Аймақтар • 13 Ақпан, 2021

Петропавлда жаңадан 6 саябақ ашылады

214 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Петропавлды көркейтуге соңғы төрт жылда 6 млрд теңге жұмсалды. Кешенді жұмыстар биыл да жалғасын табады, деп хабарлайды Egemen.kz

Петропавлда жаңадан 6 саябақ ашылады

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов Петропавлда қандай жұмыстардың атқарылып, биылға не жоспарланғанын айтып берді.

«Петропавл – соңғы 4 жылда танымастай өзгерді. Осы аралықта оны көркейтуге 4 млрд теңге жұмсалды. Бұл қаражатқа аулалардың ішіне кешенді жөндеу жүргізілді. 4 жылдың ішінде 386 аулаға жаңа асфальт төселді. Бюджет есебінен 45 тегін көлік тұрағы құрылды. 261 балалар алаңы істелді. Биыл тағы бұл жұмыс жалғасып, 60 балалар алаңы салынады», деді Құмар Ақсақалов.

Облыс әкімінің айтуынша, 2017 жылы облыс орталығында көшелерді заманауи жарықтандыру жобасы қолға алынды. Нәтижесінде 40 көшеге жарық диодты 6,5 мың шам орнатылды. Петропавлда 13 саябақ пайдалануға берілсе, биыл олардың қатарына тағы алтауы қосылады.

«Петропавл – тарихқа бай шаһар. Қала ішінде көптеген тарихи ғимараттар сақталған. Алайда олардың кейбірі жартылай қирай бастаған екен. Сол себепті үш жыл бұрын біз оларды қалыпқа келтіру жұмыстарын бастадық. Бұл ғимараттардың иелерімен кездесіп, иесіздеріне жаңа инвесторлар таптық. Қазір бұл жұмыстардың нәтижесін көруге болады. Кәсіпкерлер Шамсутдинов деген көпестің үйін жөнге келтірді. Брусиловский көшесіндегі, тағы басқа ғимараттар күрделі жөнделді.

Вокзал маңы алаңы жаңа кейіпке енді. Теміржол вокзалы күрделі жөндеуден кейін ашылып, жолаушыларға жақсы жағдай жасалды. Енді олар ауыр сөмкелерін баспалдақпен тасымайды, нысанда эскалатор мен лифттер жұмыс істеп тұр», деді СҚО әкімі Құмар Ақсақалов.