Тарих • 14 Ақпан, 2021

Сыр бойында сан ғасырдың ізі бар

1714 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Көне тарих парақтарында Сыр бойына қатысты дерек көп. Ең алғаш қалалық өркениет осы өңірде пайда болған. Қазір есте жоқ ескі заманда қорғаны көк тіреген, сән-салтанаты келіскен шаһарлар орнынан табылып жатқан жәдігерлер осыны айғақтайды.

Сыр бойында сан ғасырдың ізі бар

Біздің заманымызға дейінгі I мыңжылдықтың орта кезеңінде өмір сүрген ежелгі Грекия, Рим, Парсы елдерінің сол заман дерегін тасқа түсірген тарихшылары мен жаһан кезген жиһанкездері ұлы дария бойындағы шаһарлар сәулетіне таңдай қаққан. Орта ғасырларда Ұлы Жібек жолымен сапарға шыққан еуропалық ғалымдар мен саяхатшылар еңбегінде де Тұран ойпатындағы байырғы жұртқа қатысты көп мәлімет бар.

Соңғы жылдар бедерінде көне қалалар орнына археологиялық зерттеу жұмыстарын тұрақты жүргізіп келе жатқан мамандар осы уақытқа дейін айтылып келген деректерді толықтыра түсетін көптеген жәдігерге жолықты. Былтыр Алтын Орданың 750 жылдығына байланысты облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен ортағасырлық Асанас қаласының орнын зерттеген Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті ғалымдары, ұлттық музей және облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесі мамандарының  жаңалығы Ұлы Жібек жолы қазіргі сызбадан бөлек сораппен жол тартқан деп болжам жасауға негіз болатындай.

Асанас тарихи деректерде ортағасырлық Өзгент, Сығанақ, Жент, Баршынкент қалаларымен бірге аталатын шаһар екенін тарихтан хабары барлардың бәрі біледі. Сол заман жылнамашысы Жувейни өз жазбасында Асанасты 1219 жылы Сығанақты бағындырып, Жентке жол тартқан моңғол әскерлері жаулап алынған қаланың бірі ретінде сипаттайды. Кейіннен А.Лерх Моңғол империясының тарихын зерттеу талабымен Сырдың төменгі ағысы бойымен жүріп өткен Плано Карпинидің «Моңғолдар тарихы» атты еңбегінде айтылатын Орнас қаласы осы Асанас болуы мүмкін деген болжам жасаған. Қаланың орнын анықтап, топографиялық сипаттамасын алғаш 1899 жылы белгілі шығыстанушы, археолог В.А.Каллаур жасағанын да айта кетейік. 

Кеңестік дәуірде Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы қаланы есепке алып, барлау жұмыстарын жүргізді. 1961 жылы жасалған осы барлаудан кейін 7 жыл өткенде  Н.Вактурская қалаға екі стратиграфиялық қималық қазба түсіріп, зерттей бастады. Қазба барысында табылған қыш ыдыстар ХІІ-ХV ғасырға тән мүлік деп болжам жасалса, екінші қазбада шыққан керамикалар VІІ-ІХ ғасырдағы оғыз заманымен сәйкестендірілді. Осыған дейінгі тарихи әдебиеттерде қаланы соғдылық саудагерлер салды деген пікір басым болған еді, қазба жұмыстары шаһарды оғыздар тұрғызғанын дәлелдеді.

2

Тарихи қаланы тәуелсіз ел ретінде зерттей бастағанымыз екімыңыншы жылдардан басталады. Осыдан 21 жыл бұрын жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Тәңірберген Мәмиев бастаған топ барлау қазба жұмыстарын жүргізіп, Шахристан дуалының орташа биіктігі 3, қалыңдығы 5 метр болғанын, шаһарда бекініс үшін арасы 6 метрден 20-ға жуық мұнара тұрғызылғанын анықтады.

Былтыр жасалған археологиялық қазба жұмыстары қала тіршілігіне қатысты осыған дейін белгісіз болып келген көп деректі анықтап отыр.

