Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада түрколог-ғалым, жазушы, аудармашы, Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Күлтегін атындағы сыйлықтың лауреаты, Еуропаның Франс Кафка алтын медалінің иегері Немат Келімбетовті еске алу кеші және үш томдық шығармалар жинағы мен шетел тілдерінде басылып шыққан кітаптарының тұсаукесер рәсімі болып өтті.
Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада түрколог-ғалым, жазушы, аудармашы, Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Күлтегін атындағы сыйлықтың лауреаты, Еуропаның Франс Кафка алтын медалінің иегері Немат Келімбетовті еске алу кеші және үш томдық шығармалар жинағы мен шетел тілдерінде басылып шыққан кітаптарының тұсаукесер рәсімі болып өтті.
Ең алдымен, ғұмырында тап келген қиыншылықты аса зор шыдамдылық пен төзімділік арқасында жеңе біліп, артында өнеге қалдырған дарабоз дарын Немат Келімбетов ғалымдық пен жазушылықты қоса арқалап, 1974 жылы «Шәді ақын» атты тұңғыш зерттеулер еңбегін жарыққа шығарса, одан кейін «Үміт үзгім келмейді» атты хикаясын, «Жарлы емеспін, зарлымын» атты повестер жинағын, «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі», «Шығыстың классикалық поэзиясы және қазақ әдебиеті», «Ежелгі дәуір әдебиеті» сияқты кітаптарын қалың оқырманға ұсынды.
Ғалым-жазушының ерен еңбегін академик Сейіт Қасқабасов: «Немат Келімбетов сонау 1980 жылдардан бастап ежелгі әдебиетіміздің тарихын үңіле де тереңдей зерттеген айтулы ғалым болды. Ол әдебиетіміздің ерте дәуірін тәңірлік және исламдық деп екі үлкен кезеңге бөліп, қазақ сахарасында исламға дейін де жоғары дамыған мәдениет болғанын көрсетті» деп түйіндесе, филология ғылымдарының докторы Қансейіт Әбдезұлы: «Немат ағамыздың ғылыми еңбектері мен әдеби кітаптарының әлем тілдері саналатын – түрік, қытай, неміс тілдеріне аударылуы – бұл ең алдымен қазақ руханиятының жемісті жеңісі деп білемін. Демек, көрнекті жазушы-драматург, түрколог-ғалым Немат Келімбетовті қазақ оқырманы ғана емес, әлем мойындаған қаламгер деп бағалағанымыз жөн» деп шынайы бағасын берген болатын.
Іс-шара барысында ресейлік жазушы, «Художественная литература» баспасының директоры Георгий Пряхин, сенатор, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, Әзербайжаннан келген меймандар Чингиз Алиоглы мен Эльхан Зал Гараханлы, Түркиядағы Мимар Синан университетінің профессоры Әбдіуақап Қара, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдық, Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижан, халықаралық түркі академиясының президенті Шәкір Ыбыраев, академик Ғарифолла Есім, жазушы Смағұл Елубаев, филология ғылымдарының докторы Диқан Қамзабекұлы, елші Бақтияр Тасымов, Немат Келімбетовтің ұлы Қайрат Келімбетов және басқалар Немат Келімбетов жайлы естеліктер айтып, тұсауы кесіліп отырған кітаптар жөнінде пікірлер білдіріп, алып келген сый-сыяпаттарын Ұлттық кітапхана мен жазушы ұрпақтарына табыстап, ендігі алдағы атқарылар іс-шаралар туралы өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Берік САДЫР,
«Егемен Қазақстан.