25 Желтоқсан, 2013

Сүймөнкулдің домбырасы

460 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін

Жалпы, қа­­зақ-қырғыз «парал­­лель­деріне» таң қалудың жөні жоқ. Бірақ тарихымыздағы ер Едіге мен Баба Түкті Шашты Әзіз сияқты қазаққа әлімсақтан белгілі тұлғалардың аты-жөні қырғыз байкелердің ата-тек шежіресінен кездесіп қалса  ше? Оның үстіне олар, анау-мынау емес, КСРО  халық әртісі, Қырғыз КСР-нің халық әртісі, Қырғыз КСР-нің еңбек сіңірген әртісі, Қырғыз КСР-нің халық суретшісі, Бүкілодақтық Ленин комсомолы және Қырғыз КСР-нің Тоқтоғұл атындағы мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты Сүймөнкул Чокморовтың түп-тұқиян шежіресінің басында қарқарадай боп тұрса не істемексіз? Таңғаласыз ба? Әрине, таңғаласыз. Біз де таңғалдық.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Ыс­тықкөлге барып бір апта демалудың сә­ті түсті. Жағажайдағы «Алатау» демалыс орны Чолпон-Ата қаласындағы Мұхтар Әуезовтің мұражай-үйінен онша алыс емес екен.

Жалпы, қа­­зақ-қырғыз «парал­­лель­деріне» таң қалудың жөні жоқ. Бірақ тарихымыздағы ер Едіге мен Баба Түкті Шашты Әзіз сияқты қазаққа әлімсақтан белгілі тұлғалардың аты-жөні қырғыз байкелердің ата-тек шежіресінен кездесіп қалса  ше? Оның үстіне олар, анау-мынау емес, КСРО  халық әртісі, Қырғыз КСР-нің халық әртісі, Қырғыз КСР-нің еңбек сіңірген әртісі, Қырғыз КСР-нің халық суретшісі, Бүкілодақтық Ленин комсомолы және Қырғыз КСР-нің Тоқтоғұл атындағы мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты Сүймөнкул Чокморовтың түп-тұқиян шежіресінің басында қарқарадай боп тұрса не істемексіз? Таңғаласыз ба? Әрине, таңғаласыз. Біз де таңғалдық.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Ыс­тықкөлге барып бір апта демалудың сә­ті түсті. Жағажайдағы «Алатау» демалыс орны Чолпон-Ата қаласындағы Мұхтар Әуезовтің мұражай-үйінен онша алыс емес екен.

Қолайын тауып заңғар жазушының 1959-1961 жылдары осында тұрып, еңбек еткен құтханасының қасиетті табалдырығынан аттадым. Тұ­тын­ған заттарын тамашалап, тіпті, ырым етіп жазушы орындығына да отырдым. Музей-үйден шыққан соң шағын қала ішіндегі кітапханаларды тінткілеп кітап іздедім. Тапқан олжам Сүймөнкул Чокморов жайлы кітап. Ә дегенде өз көзіме өзім сенбедім. Сосын: «Мұны басқа емес, Сүймөнкулдің туған ағасы Намырбек-байке Чокморов жазып отыр ғой, інісінің талантын тастүлек кезінен танып, оқуға түсіріп жүрген зиялы адам қалайша қателеседі», деп ойладым. Сол Намырбек-байке ағамыз ата-бабасының шежіресін былай деп тарқатыпты. «Көр­ген көзде жазық жоқ», оқиық.

Ең әуелі Кушчу, Кушчу ішінен бірнеше атадан кейін Шайык, одан Акманэрик, одан Эр Эдиге, одан Түктубаба, одан Узун чачтуу Азис (жақшаның ішіне «болжаммен 1360-1435 ж.ж. өмір сүрген» делін­ген). Узун чачтуу Азистен Өмүрбек, Малокожо, Эшенкарек, Чакыркожо, Малабек, Чекиркожо, Садык, Кыргый және Кывал. Узун чачтуу Азистен тара­ған осы тоғыз ұлдың Өмүрбек пен Мало­кожосынан басқасын, яғни жетеуін «жетіген» руы деп атайды екен. Мұның ішінде Чакыркожоның тұқымы Рахимбай Өзбек елінде тұрып жатса, Малабек тұқымдары Қазақ елін мекен етеді дейді. Садык болса қырғыздың Саяқ руының арасында тұрады. Бірақ Сүймөнкулдің ағасы Намырбек-байке өзінің ата-бабасы ретінде таратқан Түктубаба мен Узун чачтуу Азистің мүрделері қырғыздың Созағына жерленген бе, жоқ әлде қазақтың Созағына жерленген бе, ол жағына тоқталмапты.