Алпыс жыл бұрын С.Толстов басқарған Хорезм экспедициясы қаланың астыңғы қабаты VII, үстіңгі бөлігі XVI ғасырларға тән деген болжам жасаған. Өткен жылы жүргізілген қазба жұмыстарында XII-XIV ғасыр жәдігерлері көптеп табылды. Бұл моңғол әскерінің шабуылынан кейінгі қайта қалыпқа келген кезеңі. 

– Ең үлкен олжамыз – қоладан жасалған шағын қолара. Сабына бұғының басы бейнеленген тісі ұсақ арамен отын кеспегені анық. Сондықтан да оны медициналық мақсатта пайдаланған болуы мүмкін деген байлам жасағанбыз. Медицина мамандарына суретін жіберіп, ойларын сұрадық. Сала тарихын жақсы білетін хирург дәрігерлер оның адам сүйегін кесуге арналған құрал екенін бірден айтты. Арамен бірге басы кішкентай қасық тәріздес, ұшы сүйір зат табылған. Ол адамнан қан алуға арналған аспап болып шықты. Бұл ортағасырлық шаһардың тағы бір қырын ашқан жаңалық болды. Осыған дейін, 1998 жылы  белгілі археолог Жолдасбек Құрманқұлов Қармақшы ауданының аумағындағы Орқаладан медициналық мақсатта пайдаланылған химиялық шыны колбалар тапқан еді. Кейіннен ондай заттар кездеспей, ғалымдар тарапынан бұл заттар қалаға кездейсоқ келіп қалған деген байлам жасалған. Асанастан табылған бұйымдар Сыр жеріндегі ортағасырлық шаһарлардың өз заманында экономикалық қана емес, медициналық орталық болғанын да дәлелдеп тұр. Әрі бұл қаланы алда да зерттеуді жалғастыра түсудің қажеттігін көрсетеді. Қазір табылған бұйымдар үлгісін Вильнюстегі зертханаға жібердік. Қазіргі заманға техникамен жабдықталған бұл орталықтың мүмкіндігін әлем ғалымдары бірауыздан мойындайды. Олардың қорытындысында 20-30 жылдық қана ауытқу болуы мүмкін, – дейді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті «Археология және этнография» ҒЗИ жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Әзілхан Тәжекеев. 

Осыған дейін тарихи қала маңынан, Асанас 2, Асанас 3, Ахметқала, Ақтөбе секілді шаһарлар орны анықталған еді. Осы жолғы зерттеуде Асанас пен қазіргі Ботабай ауылы арасынан тағы 4 шағын қалашықтың ізі табылды. Осы желіні бойлай жасаған зерттеу нәтижесінде Бәйгеқұм елді мекенінің тұсынан бірнеше шаһардың орны анықталды. Ғалымдар бұл ежелгі сүрлеу бойындағы керуен сарайлар болуы мүмкін деген болжам жасап отыр.

Осыған дейін Ұлы Жібек жолының сызбасында Сығанақ пен Асанастың арасында ешқандай қала көрсетілмейтін. Екі ара 150 шақырымға жуық, мұндай ұзақ сапарда талай дүние тиеген керуеншілерге ас-су, малына жем-шөп әзірлеп отыратын бекеттер болғаны даусыз. Ғалымдар пайымынша жаңадан табылып отырған шаһарлар осындай қызмет атқарып отырған. Бұл тарихи  керуен жолы қазіргі кестемен емес, басқаша бағытпен өрбіген деген байлам жасауға түрткі болып отыр.

