мына пікірі содан кейінгі кезеңдерде жазылған болса керек. Әрине, өзіңнің сырың өзіңе аян ғой, мен Төлеген, Генерал сияқты ағаларымнан күй үйренгеніммен, олардың мәнерін дәл қайталай алмадым. Өзімнің туабітті майдақоңырымды қанағат тұттым. Солай болса да Таласбек Әсемқұловтың пайымына төтен пікір айту қиын, шынында менің орындауымда ескі шертістің ауыс-жұғысы болса керек. Тәкең соны таныған шығар, себебі ол аса зерделі күй білгірі болатын.

– Сүгірдің техникалық тұрғыдан аса күрделі һәм өте сирек орындалатын «Бес жорға» күйін Төлеген Момбеков шебер орындаса, сондай биік деңгейге жете алған қазіргі күйшілерден алдымен өзіңіз аталасыз. Бұл күйді нотаға сүйеніп екінің бірі тарта беруі мүмкін әрине, бірақ байырғы қазақтың күй сарынын сақтап қалғандар өте аз. Мұның сыры неде деп ойлайсыз?

– Сүгірдің «Бесжорғасы» – бес тараулы күй. Өте күрделі, циклды туынды. Екінің бірі тарта бермейді. Төлеген Момбеков грампластинкаға бір ғана тарауын жазған. Ал қалған тараулары «Сүгір күйлері» деген күйтабаққа менің орындауымда жазылды. Бұл күй туралы бір қызық оқиғаны баян етейін. Сексенінші жылдардың соңында менің Сүгір күйлерін тартып жүргенімді Асқар Сүлейменов естіпті. Ол кісінің тәуір домбырашылық өнері бар, оның үстіне Сүгір күйлеріне келгенде аса зерек екенін бұрыннан естуші ем. «Келсін. Тыңдайық. Көрейік» депті. Кабинетіне Таласбек Әсемқұлов ертіп барды. Аман-саулық сұрасқан соң бірден «Бесжорғаны» қолқалады. Сосын «Телқоңырды» сұрады. Жас кездегі арсыз арын бар, ешқандай қысылмастан екі күйді де қайырымын қалдырмай мұқият шертіп бердім. Асекең маған көзінің қиығын да салған жоқ. Ұнатқан-ұнатпағанын да сездірмеді. Таласбек екеуі әдебиет төңірегіндегі соңғы жаңалықтарды талқылай бастады. Біраздан соң маған бұрылып: «Бұл баланың шертісі жақсы, бірақ саусағына нотаның тәрбиесі сіңіп кетіпті. Сондықтан мен жылқының кісінегенін ести алмадым, «Бозайғыр кісінемесе, «Бесжорға» жорғаламаса, «Телқоңыр» оқыранбаса, күй тартып не керек?» деді. Осы әңгіме маған өмірлік сабақ болды. Әлдеқалай пендешіл мақтанға ұрына қалсам Асекеңнің осы сөзі есіме түседі. Айтқаны рас екен. Төлеген тартқанда күйдің өн бойынан тұлпардың дабысы ұрандап тұрады екен. Мектеби мәнер қуалаймыз деп содан айрылып қалады екенбіз ғой. Ғұлама соны сезген. Кейіннен менің күйтабағыма пікір жазған сыншы Төлеген Тоқбергенов ағамен ұшырасқанда естідім, Асқар ағамыз: «Төлеген-ау, мен бір талантты жасты көрдім, қырғын күйші екен, бауырымызға тарта жүрелік» деп мені жатып кеп мақтапты.

– Мырзатай Жолдасбеков ағамыздың: «Мен Жанғалидың күй тартқанын көргенде, Сүгірді көргендей боламын, Төлегенді көргендей боламын. Сүгір де, Төлеген де кеудесімен тартатын еді. Домбыраны қолымен шертеді, кеудесімен сөйлеуші еді. Жанғали осындай құдіретті күйші» деген бағасын оқыдым. Осындағы кеудесімен тарту деген сөздің мағынасы не?

