Осынау тұсаукесер аясында Мемлекет басшысының сыныптастары және Қарасай ауданынан келген ұстаздары мен бір топ ауылдастары оңтүстік астана жұртшылығымен кездесіп, қуанышты оқиғаға орай емен-жарқын әңгіме тиегі ағытылды. Негізінен алғанда, бұл кездесу Нұрсұлтан Назарбаевтың орта мектепті бітіруінің 55 жылдығына арналыпты.
Осындағы соғыс және еңбек ардагерлеріне, басқа да меймандарға әсем безендірілген «Елбасы сыныптастары» кітабының бір-бір данасы көзайым етіліп сыйға тартылды. Бір шолып шыққан адамның өзі-ақ бұл басылымның ерекше құндылығына, баурап алар тартымдылығы мен мазмұндылығына бірден назар аударып, көз жеткізері анық.
Осынау тұсаукесер аясында Мемлекет басшысының сыныптастары және Қарасай ауданынан келген ұстаздары мен бір топ ауылдастары оңтүстік астана жұртшылығымен кездесіп, қуанышты оқиғаға орай емен-жарқын әңгіме тиегі ағытылды. Негізінен алғанда, бұл кездесу Нұрсұлтан Назарбаевтың орта мектепті бітіруінің 55 жылдығына арналыпты.
Осындағы соғыс және еңбек ардагерлеріне, басқа да меймандарға әсем безендірілген «Елбасы сыныптастары» кітабының бір-бір данасы көзайым етіліп сыйға тартылды. Бір шолып шыққан адамның өзі-ақ бұл басылымның ерекше құндылығына, баурап алар тартымдылығы мен мазмұндылығына бірден назар аударып, көз жеткізері анық.
Ғибратты кітапқа қысқаша тоқталар болсақ, ең әуелі онда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қаскелеңдегі Абай атындағы қазақ орта мектебін бірге бітірген сыныптас достарының естеліктері жинақталған. Ол естеліктерде Нұрсұлтан Әбішұлының балалық және жастық шағы, мектептегі және одан кейінгі өмірі туралы, болашақты бастап берген балалық шақ жайында риясыз баяндалады. Сондай-ақ, мұнда олар білім алған мектептің тарихы, «Шапағат» тарихи-өлкетану мұражайының тәрбие ордасы ретіндегі шертетін шежірелі сырлары туралы әсерлі әңгімеленген. Болашақ Елбасына сабақ, тәлім-тәрбие берген Сейітхан Исаев, Әсет Асқаров сияқты ұстаздары да сөз алыпты. Елбасының қадірлеген «бес жұрты» хақында жазушы Бейбіт Сапаралы толғанады. Сонымен бірге, сыныптастардың мектепте оқып жүрген кездегі, кейінгі кездесулер тұсындағы жарқын сәттерді бейнелейтін қаншама құнды суреттер көркем кітаптың беттерінен нұр шашып, тарихымыздың сан алуан белестерін бедерлей көрсетіп, паш етіп тұрғандай.
«Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрген осы ақжолтай кітаптың алғашқы бетінде айшықталған Елбасы толғамы әркімге-ақ ой салғандай. Ол қандай сөздер десеңіз: «Туып-өскен жер ыстық қой, дүниенің қай түкпірінде жүрсем де, туған елім, туған жерім ешқашан да есімнен шыққан емес. Қаскелең мен Шамалғанның дәл үстінен ұшып бара жатқанда жүрегім лүпіл қағып, ерекше сезімге бөленемін» дейтін ізгі аңсар-мұрат, перзенттік кәусар махаббат баршамызға ыстық, жанымызға жақын емес пе?! Қазақ елінің қазіргі де, келешектегі де жастары осындай ұлағаттан үлгі алары да сөзсіз. Кездесуге қатысушыларға құттықтау хат жолдаған «Нұр Отан» партиясының хатшысы, республикалық «Ақ орда» қозғалысының төрағасы Қайрат Сатыбалды Елбасының нақ осындай отаншылдығын, туған жерге деген перзенттік керемет сүйіспеншілігін баса көрсетуі де содан болар.
Жиналғандар Нұрсұлтан Назарбаевтың туған жерде болған кездері туралы деректі фильмді ерекше ықыласпен тамашалады. Содан кейін сыныптастарға білім берген ұстаздар: оқу ісінің меңгерушісі Сейітхан Исаев, химия және биология пәндерінің мұғалімі Әсет Асқаров зор қошеметпен сахна төріне шақырылды. Бүгінде 94 жасқа келіп, соның 50 жылдан астамын ұрпақ тәрбиесіне арнаған Ұлы Отан соғысының ардагері Әсет Асқарұлы аталмыш кітапта «Тәуелсіз ел болашағының жарқын болуына теңдессіз еңбек етіп жүрген баламыз Нұрсұлтанға мол бақыт тілеймін. Мәртебең биік болсын, Алла денсаулық пен өмір берсін!» деп жазыпты.
Зал толы жұрт осыдан соң КСРО халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, КСРО және Қазақстан Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты Бибігүл Төлегенованы жылы қарсы алды. «Балалық шағымның аспаны» кинофильмінде Тұңғыш Президенттің әжесінің рөлін тамаша мүсіндеген сүйікті әншіге деген халық құрметі де еселеп өсе түскендей.
Кездесуге Мемлекет басшысының 29 сыныптасы келген екен. Олардың бәрі осынау бірегей кітаптың әрі авторлары, әрі кейіпкерлері десек артық емес. Сыныптастардың бәріне де салтанатты жағдайда, ілтипатты ықыласпен құрмет көрсетілді. Сыныптастар ел Президентімен мектептің мерейлі мерекелерінде бірге болған жарқын күндерді, сондай-ақ, болашақ Елбасымен бірге оқыған сонау жылдарды бір қимас сағынышпен естеріне алды. Кеңесбай Байбосынов, Рая Сиразитдинова, Күләш Әмірова, Едіге Жүнісбеков, Сайлаубек Қыдырәлиев, Жомарт Сексенбаев және басқалары жас Нұрсұлтанның сол кездегі тумысынан дарыған ерекше дарын-қабілеттерін атап көрсетті. Ол оқуды үздік оқыпты, комсомол жастардың көшбасшысы болып, қоғамдық жұмыста да, көркемөнерпаздар үйірмесінде де, спортта да топ жарып отырыпты. Елбасының жастық шақтағы осы және басқа да қасиеттері сыныптастар шығарған ғибратты кітапта кеңінен баяндалады.
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы.