Қазақстан • 12 Ақпан, 2021

«Nur Otan» партиясының сайлау бағдарламасын жүзеге асыруға жауаптылар айқындалды

169 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мәжілістегі «Nur Otan» партиясы парламенттік фракциясының кеңейтілген отырысында палата спикері Нұрлан Нығматулин партиясының сайлау бағдарламасын жүзеге асыруға жауаптыларды атады, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Nur Otan» партиясының сайлау бағдарламасын жүзеге асыруға жауаптылар айқындалды

«Жол картасы партиямыздың сайлауалды бағдарламасының мақсаттарына қол жеткізудің нақты жолдарын қамтиды. Бұл жерде халықтың барлық санатының мүддесі ескерілген. Кішісінен бастап үлкеніне дейін барлығы қамтылып отыр. Бұл – әлеуметітк қамсыздандыру, денсаулық сақтау, білім беру, өнеркәсіп, ШОБ. Олардың барлығында нақты қадамдар жүзеге асырылып, балалар мен әйелдерге де назар аударылған. Жол картасынң әрбір тармағының орындалуына қатаң бақылау қажет», - деді Нұрлан Нығматулин. 

Мәжіліс спикері бұл ел басшылығының тапсырмасы екендігін айтты.

«Біз осынау Жол картасының орындалуына мониторинг пен бақылауға, үйлестіру мен бақылауға басымдық жасауымыз қажет. Ең алдымен үш тараптан үйлестірушілер айқындалған. Үкімет тарапынан – Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов, біздің фракция тарапынан – Мәжіліс төрағасының орынбасары, фракция жетекшісінің орынбасары – Павел Казанцев, орталық аппарат тарапынан – партия хатшысы Марат Сембеков. Бұған қоса, бақылау деңгейлер де нақты бөлінген. Орындалуының қазіргі мәртебесіне тұрақты бақылау болады. Яғни, әрбір кезекті жылдың басында, демек ақпанда. Сайлауалды міндеттемелердің орындалуы бойынша өткен жылдың қорытындысы шығарылып отырады. Әр жылдың ақпанында, статистиканы алғаннан кейін оны фракция жиынында қарап, өткен жылдағы сайлауалды бағдарламаның орындалуын талқылаймыз. Партиямыздың көшбасшысына, жалпы Қазақстан халқына қандай нәтижелерге қол жеткізілгендігі, қандай тәуекелдер туындағаны жайында есеп береміз», - деді Нұрлан Нығматулин.