– 2003 жылы Жезқазғаннан елордаға көшіп келдім. Келген соң Кәкімбек Салықов, Ақселеу Сейдімбек, Мырзатай Жолдасбеков, Несіпбек Айтұлы сынды елтұтқа ағаларға сәлем беріп, сәті түссе кеңестерін алып, араласа бастадым. Қамқорлықтарын да көп көрдім. Кәкімбек ағаның үйінде Қаныш Сәтбаевтың домбырасы бар еді, ешкімге ұстатпайтын, бірақ маған шерте тұруыма, үйіме ала кетуіме рұқсат беруші еді. Ақселеу Сейдімбек ағамызбен араласа бастағанымда күй өнері туралы білігім мүлде өзгерді. Күй тарихын таратумен қатар домбыраны да көсіле шертуші еді. «Шертпе күйдің төрт мектебі» деген кітабымды жазарда күй мектептері туралы мәліметтерді Ақселеу ағадан алғанымды үнемі мақтанышпен айтып жүрем.

Ал Мырзатай Жолдасбеков ағамыз Сүгір Әліұлының көзін көрген, Төлеген Момбековпен достық қатынаста болған, күйші қадірін білетін адам. Қаратау өңірінің тумасы болған соң жергілікті күйдің мақам-сарынын өте жақсы біледі. Өзінің де Қаратау шертпелерінің сарынымен шығарған бірнеше тараулы күйлері бар. «Толғау», «Қосбасар» деген күйлері кітаптарға кірген, қазіргі танымал күйшілеріміз Нүркен Әшіровтің, Батырлан Әбеновтің, Ардаби Мәулеттің репертуарларына да енген. Күй тілін түсінетін абыз ағаның мен туралы жазған пікірлеріне разы болып жүрем. Екінің біріне айтыла бермейтін сөз ғой. Менің азғантай қабілетімді бағалаған ағамызға Алланың нұры жауа берсін.

– Өзіңізді жұрт қасиетті Қаратау мен Арқа күйшілік өнер мектебінің бірден-бір насихатшысы, мұрагері ретінде құрмет тұтады. Бұл екеуінің ұқсастығы мен айырмашылығы неде?

– Мен Бетпақдалада туып, Сарыарқада өскен адаммын. Қазақтың көшпелі өмір салты бойынша біздің елдің қазағы жазда Арқаны жайлаған, қыста Бетпақты қыстаған. Сондықтан Қаратау мен Арқаның тұрмыс-салты, мәдениеті ежелден біртұтас. Батыр бабамыз Жиенбеттің, ұлы анамыз Айбикенің сүйегі Арқада жатыр. Атамыз қоныс қылған жер – Шажағай өзенінің аңғары, Ортау, Қызылтау жоталарының етегі. Сарыарқа, оның ішінде Қарағанды, Жезқазған елі шертпе күйдің алтын ордасы екенін қазақ біледі. Менің бағыма қарай Жезқазған музыка училищесінде оқып жүргенімде Арқадағы ел ішінде дәулескер күйшілер көп болды. Солардан өнеге алдым, Мағауия Хамзин, Дәулетбек Сәдуақасов, Орал Исатаев, Ералы Тоқанов, Алпысбай Тұрсынбеков секілді дара домбырашыларды тыңдадым. Әлі күнге дейін Мұхаметжан Тілеухан, Ахат Байбосынов секілді ағаларыммен шығармашылық қатынасымды үзген емеспін. Арқаның сирек орындалатын күйлерін насихаттау саласында біраз еңбектендім, радиоға жаздым, антологияларға енгіздім, әйгілі Аққыздың («Мұңды қыз». Аққыз Ахметқызының күй мұрасы. «Болашақ» баспасы. Қарағанды. 2017 жыл), Қыздарбектің мұрагері Орал Исатайұлының («Мұң Қосбасар». Орал Исатайұлының орындауындағы күйлер. «Кәусар» баспасы. Нұр-Сұлтан. 2020 жыл) күй жинақтарын жарыққа шығардым. Болашақта нәсіп етсе әлі де жоспарларым көп.

– Шертпе күйде қосбасар, толғау сияқты үлгілер кездесетінін, қазақ мұны қоңыр күйлер, қосбасар күйлер деп атайтынын жазып жүрсіз. Бұлар күйдің жанрлары ма?