Сүймөнкулдің әкесі Чокмордың да екі әйелі болыпты. Бірінші әйелінен Күл­жан (1912-1982 ж.ж.) атты бір қыз бен Чолпонкул (1917-1976 ж.ж) және Султан (1908-1985ж.ж.) деген екі ұл көр­ген. Бірақ бірінші әйелі жастай қай­тыс болған соң, екінші әйелі Какин Мол­даалы-қызына үйленіп, одан 8 ұл-қыз сүйеді. Олар: Чолпанбай (1920-1941ж.ж.), Намырбек (ата-баба шежіресін қағазға түсіріп, талантты інісінің жоқшысы боп жүрген байкеміз осы кісі), Бағдат, Бакыя, Эсенжан, Сүйөркул, Сүймөнкул (1939-1992 ж.ж) және Насихат. Ал Сүй­мөнкулден Бактыгул мен Эргул тарайды.

Сүймөнкул Чокморов өзінің тұла бойы тұңғышына Бактыгул (қазақша Бақтығұл) есімін бекерден-бекер қойған жоқ. Бұл, біріншіден, «Қараш асуында атылған оқ» («Выстрел на перевале Караш») фильміндегі өзі сомдаған қаһарманның бойындағы қайсарлыққа құрмет болса, екіншіден, қазақ халқына деген сүйіспеншілік. Содан кейін мұны халқының рухын шарболаттай шыңдаған жазушы Мұхтар Әуезовке деген ерекше ілтипат деп қабылдаған жөн. Өйткені, дана Әуезов дау-дамайы мол дәуірдің әдеби айналымына қазақтың Бақтығұл атты дауылпаз перзентінің образын әкелмесе (оның өмірдегі прототипі Рысқұл Жылқайдаров та осал емес, ол елі мен жерінің азаттығы үшін бақұл болған ерлердің бірі Тұрар Рысқұловтың әкесі болатын), әу бас­та актер емес, суретші ретінде танымал болуды армандап Чоң-Таш айылынан Бішкек шаһарына, одан Ленинград қаласына асып, сурет өнерінің сұңғыла ұстаздарынан дәріс алған қырғыздың жас ұланы Сүймөнкул Чокморов оны бар болмыс-бітімімен сомдап шыға алар ма еді? Әрине, жоқ. Бірақ Әуезов секілді алыптың қалам қуаты қанаттандырды ма, әлде өмірде болған, бірақ дарабоз жазушының әдеби шешімімен Бақтығұлға айналған өр мінезді қазақтың қырғыз халқымен тағдырлас, тамырлас рухы шыңдады ма, бәлкім, Шыңғыс Айтматов «қырғыздың Гомері» атандырған атақты манасшы Саяқбай Қарабалаевтың портретін жазу барысында танысқан талғампаз режиссер Болот Шамшиевтің сенімі жігерлендірген шығар, әйтеуір, Сүймөнкулдің кино өнеріндегі алғашқы рөлі Бақтығұл өте шынайы шықты. Өзінің осы дебюті туралы кейін ол: «Жәмилада» – Даниярдың («Мосфильм», режиссері И.Поплавская), «Мен – Тянь-Шаньда» – Байтемірдің («Мосфильм», режиссері И.Поплавская), «Төтенше комиссарда» Низаметдин Ходжаевтің («Өзбекфильм», режиссері А. Хамраев), «Жетінші оқта» – командир Мақсұмовтың, «Ыстықкөлдің алқызыл гүлдерінде» – Қарабалтаның («Қырғызфильм», режиссері Б.Шамшиев), «Отқа тағзымда» – Үтір ұстаның («Қыр­ғызфильм», Т.Океев), «Көксеректе» – Ақанғұлдың («Қазақфильм», режиссері Т.Океев) рөлдерін ойнадым. Жақында Акиро Куросаваның «Дерсу Узаласында» Чжан Баоны («Қырғызфильм») жасадым. Төлемүш Океевтің «Қызыл алмасын­да» («Қырғызфильм») бірінші рет өз маман­дығым бойынша суретші Темірдің рөлі­не түстім. Бірақ Бақтығұл бейнесі мен сомдаған образдардың ең қастерлісі болып табылады. Жақында балам дүниеге келгенде атын Бақтығұл қойдым», деді («Советский экран», 1975 ж. №20). Ал өмірі өксікпен өткен Рысқұл Жылқайдаров сияқты, әдебиет пен кинодағы Бақтығұл да ешқандай қулық-сұмдығы жоқ, ер еді. Сүймөнкулдің өзі де өмір мен өнер майданынан осындай мәрт күйінде өтті.

