Аймақтар • 12 Ақпан, 2021

Түсіндіру жұмыстары жалғасуда

290 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сыр өңірінде індеттің жаппай таралуының алдын алуға қатысты іс-шаралар жоспарға сай атқарылып жатыр. Соңғы күндердегі эпидемиялық ахуалға тоқталар болсақ, індет белгі берген уақыттан бастап бүгінге дейін 3 675 науқас тіркеліп, оның 3 551-і емделіп шыққан. Соңғы тәулікте бойынан вирус белгісі табылған тағы 9 адам анықталды. Оның төртеуі облыс орталығынан болса, Қазалы мен Сырдария аудандарынан – екеуден, Шиеліден 1 адам тіркеліп отыр. Осы күні инфекциялық стационарда 27 науқас бар, оның екеуі жансақтау бөлімінде ем қабылдауда.

Түсіндіру жұмыстары жалғасуда

Қазір өңір «жасыл аймақта» тұр. Эпидахуал күрделенген жағдайда стационарлар мен жедел жұмылатын меди­ци­налық-санитарлық мекемелер сай тұр. Фильтр кабинеттері, телефонмен кеңес беру де қарастырылған. Сондай-ақ үй жағдайында қызмет көрсету үшін қо­сым­ша автокөліктер саны нақтыланды.

Эпидмаусым басталғалы бері 205 142 сынама алыныпты. Кеше зертханаға 1 309 сынама тапсырылды, мамандар оның 596-сын тексеріп үлгерді. Адамның бо­­йында дерт белгісі бар-жоғын анықтайтын тесттер облыстық фтизиопульмонология орталығы, Ұлттық сараптама орталығы, «ИНВИВО» мен «ОЛИМП» клиникалары, Арал обаға қарсы лабораториясы арқылы тексеріледі.

Осы жылғы 1 ақпаннан Қызылордада да COVID-19 инфекциясына қарсы егу жұмыстары басталғаны белгілі. Сол күні ресейлік Спутник V вакцинасының 1 мың дозасы жеткізіліп, медицина сала­сының қызметкерлері, оның ішінде қа­былдау, жұқпалы аурулар, жансақтау және хирургиялық бөлім мамандарына егіле бастады. Екпе қаладағы №1, №3, №6 ем­ханаларында жүргізілуде.

Алдағы уақытта мұғалімдерге және жұқтыру қаупі жоғары саналатын сала өкілдеріне де салынады. Әзірше вакциналау облыс орталығында ғана жүргізілуде. Жалпы, бастапқы жоспар бойынша облысқа 80 мың доза вакцина кезең-кезеңімен әкелінеді.

Алғашқы он күннің қорытындысы бойынша 640 тұрғынға екпе жасалғаны белгілі болып отыр. Олардың 617-сі – денсаулық сақтау саласының мамандары. Екпе алғандардың барлығы дәрігерлер бақылауында, денсаулық жағдайларына шағымдары жоқ.

– Облыс бойынша медицина ұйым­дарында 154 екпе кабинеті бар. Соның ішін­де коронавирус инфекциясына қарсы вакциналауға 32 екпе кабинеті мен 12 жылжымалы егу бригадасы дайын­далды. Осы кезге дейін вакцина сал­дыр­ғандар арасында шағым болған жоқ. Денсаулықтары тұрақты бақылауда, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов.

Егу жұмыстары басталғалы бері денсаулық сақтау басқармасы мен санита­рия­лық-эпидемиологиялық бақылау депар­таменті мамандары қауырт қимылға көш­кен. Мамандар екпе барысын ұдайы қадағалап, БАҚ өкілдерімен кездесу өткізуді жиілетті. Ал медициналық ұйым­дар­да вакциналаудың маңызы туралы түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілуде. Бұл алдағы уақытта жалғасын табады.

 

Қызылорда облысы