Сығанақтан шыққан саудагерлер қазіргі Ботабай ауылы тұсынан дариядан өтіп, жаңағы қалаларға тоқтап, Асанасқа жеткен сияқты. Жаңа ашылған шаһарлардан кейін көне жолдың сорабы осылай шығып тұр. Асанасқа аялдап, сауда жасағаннан кейін бір жол Сырлытам қала,  Заңғар қала, Қожақазған, Тоқсейіт, Шығыс Құмқала, Мортыққала қоныстары, Құмқала қалашығы арқылы Жентке жетіп, әрі Бұқараға тартқан да, Баршынкент арқылы шығатын екінші бағытпен жол тартқандар Жетім асар, Құлке, Шіркейлі қос асарына, үлкен және кіші қара асарларға, Сорлы асарға, Құмарал, Үңгірлі асар, Моншақты асар, Аққала, мен Шах асарға аялдап, Жосалы маңындағы Сортөбе 1, 2, 3 қалашықтарын, одан әрі Байқоңыр тұсындағы Тасөткел арқылы дарияны кесіп, Қарауыл төбе, Жанкент, Кескен күйік қала, Күйік қаланы көктей өтіп, теңіз жолына шыққан. 

Осы жерде әлемде ежелгі Жібек жолы бойындағы өткелдердің мүлдем сақталмағандығын айта кетейік. Сондықтан да бағзы бабаларымыз қалаған осы Тасөткелді әлі де зерттеп, ЮНЕСКО қорғауындағы мұралар қатарына кіргізуіміз қажет. Ел аузында дария табанындағы өткел талай ғасырлардан бері мызғымай тұрғандығы айтылады. Әлі күнге дейін арнада су аз мезгілде отынға шыққандар әрлі-бері өтіп, жұрттың кәдесіне жарап тұр. Өткелден өте сала дарияның арғы бетінде Жігіт қала деп аталатын қоныстың орны бар. Бұл елді мекеннің тұрғындары кезінде осы өткелді күтіп ұстау қызметін атқарған секілді.

Тағы бір таңғаларлығы, осыдан мыңдаған жыл бұрын өмір сүргендердің  өзендер миграциясының заңдылығын білгендігі. Жаңағы Асанас қаласы дарияның қазіргі арнасымен жарыса ағып отырған Іңкәрдария бойына орналасқан. Қаланың тұсына келгенде жойқын су үшке бөлініп, кейін соның екеуі Жаңадария арнасына қосылады. Тарихшылар географтармен де пікірлесіпті, сонда білгені, солтүстік жарты шарда орналасқан аумақтағы өзендер оң жағын ала ағады екен. Сондықтан да бұрынғылар дарияның оң жағалауынан ешқандай қала салмаған, қоныс етпеген. Мың жылда да мүжілмей, қазір де көне сұлбасы көзге айқын шалынатын Сортөбе қалашықтары, Шірік-Рабат, Жанкент, Орқала шаһарларының бәрі өзеннің сол жағалауынан салынған. 

Жалпы, Сырдарияның төменгі сағалары тас дәуірінен бастап бүгінге дейін арнасын 7-8 мәрте ауыстырған деседі. Ұлы өзеннің тас және қола дәуірлерінде Іңкәрлария арнасымен, сақ заманында Жаңадария сорабымен  аққандығын археологиялық деректер дәлелдеп отыр. Тіпті ұзақ уақыттан кейін ескі жүлгесін қайта тапқан да кезі болған екен. Мысалы, Алтын Орда дәуірінен кейін Қызылқұмдағы қалалардың көпшілігі су жоқтықтан тіршілігін тоқтатқан, ал одан әлдеқайда кейінгі Қоқан, Хиуа, қарақалпақтарға қатысты тарихи деректердің бәрінде Жаңадарияның аты аталады. Тіпті Шірік-Рабат тұсында қарақалпақтар XVIII-XIX ғасырларда тұрғызған қала орындары сақталған. Өйткені бұл ескі арнаға қайта жан біткен кезең. Бұл ұлы өркениеттің ұлы өзендердің бойында қалыптасатындығының айғағы.