– Ақселеу Сейдімбектің «Күй-шежіре», «Қазақтың күй өнері» атты кітаптарында күй жанрларының табиғаты жөнінде жақсы зерттеулер жазылған. Әрине, кәсіби музыкалық білімнің дидарымен қарасақ, күй шығарма ретінде жеке аспаптық-музыкалық жанр деп саналады, оларды шығарма ретінде «жанр ішінен жанрға» бөлу күйшілер тарапынан, кейінірек басталды. Шынында шертпе күйде «қосбасар», «толғау», «қоңыр» деп аталатын күйлердің өзіндік музыкалық формасы, әуендік дамуы бар екені рас. Осының ау-жайын болашақта өнертанушылар зерттей жатар деген үміттемін. Шертпе күйдің мектебін саралай зерттеп жүрген ғалымдардың ішінде Раушан Малдыбаеваның еңбектерін оқимын, ол да «қосбасар» мен «қоңырдың» табиғатында қалыптасқан музыкалық мазмұн бар екенін жазады. Түйіндей айтсақ, қазақ күйінің сырына қаныққан жан жоқ шығар, себебі бұл біздің ұлы тарихымыздың бейнесі, көшпелі өміріміздің куәсі, қазақы мінезіміздің көрінісі. Түбінде біздің ұлтты әлемдік мәдениет көгіне көтеретін жалғыз асылымыз осы күй өнері болатын шығар, сірә.

– Тәттімбеттің күй мұрасымен қатар онымен замандас Итаяқтың, Сайдалы Сары Тоқаның, Қыздарбек Төребайұлының, Сембек, Әбди, Мақаш секілді күйшілердің шығармашылығын біркісідей зерттеп, насихаттап жүргеніңізді білеміз. Қазір олардың мектебін жалғастырып жүрген кімдер бар?

– Бұл мектепке еңбегі сіңген күйшілеріміз – Дәулетбек Сәдуақасов пен Орал Исатайұлы, осы екі ардагер арқылы күй арқауы үзілмей жалғасын тапты. Әрине, осы жерде Арқа күйінің насихаты үшін отқа түскен жазушы ағамыз Кәмел Жүністегінің еңбегі зор екенін айту парыз. Дәукеңдерден кейінгі буыннан Қайролла Сәдуақасов, Қалкен Қасымов, Болат Тәкішев, Базаралы Мүптекеев, Саян Ақмолда, Мадияр Сүлейменов, Манап Анықбеков сияқты дәулескерлер де аз еңбек еткен жоқ. Дарынды жастар көп. Бірін айтсаң бірі қалып қояды, сосын ренжімесе де меселі қайтып қалуы мүмкін, әйтпесе ұзын тізімін жасауға болар еді.

Қарағанды қаласында шертпе күйді насихаттайтын күй орталығы ашылған болатын. Оның жетекшісі Қайролла Сәдуақасов бауырым дүниеден өтіп кетті. Қазіргі кезде Қайролланың ізбасарлары, шәкірттері еңбек етіп жүр. Дегенмен сол күй орталығына жаңа серпін керек деп ойлаймын. Бұл ойымды сондағы зиялы ортаға да айтқам.

– Репертуарыңызда жалпы қанша күй бар?

– Мұғалім болған соң репертуарға мұқият боламыз ғой. Білетін күйлердің бәрін сахнаға алып шыға алмайсың. Әр орындаушының өз қолтаңбасы болады, соған орай тыңдаушылары қалыптасады. Соның бәрін екшеп алмаса болмас. Менің репертуарымда негізінен Арқа мен Қаратау күйлері бар, Шығыс Қазақстан мен Жетісу өлкесінің де бірсыпыра елге әуені таныс күйлерін орындаймын. Қазіргі заман күйшілерінің жаңа туындыларын да тартып жүрмін. Осылардың жиын саны 60-70 күйге баратын шығар. Үш ішекті домбыра мен қырғыздың комузындағы күйлерді де шертіп жүрем.

– Әбікен Хасеновтің күйшілік өнері мен «Қоңыр» күйі Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди, Уәли Бекенов, Тәкен Әлімқұлов, Жүсіп Алтайбаев, Ақселеу Сейдімбеков, Өмір Кәріп, Кәмел Жүністегі сияқты бірталай қаламгердің шығармаларына арқау болыпты. Күйші еңбегі хақында өзіңіз де біраз дүние жазған екенсіз. Елді өзіне осыншама ынтызар етерлік «Қоңырдың» не құдіреті бар?