Сүймөнкулдің бабасы Байсаба 1850 жылдары Қырғыз елінің саяқ тайпасы шоғырланған Талас облысынан (Қазақ елінің Жамбыл облысында Талас деп аталатын аудан бар) үрім-бұтағымен көшіп шығып, Бішкектің маңындағы Чүйгө Солто жеріне қоныс аударған. Кеңестік дәуірдің 1930 жылы осы жердегі Саз ауылының тұрғындары Чоң-Таш деген атпен колхоз болып ұжымдасады. Ал 1939 жылдың 9 қарашасында Чоң-Таш­­­тағы шабандоз Чокмордың шаңырағында дүниеге шыр етіп сәби келеді. Ата-анасы оның атын мұсылманшылық жолымен азан шақырып Сүймөнкул деп қояды. Қазақ қаламгерлерінің кейбіреулері Сүймөнкул деген аттағы «сүймөн» сөзін тілдік үндестікпен «сүймен», яғни орысша «лом» деген сөздің мағынасымен шатастырып ала береді. Қырғыздарда «сүймөнчулук болсын» деген жақсы тілек бар. Ол қазақ­тардың тілінде «сүйіс­пеншілік болсын» дегенге келеді. Сүй­мөнкул өмірге келген уақыт ел тұрмысы нашар, аштық пен саяси қуғын-сүргіннен бастары әлі де құтылмаған қиыншылық кез болғандықтан, сүйіспеншілік пен жақсылықты аңсаған Чокмор болашақта қырғыз бен қазақтың, қазақ пен қырғыздың атын әлемге танытатын ұлының атын Сүймөнкул деп қойыпты.

Жылқы бағып, бие байлап, қазы жеп, қымыз ішіп, дала пәлсәпасын тұрмыс-тір­шілігіне арқау еткен қазақ пен қырғыз «тел­қоңыр» деп екі енені тел емген құлынды айтады. Осыдан келіп екі ананың мейіріміне қатар мелдектеген баланы да (ұлы Мұхтар Әуезов мұның әдемі мысалын «Абай жолы» эпопеясында Ибраһим Құнанбайұлының жастық шағына байланысты эпизодтардың бірінде өте шебер суреттейді) «телқоңыр» дейтін болған. Бейнелеп айтсақ, қос әке – Алатау мен Қаратауды қатар жайлап, қос ана – Шу мен Талас өзенін бірдей емген қа­зақ пен қырғыз халқын да «телқоңыр» деп тол­ғануға болады. Сол сияқты, Сүймөнкул да  қос ана – қырғыз бен қазақтың, қазақ пен қыр­­­­ғыздың ақ сүтін арда емген телқоңыр талант.

