*Сирияның Алеппо қаласында тоғыз күнде бомбалау салдарынан 330-дан астам адам опат болған. Олардың 99-ы балалар болса, 30 шақтысы әйелдер және 30 шақтысы бүлікшілер көрінеді. Сирия президенті Башар Асадтың әскерлері оппозиция басып алған Алеппо қаласын 15 желтоқсаннан бері бомбалау үстінде. Бұл мәліметтерді «Франс-пресс» агенттігі таратты.
*Сирияның Алеппо қаласында тоғыз күнде бомбалау салдарынан 330-дан астам адам опат болған. Олардың 99-ы балалар болса, 30 шақтысы әйелдер және 30 шақтысы бүлікшілер көрінеді. Сирия президенті Башар Асадтың әскерлері оппозиция басып алған Алеппо қаласын 15 желтоқсаннан бері бомбалау үстінде. Бұл мәліметтерді «Франс-пресс» агенттігі таратты.
*Бұрнағы күні 95 жасқа қараған шағында атақты АК-47 автоматын жасап шығарған Михаил Калашников өмірден озды. Оны жерлеу рәсімі 26 желтоқсан күні Ижевск қаласында өтеді. Бұл туралы Удмуртия президенті Виктор Чулковтың баспасөз хатшысы хабарлады. 1947 жылдан бері әлемде АК автоматының түрлі модификациядағы 70 миллионнан астам данасы шығарылыпты.
*Америкалық Эдвард Сноуден өзінің алдына қойған миссиясы орындалды деп есептейді. АҚШ-тың арнайы қызметтерінің жағымсыз іс-әрекетін жария еткен бұрынғы барлау басқармасының қызметкері бұл туралы «Вашингтон пост» газетіне берген сұхбатында мәлімдеген. Оның айтқандары АҚШ-та ғана емес, шетелдерде де үлкен резонанс туғызған болатын.
*Ресейдің стратегиялық бағыттағы зымыран әскерлері «Плесецк» космодромында РС-24 «Ярс» деп аталатын құрлықаралық баллистикалық зымыранды сынақтан өткізді. Үш сатылы аталған зымыран «Тополь-М» зымыранының базасында жасалыпты. «Ярс» 11 мың шақырым қашықтықтағы нысананы жоюға қабілетті көрінеді. Оның басқа мүмкіндіктері құпияда ұсталуда.
*Мысыр үкіметінің басшысы Хазем әл-Беблави «Мұсылман-бауырлар» қозғалысын террорлық ұйым деп жариялады. Ол бұл мәлімдемесін Мансура қаласында аталған қозғалыс жүзеге асырған лаңкестік әрекеттен соң іле-шала жасады. Лаңкестіктен 14 адам қаза тапса, 100-ден астамы жараланған болатын. Ал лаңкестікке жауапкершілікті әзірше елдегі ешбір экстремистік ұйым мойнына алған жоқ.
*Ұлыбританияда қатты дауылдан кем дегенде 3 адам қаза тапқан. Біреуі желдің екпініне шыдамай өзенге құлап мерт болса, біреуі тосын табиғат туындатқан жол апатынан көз жұмған. Ал соңғысының қаза болу себебі нақты айтылмайды. Рождество қарсаңында үйлеріне асыққандар әуежайларда қамалып отыр. Мұндай тосын жағдай Франция жағалауларында да орын алуда.
*Оңтүстік Судан президенті Сальва Каираның мәлімдеуінше, елде бұрынғы вице-президент Риек Мачардың жақтастары әскери төңкеріс ұйымдастыруға әрекеттеніп жатыр. Осы орайдағы қақтығыстар елде 16 желтоқсанда басталған еді. Бүгінде 45 мың тұрғын босқынға айналған. Қазіргі кезде Оңтүстік Суданда БҰҰ-ның 7 мыңдай бітімгершілері орналасса, бас Ұйым шешімімен жақында тағы 5,5 мың бітімгерші жіберілмек болып отыр.
*Украина президенті Виктор Янукович 21 қарашада Киевте ұсталған наразылық акциясына қатысушылардың бәрін қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босататын заңға қол қойды. Наразылық акциялары Киевте күні бүгінге дейін жалғасып жатыр. Бірақ оның ауқымы айтарлықтай тарылған. Қазіргі кезде көшеге шыққан көпшілік жаңа жыл мейрамын қарсы алу қамымен жүргенге ұқсайды.
Ақпарат агенттіктері материалдары негізінде әзірленді.