Әбікеннің «Қоңыры» кешегі ашаршылық, қуғын-сүргіннің зары ғой. Теңдесі жоқ туынды. Бұл күйді композиторларымыз оркестрге, хорға түсірсе құдіреті арта түсер еді деп ойлаймын. Осы күйдің шығу тарихы туралы «Егемен Қазақстан» газетіне арнайы мақала жазған едім. Күйшінің мерейтойы қарсаңында жазылуға лайықты ілтипаттан басқаға бара алмадым, себебі Әбікен өмірінің биографиялық ақиқатын әлі ешкім тұтас зерттеген жоқ. Деректер араласып кеткен. Сілтеме жасайтындай ғылыми тұжырым біркелкі емес. Әбікен Хасеновтің өмірі мен шығармашылығы туралы арнайы монографиялық кітап шықса екен деп армандаймын. Менің ойымша, бұл міндетті атқару өнертанушы Ерлан Төлеутайдың ғана қолынан келеді деп ойлаймын. Себебі ол тәжірибелі зерттеуші, өзі Әбікен ауылынан, яғни өлкелік тарихты жақсы біледі.

– Баяғының қазағы күйдің айтып отырған сөзі мен әуезін бірден ұғып отырған. Ал қазіргі қазақтың күй өнері туралы білімі қай деңгейде?

– Құндылықтар ауысқан заман ғой. Солай болғанның өзінде күйшілік өнер өз жолымен өркендеп келеді. «Домбыраның көсегесін эстрадамен көгертейік» дейтіндердің де ентігі басылып қалған. Қазақ жазғы жусанның иісіндей жұпар күйді аңсағанын ешқашан қоймайды. Жас күйшілердің арасында күй қонған дарындар жыл сайын өсіп, көбейіп келеді. Соларға қамқор боларлықтай әлеуетті қоғам жасақтауымыз керек шығар.

– Өзіңіз шығарған бірнеше күйіңізді естуіміз бар. Оның алғашқысы – Кетбұғаның рухына арналған «Кетбұға» күйі. Тағы қандай күйлеріңіз бар?

– Бірсыпыра авторлық шығармаларым бар. Солардың ішінде ел құлағына танысы – «Кетбұға» деген күйім. Бұл жетігенмен, шертермен, қосбұрау домбырамен де орындалды. Жезқазғанда режиссер Мұрат Ахмановтың осы аттас спектакліне арнайы жазғам. Белгілі дирижер Мүсілім Әмзенің өңдеуімен «Отырар сазы» оркестрі де орындаған еді. Кетбұға – тарихи тұлға. 2014 жылы «Ақсақ құлан. Кетбұға бидің күй мұрасы» кітабым жарық көрді. Жошы хан, Алаша хан, Домбауыл жатқан Ұлытау жеріне деген шексіз құрметімнің белгісі болсын деп, сол жинақтың ішіне осы күйімді енгіздім.

– Ұлттық домбыра күні құрметіне өткізілген «Домбыра мәдениеті: дәстүр сабақтастығы және білім берудегі мәселелер» атты онлайн-конференциясы аясында «Домбыра» оқулығыңыз таныстырылған еді. Бұл кітап тек мектеп оқушыларына арналған ба?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2019 жылы Ұлттық домбыра күні мерекесінде: «Өнер – ұлт келбеті» дейді дана халқымыз. Баршамызға ортақ құндылық – домбыраны жан-жақты насихаттап, жас ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды. Домбыра аспабы – қайталанбас асыл дүние. Сондықтан мектепте домбыра үйрену сабақтарын енгізу – қажетті әрі дұрыс бастама. Себебі қазіргі жаппай жаһандану уақытында халқымызға тән бірегей құндылықтарды жаңғырта беруіміз қажет» деген болатын. Осыдан кейін Президент бастамасына орай Халықаралық Түркі академиясы ұжымы осы оқулықтың жобасын қолға алды. Сол жобаға қатысудың сәті туды, жалпы орта білім беретін мектеп оқушыларына арналған оқулық жазылды. Кітаптың білім саласына сұранысы мол болады деп үміттенеміз. Осы жобаға жетекшілік еткен Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі мырзаға алғысым шексіз.

– Қазір не жазып жүрсіз?

– Біраз жоспарлар бар. Бұйырса бір хрестоматиям шығып қалар. Ойға алған жоспарымды жариясыз атқаратын дағдым бар еді. Ең бастысы, елдің амандығы. Жаман тұмау тезірек сейілсе, күй шертіп көрерменмен қауышсақ деген тілегім бар.