Сүймөнкулдің әкесі Чокмор Ормо­койұлы 1880 жылы қазіргі Чу облысының Аламүдүн ауданындағы Чоң-Таш ауылында туған. Анасы Шатман деген қажының қарындасы болған екен. Бірақ Чокмор бір жасқа келгенде анасы дүниеден өтеді де, ағасы Сүлеймен екеуі жетімдіктің зарын тартып, бір-бірін жетектеп жүріп жетіледі. Жастайынан байлардың малын бағуға жалданып жүріп, аттың құлағында ойнайтын шабандоз атанады. Ер-тұрман, айыл-әбзел жасайтын шеберлігімен де танылады. Қазақ, қырғыз, өзбек арасындағы аламан бәйге, алқын-жұлқын күрес, додалы көкпарларда ептілігімен де көзге түседі. Ел көрейін, жер таниын деген ниетпен Чокмор 1915 жылы орыстардың тыл әскеріне аттанады. Бірақ қазақ елінің Қордай ауылына жеткенде арбасы сынып, ісмер жігіт дөңгелекті өзі жөндеуге кіріседі. Сол жерде Чокмордың шеберлігіне қызыққан Степан деген орыс көпесі оны өзіне қызмет етуге жалдап алады. Содан Чокмор екі жыл бойы Қордайдың қазақтарымен бірге орыс көпесі Степанның қолында жұмыс істеп, ісмерлігін одан әрі жетілдіре түседі. Бірақ бодан елдің бостандық аңсаған баласы 1917 жылғы төңкерісте туған айылы Чоң-Ташқа оралады.

Жалпы, қазақ-қырғыз халқындағы «қан», «тек» деген сөздер бекерден-бекер айтылмаса керек. Шабандоз Чокмордың ат мініп, асау үйреткені, белін буып, балуан күреске түскені, комуз шертіп, домбыра тартқаны, қырғыз елінің белгілі ақындары Осмонкул, Адамкалыйларды ардақ тұтқаны сүйікті ұлы Сүймөнкулға да жұғысты болды. «Әке көрген оқ жонар». Әу баста әлсіз, аурушаң болған болашақ суретші, актер атқа мініп, волейбол ойнап, басқа да спорт түрлерімен шұғылданудың арқасында қатарларына қарағанда сұңғақ та сұлу денелі азамат болып өсті. Волейболдан «КСРО спорт шебері» деген атаққа да ие болды. Ол мұның бәрін кейін актер үшін – қиын, көрермен үшін – қызықты эпизодтарға түсу кезінде кәдесіне жаратты.

Чокмор – бала жастан үй шаруашы­лығымен айналысуды әдет қылғанымен, алысты болжайтын ақылы кемел қария еді. Соғыстан кейінгі жылдардың қиындығы мен жасы келіп қалғанына қарамастан: «Батар күнді байлап болмайды, уақыт деген уысыңа толмайды. Мезгіл өтіп, мен қартайып барам, тірі кезімде оқып қалыңдар», деп өнер-білімге ынтасы бар балаларын үлкен қалаға оқуға жібереді. Намырбек-байкенің ұсынысымен оқуға түсіп, ауылына келген Сүймөнкул: «Әке, суретшінің оқуына түстім» дегенде, көзі ашық, көкірегі ояу Чокмор: «Адам болмай тұрып, суретші болу қиын», деген екен. Не деген керемет сөз! Әлем билеушілері мен данышпандарын аузына қаратқан Конфуций емес, Эзоп емес, Диоген емес, қырғыздың қарапайым ғана қариясы Чокмор айтып отыр бұл сөзді. Сол Чокмор қария 1955 жылы 15 тамызда дүниеден өтіп, сүйегі өзі туып-өскен Чоң-Таш ауылының зиратына қойылыпты.

Сүймөнкулдің өмірдерегіне жүгінсек, оның өнерге деген алғашқы құштарлығын оятқан француз қылқалам шебері Эжен Делакруаның «Арыстандарды аулау» («Охота на львов») деген суреті болатын. Мұндай әсерлі туындының репродукциясын ол Бішкек шаһарына алғаш рет келген кезінде ағасы Намырбектің үйінің қабырғасында ілулі тұрған жерінен көреді. Бұл Сүймөнкулдің музыка мамандығына емтихан тапсырмақ болып жүрген кезі болатын. Музыка мамандығын таңдауының да өзіндік себебі бар, неге десеңіз, ол оқу орны студенттерді жатақханамен қамтамасыз ететін. Бірақ ағасы Намырбек Эжен Делакруаның қолынан шыққан суреттің репродукциясын көрсетіп: «Бұл көбейтіліп дүние жүзіне таратылған сурет. Яғни Делакруаны да, оның суретін де бүкіл әлем халқы біледі. Сенен де жақсы суретші шығады. Музыкалық білімнен гөрі суретшінің оқуына түс», деп үгіттейді. Осыдан кейін, яғни 1953 жылы Сүймөнкул Фрунзедегі (қазіргі Бішкек қаласы) суретшілік оқу орнына құжатын тапсырып, оның емтиханынан «жақсы» деген бағалар алып, сүрінбей өтеді. Делакруаның өнері шабыт берді ме, әлде шебер әке Чокмордың қанынан жұғысты ма, әйтеуір оқу орнын бітіріп, дипломдық жұмысын аяқтаған Сүймөнкул мемлекеттік комиссияның назарына «Мергендер» деген туындысын ұсынады.

