Бұл - "Qazaqstan" жаңа жеңіл атлетика кешенінің қабырғасында өтіп жатқан алғашқы спорттық іс-шара. Жарысқа еліміздің әр өңірінен спортшылар қатысты. Іс-шара санитарлық нормаларды қатаң сақтай отырып, жанкүйерсіз өткізілді. Жарыс бағдарламасында ядро лақтыру, жүгіру, эстафета, ұзындыққа секіру және жеңіл атлетикалық жүру сияқты спорт түрлері болды.
«Еліміздегі спорттық қалалардың бірі деген атауды елордамыз лайықты иеленіп келеді! Қаламызда өзінің спорттық кластері бар. Сонымен қатар, халықаралық талаптарға сай бірқатар ірі спорт мекемелері ашылды. "Qazaqstan" жеңіл атлетикалық кешені бізге халықаралық деңгейдегі жарыстар өткізіп қана қоймай, заманауи спорт жұлдыздары мен жаттықтырушыларды тәрбиелеп, жастарымызды бала күнінен спортпен шұғылдануына мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша спорт нысандарының қолжетімділігін арттыру және қала тұрғындарын бұқаралық спортқа қызықтыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Балалар мен жасөспірімдер спортына, федерацияларға қолдау көрсетеміз», - деді Нұр-Сұлтан қаласы жеңіл атлетика федерациясының басшысы, елорда әкімі Алтай Көлгінов.
Алтай Көлгінов қаланың спорттық мекемелері тек ойын өткізу және кәсіби спортшылардың жаттығуы ретінде ғана емес, балалардың да спортпен шұғылдануына арналған база ретінде пайдаланылатынын атап өтті.
Қала чемпионатында спортты дәріптеудің және спорт мекемелері желісін кеңейтудің маңыздылығын Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова да өз сөзінде атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, жаңа жеңіл атлетика кешені өткен жылдың күзінде ашылған болатын. Бұл орын IAAF-тің барлық талабына сәйкес келеді. Мұнда республикалық және халықаралық жарыстар, соның ішінде әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарын өткізуге мүмкіндік бар. Спорт кешенінде жүгіру жолдары орнатылған атлетикалық алаң, тренажер залы және ядро лақтыруға, биіктікке, ұзындыққа секіруге арналған секторлары, балалар алаңы, бассейндер секілді артықшылықтары бар. Манеж 7000 көрерменге есептелген.
Жеңіл атлетика кешені Елбасының тапсырмасы бойынша "Самұрық-Қазына" компаниясының қаражаты есебінен салынды.