25 Желтоқсан, 2013

Тылсым күштің иесі

1367 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

1992 жылдың жаз айы еді. Бірде аулада тұрған «ДТ-75» трак­то­рының жүргізушісі тракторын от алдыру мақсатында қолына моторды іске қосу жібін алып, оралған жіпті тартып қалғанында от алған трактордың басқару құралдары айырылмай қалғандықтан алға жүріп кеткендігі бар. Жүргізушімен әңгімелесіп, алаңсыз тұрған жас жігіт Манарбек сол сәтте ғана есін жиып, артқа қарай секіріп үлгерді. Бірақ трактордың алдыңғы жағында тұрған Манарбектің бір аяғының тобықтан алғы башпайларының үстін трактордың шынжырлы табаны жаншып өте шықты.

1992 жылдың жаз айы еді. Бірде аулада тұрған «ДТ-75» трак­то­рының жүргізушісі тракторын от алдыру мақсатында қолына моторды іске қосу жібін алып, оралған жіпті тартып қалғанында от алған трактордың басқару құралдары айырылмай қалғандықтан алға жүріп кеткендігі бар. Жүргізушімен әңгімелесіп, алаңсыз тұрған жас жігіт Манарбек сол сәтте ғана есін жиып, артқа қарай секіріп үлгерді. Бірақ трактордың алдыңғы жағында тұрған Манарбектің бір аяғының тобықтан алғы башпайларының үстін трактордың шынжырлы табаны жаншып өте шықты.

Әп-сәтте болған оқиға. Көк түтінді будақтатып от алған шынжыр табанды трактор алға қарай өңмеңдей секіріп алды да кенеттен өшіп қалды. Жүзі қудай болып қуарып кеткен трактордың жүргізушісінде ес жоқ, сопиып тұрып қалған. Манарбек болса дін аман, аяғының башпай үстін таптап өткен трактордың шынжыр іздері қызара сызат түсірген жолақтарға аң-таң қарап тұр. Сүйектері сынбаған, аман. Ғажап жағдай. Бұл не болғаны? Қандай күш, небір тылсым дүние өзін аман алып қалды?! Бұл тағы жұмбақ нәрсе. Әйтеуір, періштесі қағып жымпитылық жас жігіт Манарбек Жұмағалиев бұл оқиғадан аман қалды.

Осы оқиғадан соң Манарбектің басынан үйдің төбесінен абайсызда құлап түсу, «КамАЗ» көлігінің есігінен қатты бұрылыста ұшып кету, мотоциклден аударылу сәттері болса да дене сүйектеріне, терілеріне ешқандай зақымдар келмеу деректері болғандығын таңданыспен айтқан жөн.

Манарбек Жұмағалиев Жымпиты ауылының тумасы. Өнерлі отбасында тәрбиеленген Манарбектің әкесі Лұқпан халықтық театрдың өрге басуына бір кісідей үлесін қосқан кәнігі режиссер, театрдың тарланы болса, қарындастары да мың бұралған бишілер.

– Менің нағашы аталарым Әли, Рысалы өте аруақты адамдар болған көрінеді. Бәлкім, менің бойыма алапат күш - қуаттар осы аталарымнан дарыған болуы да керек. 1997 жылы отбасымызбен көмір уына уланып, орталықтағы ауруханада үш күн бойы ессіз жаттым. Сонда ессіз жатып, анабір дүниенің де табалдырығына барған кезімде небір елестердің бойды билегені бар, – дейді Манарбек сөз арасында әңгімесін өрбітіп.

Манарбектің бойындағы тылсым күштің қуаты алғаш рет 2000 жылы Қособа ауылындағы клубтың сахнасында халықтың жүрегін дір еткізерлік кейбір көріністерді көрсетуден бас­талды.

Бертін келе Манарбек төсіне кірпіш тас қойдырып, үлкен балғамен сындырту, сынған әйнектің, шегенің үстіне жалаңаш денесімен жату, әйнектің үстінде сазды әуен ырғағымен билеу, өткір пышақ, балтамен денесін, башпайларын кескілеу сияқты адамның денесін түршіктіретін көріністерді сахна арқылы көрсетуді қолға алды.

Тіпті, осы көріністерді Манарбек Жұ­ма­ғалиев ұлттық өнер, салт-дәстүрді насихаттау бағытында ұйымдастырылған Зеленов ауданындағы «Аймақтар аламаны» атты облыстық өнер сайысында, Жымпиты ауылында өткізілген «Дарындылар додасы» атты облыстық өнер сайысында, жақында ғана облыс орталығында тойланған қала күнін мерекелеуде көрермендер алдында жайып салып, оларды ерекше қасиеттерімен таң-тамаша еткені бар.

– Өзім сахнаға ешқандай әзірліксіз шы­ғамын. Әйтеуір, Жаратқан иенің бір тылсым күші итермелеп, арқам, алақаным еріксіз түрде қызып, бойыма күш-қуат бітіп тұратындығы рас. Дене қимылдатып, жұмыс істемесем ауырамын. Ине сабақтап, жаңажылдық, ұлттық костюмдер тігемін, ою-өрнектерді таза табиғи түрде қолмен жасаймын. Сондай-ақ, ағаштан түрлі мүсіндерді ойып жасайтын өнерім де бар, – дейді Манарбек ағынан жарыла.

Иә, бойында өнер дарыған осы бір 42 жастағы жігіт Манарбек бүгінде қай жерде жұмыс болса, сонда барып, өзінің нәпақасын тауып тұр.

Ал сахнаға шығып, адам баласының бойын үрейге толы қорқынышты көріністерімен әп сәтте-ақ еріксіз баурап алатын Манарбекке әзірге тұрақты жұмыс болса таптырмай жүр. Таңғажайып өнерімен көпшілікке танылып үлгерген Манарбекті өнердегі басшылық тұлғалар «дефицитке» айналғанда ғана іздес­тіретіндері бар. Сонда «дефицитке» айналған Манарбектің тылсым өнерінің әрмен қарай дамуы, насихатталуы тасада қала бермек пе?!

Мүсірбек АЙТАШЕВ.

Батыс Қазақстан облысы. 

Соңғы жаңалықтар