Сүймөнкулді сегіз қырлы, бір сырлы десе дегендей.  Қырғыз жырларынан Атайдың «Есімдесін», күйлерден «Көкейкестісін» жақсы көріп, оларды комузда жақсы шертіп қана қоймай, сонымен бірге қазақ әндері мен күйлерін де сүйіп тыңдаған.  Тарихты да жақсы білген. Қазақ елінің ұлы оқымыстысы Шоқан Уәлихановтың солто руы туралы жазған шығармаларын Алматыдан алдырып оқыпты. Байтік батырдың суретін Ленинградтағы архивтерден тауып алып келген. Сөйтіп батырдың немересі, суретші Асанбек Молдахметовке беріп, оны көбейткізіп елге таратқан. Сүкөң, әдетте: «Ақылменен басталмаған істің аяғы у-шуға барып тіреледі», деп көп айтады екен. Ал бір нәрсеге қатты ашуланғанда: «Осындай да бола ма екен» деп кейіген көрінеді. Кейін жанына ауру қатты батып қиналған кезде де ешкімге сыр бермеген. Сұлуторы аттай Сүкөңе жамандатқыр ауру қай кезде және қалай жабысып жүр?..

1967 жылдан бастап Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовтың шығармаларының негізінде түсірілген кинофильмдер Кеңес Одағы ғана емес, сонымен бірге дүние жүзіне танымал бола бастағаны белгілі. Сол 1967 жылы Көкөмерен өзенінде (Нарын облысының Жумгал ауданы) «Қараш-Қараш» фильмі түсіріледі. Сонда өзінің Сүлікқара деген атымен Сүймөнкул-Бақтығұлдың суды жалдап өтетін же­рі бар. Мұндай эпизодта неше түрлі қауіп-қатерлердің күтпеген жерден орын алуы бек мүмкін. Сондықтан «ақсаусақ» актерлер мұндай жағдайда сақтық жасап, ол эпизодқа каскадердің «ойнауын» өтінеді. Бірақ Сүймөнкул фильмдегі ең бір қиын эпизодқа да, таудың сүйектен өтетін суына да өзі түседі. Ал тау суы қашаннан алдамшы. Өте тұнық боп келетіндіктен оның тұңғиық терең екені де білінбейді. Сөйтіп  тұрып-ақ ол адам түгілі атан түйені жұта салады. Осыдан келіп халық тау суын «тентек» деп атайды. Ал Көкөмерен суын қырғыздар ежелден «қанды су» деп атаған екен. Олай деп аталатыны судың түсіне байланысты емес, әрине, денені қалшылдатып жіберетін мұздай суықтығында. Осы судан алпамсадай талай адам көз жұмған. Міне, ер мінезді Сүкөң осы қатерді елемей тілсіз жау – Көкөмеренмен «алысып» жүргенде (осы бір эпизод үшін қаншама дубль түсірілді десеңізші!) өкпесі мен бүйрегіне суық тигізіп алады. Ауруханаға да жатып шығады. Жазылып,  жақсы болып кеттім деп те ойлаған. Бірақ батпандап кірген аурудың мысқалдап шығатыны сияқты, ол таскенеше жабысқан аурудан толықтай жазылмапты. Өйткені, 1969 жылы «Жәмила» фильмі түсіріле бастаған кезде Көкөмереннің суынан суық тиген өкпесі сыр беріп, ауруханаға тағы да жатып қалды. Бірақ соған қармастан киноға түсіп, оны ойдағыдай аяқтап шығады. Намырбек-байкенің мағлұматынша, аурухана ем-домынан кейін сырқатынан құлантаза жазылып кеткен адамдай көрінген. Бірақ бүйрегін ұстап, «анда-санда ауырып қояды» дейді екен.

