Әлем • 12 Ақпан, 2021

Тарихтағы алғашқы сәтті ота

266 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нью-Йорк дәрігерлері бет және қол трансплантациясы бо­­йын­ша әлемдегі алғашқы сәтті отаны жасады. Науқас – 22 жас­тағы Джо Димео 2018 жылы көлік апатына ұшырап, денесінің 80 па­йызын күйік шалып, қолдарынан айырылған.

Тарихтағы алғашқы сәтті ота

Медицина тарихында бет трансплантациясы бойынша бір­неше ота жасалған. Дегенмен, бү­гінге дейін жақсы нәтиже бер­­гені тіркелмепті. Кейінгі ота Фран­цияда жасалған. Алайда науқас көп ұзамай қайтыс болған.

Джо Димео Нью-Йорктегі фармацевтикалық компания­да лаборант болып қызмет етеді. 2018 жылы түнгі ауысымнан шығып, үйіне беттегенде қалғып кетіп, апатқа ұшыраған. Салдарынан Джоның денесі күйіп, ерін, қабағы мен қолынан айырылды. Бұған дейін де ол 20 пластикалық ота жасатыпты. 2019 жылы оны Нью-Йорк университетінің медицина орталығына жіберген. Арада бір жыл өткенде жақсы жаңалық жетті.

«Мұндай сыйлық өмірде бір-ақ рет болады. Донордың отбасына алғыс айтамын. Менің ата-анам маған екінші мүмкіндік бергені үшін дән риза», деп ағынан жарылды.

«Ота тек науқастың кескінін жақ­сартып қоймай, дене мүше­лерінің дұрыс жұмыс істеуін қам­тамасыз етуі керек болатын. Әсіресе қолының жұмысы қатты алаңдатты», деді бет трансплантациясы бағдарламасының директоры Эдуардо Родригес.

Отадан кейін Джо 45 күн бойы қарқынды терапия бөлімінде бақылауда болды. Тағы екі айын ауруханада өткізді. Онда науқасқа бәрін қайта бастауға тура келген. Көзін ашудан бас­тап, қолымен зат ұстауды да жаңадан үйренуге мәжбүр болыпты. Қазір Джо жаттығу залына бара алады, тіпті ас дайын­дауға да кіріскен.

Ем-дом әлі де жалғасып жатыр. Джо күніне 5 сағат физиотерапия алады. Сәтті нәтижені хабарлау үшін дәрігерлер бірнеше ай уақыт күткен. «Біз оның ағзасы жаңа мүшелерін қабылдағанын күттік. Қазір ота жақсы өтті деп айта аламыз», дейді дәрігерлер.

 

Дайындаған

Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Соңғы жаңалықтар