Руханият • 12 Ақпан, 2021

Депутаттар қайырымдылық жасады

505 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысы Келес аудандық мәслихатының депутаты Мұхтар Әбдімәлік әлеуметтік жағдайы төмен 100 отбасына азық-түлік таратуға демеушілік жасады. Ата-бабамыздан қалған асыл қасиеттердің бірі – қайырымдылық қағидаттары әлемді шарпыған аты жаман індетпен күрес, аурудың алдын алу кезеңінде жарқын көрініс тапты. Туған жеріне жанашыр, жаны жомарт жандар көмекке мұқтаж адамдарға қол ұшын беріп келеді. Көмектер қаржылай және азық-түліктей көрсетіліп, атымтай азаматтар елдің алғысын алуда. Жастардың да бұл игі істе белсенділік танытып жүргені қуантады.

Депутаттар қайырымдылық жасады

Аудандық мәслихаттағы ең жас депутат, 22-ге енді толған азамат ел алдында берген уәдені орындау басты мақсаты екенін айтады. «Қайырымдылық – халқымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі, ізгіліктің көрінісі. «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» дейді дана халқымыз. Сонымен қатар қайы­рым­дылықты жақсылық жасаумен балап, оны имандылықтың, сүйіс­пеншіліктің, тәрбиеліктің, пара­сат­тылықтың айқын көрінісі деп білемін. Елдің қолдауымен Nur Otan партиясының праймеризі әрі жас­тар квотасы арқылы мандатқа ие болдым. Мақсатым – ел сенімін ақтау. Партия бағдарламасындағы міндеттерді орындауға бар күш-жігерімді саламын», дейді Мұхтар Аманкелдіұлы.

Азық-түлік пен тұрмысқа қажетті заттар салынған қораптарды Келес аудандық Жастар ресурстық ор­та­лығының өкілдері мен Jas Otan жастар қанатының ерік­тіле­рі тұрғындарға таратып берді. Кө­мек алған тұрғындар депутат пен жергілікті имамдарға, ерік­ті жас­тарға ризашылықтарын білдір­ді. Бұл игі істі Қазақстан мұсыл­ман­дары діни басқармасының «Тайқазан» жобасы аясында «Келес-Абай» қайырымдылық қоры ұйым­дастырғанын да айта кетелік.

Сондай-ақ жуырда Созақ аудан­дық мәслихатының депутаты, жеке кәсіпкер Бағлан Сүгір­баев Шолаққорған ауылының аз қамтылған, асыраушысы жоқ, мүм­кіндігі шектеулі жандары бар отбасы­ларына көмек көрсетті. Жомарт жан 50 отбасыға 1 тоннадан көмір түсіріп берді. Дәлірек айтсақ, 35 шаңыраққа көмір түсіріп берсе, 15 отбасының әрқайсысына отын алатын қаражат ұсынды. Үйлерге қатты отынды үлестіріп, таратып беруге аудандық Жастар ресурстық орталығының жанынан құрылған Valu» еріктілер ұйымы көмектесті. Қысы қаталдау келетін теріскейлік тұрғындар депутат пен ерікті жастарға ризашылықтарын білдірді.

Айта кетелік, қазіргі күнге дейін Түркістан облысында барлық дең­гей­де­гі мәслихаттардың жаңа депутаттары 70 кездесу өткізіп, 214 тұрғынның өтініштері мен талап-тілектерін қа­был­дап үлгерді.

 

Түркістан облысы