Сүймөнкулдің денсаулығының бұзы­луына әсер еткен Көкөмереннің «қанды суы» ғана емес, сонымен бірге қырғыз Алатауының қарлы шыңдарының найза тасы мен қақаған суығы да «үлес» қосқан. Ол 1978 жылы «Кілең ерлер» фильмінде басты рөл – Қасымды бейнелегені белгілі. Бұл фильм Тоқтоғұл ГЭС-інде, таудың шың-құздарында түсірілген. Осы кинотуындыны түсіру кезінде Сүймөнкул үшкір тастың үстіне бүйрегімен құлап, ауырып жүрген жерін одан бетер зақымдап алады. Сүкөңнің жағдайы қиын болғаны сонша санитарлық авиацияның көмегімен Фрунзеге жеткізіледі. Міне, осы жерде уролог-дәрігер Владимир Евсюков Сүймөнкулға: «Бүйрегіңіз зақымданыпты, ота жасау керек», дейді. Бірақ, қуанышқа орай, дәрігердің емі, дәрі-дәрмектің күшімен жақсы болып кеткен. Осыдан кейінгі уақыттарын жұмысты өндіре істеуге пайдаланды. Киноға да түседі, көңілін алаңдатқан суреттерін де салды. Жапония, Германия, Испания, Болгария, Куба, Англия, Танзания, Египет және басқа да шетелдерге барып, ел мен жер көрді. Кеңес Одағы кинофестивальдерінің жарқыраған жарық жұлдызына айналды. Ол сомдаған «ер адамдардың рөлі» бірінші орынды 4 рет иеленеді.

Сүймөнкулдің жанын қазақ тарихы мен тұрмысына, мәдениеті мен өнеріне жақындата түскен абзал адамдар арасынан Мамбеталы Қалмырзаұлы деген үлкен жездесін айтпай кетуге болмайды. Бай-құлақтың тұқымы ретінде Кеңес өкіметінің қуғын-сүргінін өте көп көрген оның тағдыр-талайы да өте күрделі болған. 1908 жылы Кетмен-Төбөдө дүниеге келген Мамбеталы 1930 жылы небары 22 жасында «кулак» деген атқа қалып, атасымен бірге Украинаға жер аударылады. Орынборға жеткенде атасы ебін тауып Мамбеталының қашып кетуіне жағдай жасайды. Жол-жөнекей қазақ даласы, қазақ ауылдары, сондықтан қазақтармен  бірге еңбек ете жүріп туған еліне аман-есен жетеді. Атасының малының арқасында 1925-1928 жылдары азды-көпті білім алған ол еліне келген соң Алай, Гүлчө, Ферғана жағында мұғалім болып қызмет етеді. Бірақ 1938 жылы оны «кулактың құйыршығы» деп ұстап алып, Алай түрмесіне қамаған кезде одан тағы да қашып шығады. Содан Шу өңіріне келіп, Аламүдүн ауданының Чоң-Таш айылына тұрақтап қалады. Сол жерде Сүймөнкулдің әпкесі Чокмор қызы Күлжанға үйленеді. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталған кезде Мамбеталы да әскерге шақырылады. Бірақ 1942 жылы Ростов облысында қамауға алынады. Тергеуші ә дегенде «соғыс кезінде командирдің бұйрығын қараниеттікпен орындамаған. Кеңес Одағына қарсы үгіт жүргізген. Ата-бабасы бай-манап болған» деген айып тағады. Ақталу мүмкін емес, НКВД құжаттарында атасының Украинаға айдалғанына дейін сайрап тұр. Тергеу біткеннен кейін әскери трибунал әлгі айыптардың негізінде «мемлекеттік қылмыскер» деген үкіммен Мамбеталыны өлім жазасына кеседі. Бірақ бір жылдан кейін Мамбеталының ісі қайта қаралып, өлім жазасының орнына оны 25 жыл бас бостандығынан айырып, қатаң режімдегі колонияға жібереді. Сол 1942 жылдан 1955 жылға дейін «Воркуталаг» колониясында жазасын өтеп, шахтада жұмыс істейді. Сөйтіп 1955 жылы қазан айында ақталып еліне қайтады. Жол-жөнекей тағы да қа­зақ ағайындардың аялы алақандарының қам­қорлығын көреді. Солармен бір туған ба­уырдай араласа жүріп қазақтың әні мен жырын үйреніп, тіпті, домбыра жасап алады. Оны кейін туған еліне өзімен бірге ала келеді.