2

– Көне қалалардың көпшілігі жер мойны қашық болғандықтан зерттелмей жатыр. Соның бірі – Орқала. Ол маңға тек қана барлау жасалды. Қала орталығынан үлкен күмбезді мешіт орны анықталды. Орқала әкімшілік аумағының өзі 15 гектарға жуықтайтын үлкен орталық. Оған соның маңындағы кішігірім рабадтарды мекендегендер санын қоссаңыз, кезінде мыңдаған халық тұрған үлкен шаһар болғанын көрсетеді. Меніңше, тарихи деректерде оғыз заманында пайда болғаны айтылатын, қазіргі түріктер өздерінің ата жұрты санайтын ежелгі Жент қаласы осы Орқала болуы мүмкін. Өйткені С.Толстов жетекшілік еткен экспедиция кезінде белгілі болған, қазіргі Жалағаш ауданы Аққыр ауылы маңындағы Жентте оғыз заманының мәдени қабаты жоқ, ол жерден тек Алтын Орда дәуіріне тән бұйымдар табылған. Бізге таныс осы қаланың маңында Құмқала деген қоныс бар. Барлау жұмыстары оның да заманында шадыман-шаттығы тарқамаған үлкен қала болғанын көрсеткен. Бірақ ол да әлі зерттелген жоқ. Мені кейде бағзыда оғыздар мекендеген Жент осы болуы да мүмкін деген ой мазалайды. Не болғанда да зерттеу керек,– дейді Әзілхан Әуезханұлы.

Осы уақытқа дейін жергілікті ғалымдар Германия, Ресейдегі әріптестерімен  бірлесе жұмыс істеп келді. Қазір пандемияға байланысты бұл үрдіс үзіліп тұр, есесіне, лабораториялық зерттеулер жемісті болды. Қазір дамыған заманда шетелдегі сараптама орталықтары топырақ үлгілері мен табылған жәдігерлерді зерттеп, қаланың «жасы», сол кезеңдегі тұрмыс-тіршілік, халықтың айналысқан кәсібі жайлы нақты мәлімет бере алады. Мысалы, Сортөбеден табылған үлгілер бойынша Вильнюстегі сараптама орталығының алғашқы қорытындысы қолға тиді. Осы арқылы қаланың X-XI ғасырларда өмір сүргені белгілі болып отыр. 

Тағы бір айта кетерлігі, жергілікті археологтердің жаңалығынан тек ғылыми орта ғана хабардар. Жанкенттегі қазба жұмыстарынан кейін 2 кітапқа артығымен жететін материал жинақталды. Соны басып шығарып, халыққа жеткізу керек. Осыдан біраз жыл бұрын өңірде этнотуризмді үйлестіру бастамасына орай «Антикалық қалалар», «Терең тарихтан ғарышқа сапар» деген жобалар да жасалыпты. Онда тарихи орындарды насихаттаудың жолдары жайлы біраз ұсыныс жинақталған екен. Сол тек қағаз күйінде тиісті басқармалардың тартпасында қалса керек.

Дәл қазір «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күре жолына жақын Сығанақ қаласы туристерді қабылдауға дайын. Барсакелмес, Арал теңізі, Жанкент, Бегім ана бағыты бойынша да сапар ұйымдастыруға әбден болады. Облыстың оңтүстігіндегі Оқшы ата, Сығанақ, тасқа ежелгі таңбалар түскен аумақ Сауысқандық, Сауран, Түркістан бағыты да туристер қабылдауға әзір.

Тым шалғай демесек, Жанкентке де, сақ заманының куәгері Шірік-Рабат қаласына да апаруға болады. Ғалымдар осы көне қалаларға жақын ауылдардан туристік база құрылуы керек деген ойда. Біз «Сыр бойының климаты туристер шақыруға қолайсыз» деген бір болымсыз уәжді алға тартуға әуеспіз. Ешқашан климат өзгермейді, біз соған лайықтап тіршілік жасауымыз қажет. Облыс аумағындағы туристік маршрутқа Байқоңырдағы ғарыш айлағын да қосып жүрміз. Бірақ дәл осыған айлақтың қазіргі қожайыны «Роскосмос» мекемесі аса бір бейілді емес. Сондықтан оны қоя тұрып, қолдағы барымызды ұқсатып алсақ та біз үшін аз олжа болмас еді.

 

ҚЫЗЫЛОРДА