Аймақтар • 14 Ақпан, 2021

Шымкентте ұландық жауынгер бойжеткенді құтқарып қалды

414 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2021 жылдың 13 ақпаны күні еңбек демалысында жүрген 6506 әскери бөлімінің келісімшарт бойынша әскери қызметшісі жас қызды ойы бұзық екі ер адамнан құтқарып қалды, деп хабарлайды Egemen.kz

Шымкентте ұландық жауынгер бойжеткенді құтқарып қалды

Оқиға түнгі сағат 00:40 шамасында Жібек жолы көшесінің бойында болған. Үйіне келе жатқан Артем қатты айқайлап көмекке шақырған әйел адамның даусын естиді. Ол ойланбастан дауыс шыққан жаққа жүгіреді. Сол мезетте еңгезердей екі ер адамның жас қызға күш көрсетіп, зорлауға әрекет жасап жатқанын байқаған ол бірден олармен арпалыса кетеді. Бұзақылардың біреуін шетке лақтырып тастап, екіншісімен төбелеседі. Жекпе-жек ұрыс тәсілдерін қолдана отырып, бұзақыны жерге құлатып, үстінен басып отырады, ал екіншісі сол мезетте оқиға орнынан қашып үлгереді.

Ұсталған азаматты оқиға орнынан полиция қызметкерлері алып кетті, ол Шымкент қаласының Еңбекші аудандық полиция басқармасына жеткізілді.

«Мен қыздың айқайлаған дауысын естіген кезде, ойланбастан бірден сол жаққа жүгірдім. Менің ойымша әрбір азамат тура осылай жасар еді», дейді Артем Калашников.

Күдіктілерлі ұстау кезінде ұландық қолын жарақаттап алған екен, бірақ соған қарамастан, полиция қызметкерлері келгенше олармен арпалысқан.

Қазіргі таңда бұл іс бойынша қылмыстық іс қозғалды, екінші күдікті іздестіріліп жатыр.