Мұның бәрін неге тәптіштеп айтып отырмыз? Сүймөнкул 1968 жылы «Қа­раш-Қараш» кинофильмі түсіріліп біткеннен кейін оның премьерасына жездесі Мамбеталыны машина жіберіп, ауылдан арнайы алдырады. Киноны көріп болғаннан соң Мамбеталы: «Менің басымнан өткен оқиғаларды көрсеткен екенсіңдер. Кинодағы қаһармандарыңның атын Бақтығұл демей, Мамбеталы деп қойсаңдар да болғандай екен», дейді көзінің жасын сүртіп. Сүкөңнің сол жездесі Мамбеталы 1983 жылы 75 жасында дүниеден өтіп бара жатып, өзі көп жақсылығын көрген қазақтардың елінен алып келген жан серігі – жалғыз домбырасын қолына алып, шертіп жіберіпті де дыңғыр  еткен жалқы үнмен бірге жаны үзіліп, о дүниеге аттанып кете барыпты.

Қазақтың домбырасы мен әнін, күйін жездесі Мамбеталы ғана емес, Сүймөнкул Чокморовтар отбасы да өте қатты құрмет­теген. Бұл туралы Қазақбай Абдышев деген қырғыз азаматы былай деп еске алады. Бұл Сүймөнкулдің өмірден өтеріне бір ай ғана қалған кез екен. Сол тұста Қырғыз Рес­публикасының авторлар құқығын қорғау бойынша агенттігінде қызмет етіп жүрген Қазақбайдың Сүймөнкул ағасының үйіне баруына тура келеді. Әңгіме аяқталып, қасындағылар шығып кеткен кезде өнерге жаны жақын Қазақбай Сүкөсінің қасында қалады да:

–  Сүкө, «Ыстықкөлдің қызғалдақтары» фильмінде домбыраға қосылып ән саласыз. Сол домбыраңыз бар ма? – деп сұрайды.

– Бар. Тура сол фильмдегі тартқан дом­бырамның өзі. Қазақ достарым сыйлаған.

– Мен де домбыра тартушы ем. Сол домбыраңызды ұстап көруге бола ма?

– Болмағанда ше? Әй, Бақтығұл. – Сүймөнкул баласын шақырады. – Мына байкеге домбыраны әкеп берші.

Бақтығұл домбыраны алып келді. Қырғыздың Қазақбайы қазақтың дом­быра­сын қолына алады. Пернелерін сау­сақ­тарымен жайлап қана сипап өтеді. Таза үнді домбыра екенін сезіп, көңілі көтеріліп қалады. Сосын құлақ күйін дұрыс­тап алып:

– Енді, Сүкө, Тәттімбеттің «Сары­жай­лау» деген күйінің бір қайырымын білуші ем, соны шертіп көрейін, – дейді.

– «Сарыжайлау»? Соны шертесің бе? – Сүймөнкул Қазақбайға таңғала қарайды.

Қазақбай күйді нәшіне келтіре тартып барып дамылдайды.

– Қазақбай, сен домбыраны қазақ­тардан кем тартпайды екенсің, – дейді Сүймөнкул Қазақбайға тік қарап. – Тағы қандай күйлерді білесің?

Қазақбай енді өзінің домбыраға шы­ғарған «Жалғыз атчан», «Қайран досум», «Боз жорго», «Қазақ қайрыктары» де­ген күйлерін тартып береді. Сүкөң ол күйлерді де өте ынтамен тыңдайды. Күй­лердің қатты ұнағанын айтады.

Өкінішке қарай, арада бір жарым айдай уақыт өткенде Қазақбай Сүймөнкулдай таланттың жүрегі тоқтағанын естиді. 1982 жылдан 1992 жылға дейін созылған бүйрек ауруы сегіз қырлы, бір сырлы талантты ақыры алып тынады.  Ол осы он жыл ішінде бүйрегіне жасалған... 56 отаны бастан кешіпті. Не деген жанкештілік! Осы он жыл ішінде «Фристул» аппараты арқылы бір жарым тәулік сайын қанын тазалатып тұрған. Өйткені, «поликистоза» деген бұл ауруға шалдыққан адам әлгі аппараттың жәрдеміне сүйенбей 3-4 күн өткізіп алса, өліп кетуі бек мүмкін екен.

Сүймөнкул Чокморов «Ыстықкөлдің алқызыл гүлдері» фильміне түсу барысында да қазақтың небір жайсаң перзенттерімен танысады. Солардың бірі елімізге белгілі азамат Өмірзақ Айтбаев болатын. Сүкөң Өмірзақтан Біржан салдың «Теміртасын» үйренеді. Бұл туралы Сүкөң: «Өмекеңнің даусы менікіне қарағанда ашық, түсінікті болғандықтан фильмге соның орындауындағы әнді жаздырдық. Мен жай ғана ернімді жыбырлатып тұрдым. Кино түсірудің осындай қулықтары да болады», дейді екен. Бірақ фильмді көріп отырсаңыз әнді Сүймөнкул-Қарабалтаның өзі аңырата шырқағандай шынайылықты байқайсыз.

Біз, кинокөрермендер, Сүймөнкул Чокморовты актер ретінде ғана білдік. Бірақ ол өмірден өзін «суретшімін» деп өтті. Өмірден озарының алдында артында қалып бара жатқан еліне қарата айтқан: «Дүниеге әкелген өнерімді – суреттерімді сақтаңдар. Далаға тастамаңдар, олар жас ұрпақ үшін керек. Мен елім үшін жанымды аямай еңбек еттім. Мен салған суреттердің барлығы елдің мүлкі, жалпы елге тән. Ел байлығы қатарында есептелсін. Кейінгі буындарға қалдырған белгім. Барлығын шеберханама тастап кеттім», деуі осы сөзіміздің дәлелі.

Ыстықкөлден қайтып келе жатып Тоқтоғұл көшесіндегі көп қабатты №170 тұрғын үйдегі Сүймөнкул Чокморовтың шеберханасын іздедім. Бірақ таппадым. Сұрастырсам, ешкім білмейді. Біреу «мынау шығар» деп тұрғын үй астына түсетін жертөленің баспалдағын көрсетті. Оның есігінде құлып тұр. Терезелері темірмен «шегенделіп» тасталыпты. Сығалап қарап ем шаң басқан, шашылып жатқан жертөле ішінен ештеңені анықтап көре алмадым. Әйтеуір шеберханаға тән белгілер байқалады. Бір-екі сурет пе, эскиз бе бірдеңе байқалғандай. Бірақ бұлыңғыр, анық емес... Ал Сүкөңнің 53 жылдан тұратын қысқа ғұмыры қандай жарқын, қандай жарық еді. «Суретсіз кино жоқ. Пушкин, Лермонтов, Эйзенштейн,  Довженко суретші болған»,  деген ол фильмдегі аңызға айналған рөлдерін санамағанда, бір ұлттың мақтанышы мен байлығы болатын барлығы 427 мұра қалдырып кетті. «Сізге кино жақын ба, живопись жақын ба?» деп сұрағандарға: «Қырғыз-қазақта тұлпары бар жігіт өзін ешқандай уайымы жоқ бай санаған. Ал менде екі «тұлпар» бар, демек мен екі есе баймын», деп суретшілік пен актерлік өнерін меңзеп, әзілмен жауап берген. Сол Сүкөң, Сүймөнкул жарықтық: «Мұхтар Әуезовтің «Көксерегін» қайта-қайта оқыған кездерім болды. Оның шығармаларының қаһармандары әрдайым автордың философиясына терең ой жүгіртуді талап етеді. Ақанғұлдың образы маған  осынысымен ұнайды. Қырғыздар Мұхтар Әуезовке арнап бір ескерткіш орнатуы керек», дейді екен. Шіркін, қазақтар да Сүймөнкул Чокморов пен оның Бақтығұлына арнап бір ескерткіш тұрғызса ғой.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

ТАРАЗ – ЫСТЫҚКӨЛ – БІШКЕК – ТАРАЗ.

Соңғы жаңалықтар