Қазақстан • 15 Ақпан, 2021

Сайлауалды міндеттемелерді іске асырудың Жол картасы

702 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мәжілісте Палата Спикері, Nur Otan партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен фракцияның кеңейтілген отырысы өтті, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.

Сайлауалды міндеттемелерді іске асырудың Жол картасы

Онда Үкіметтің және Nur Otan пар­тиясының Мәжілістегі Фракциясының Nur Otan партиясының 2025 жылға дейін­гі «Өзгерістер жолы: әр азамат­қа лайықты өмір!» сайлауалды бағ­дар­ламасын орындаудың Жол картасын іске асыру жөніндегі бірлескен жұмысы туралы айтылды.

Отырыста Премьер-Министр Ас­қар Мамин партияның сайлау бағ­дар­ламасының орындалуы жайлы баяндама жасады.

Жол картасы сайлауалды бағдар­ла­маның төрт бағытын іске асыру бо­йын­ша 362 іс-шараны қамтиды. Олар жылдар бойынша белгіленген және қар­жылық тұрғыдан бекітілген. Бұл ретте іс-шаралардың басым бөлігі әлеуметтік мәселелерді шешуге, сондай-ақ экономика мен өңірлердің тұрақты дамуына бағытталған. Осы мақсатпен отандық заңнаманы жетілдіру де жоспарланған.

«Жол картасының әзірленген жобасы Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: әркімге лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын толық әрі сапалы іске асыру жөніндегі барлық қажетті шараларды қамтиды. Үкімет барлық іс-шаралардың уақытылы орындалуын қамтамасыз етеді. Барлық шараларды іске асырудың нәтижесі – жаңа шынайылық жағдайында халықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатының нақты артуы болады», деді А.Мамин.

Үкімет басшысының баяндамасынан кейін депутаттар министрлерге бірқатар сұрақ қойды. Қайнар Абасов Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровқа Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес 600 мың гектар жаңа суармалы жерді игеріп, оның жалпы алаңын 2,2 млн гектарға дейін жеткізу міндеті тұрғанын айтты. Сайлау алдындағы үгіт-насихат кезінде ауыл шаруашылығы өндірушілері көтерген негізгі проблема – суаратын сумен жеткілікті түрде қамтамасыз етілмеу және ирригациялық жүйелердің нашар жағдайда болуы. Өйткені суармалы жерлерді толыққанды суаратын сумен қамтамасыз ету жоғары сапалы өнім алудың, ал оңтүстікте жылына екі ретке дейін өнім алудың негізгі құрамдас бөлігі болып табылатынын жеткізіп, бұл жобаны қандай қаражат немесе қолданыстағы қандай бағдарламалар есебінен іске асыруды жоспарлап отырғаны туралы сұрады.

Осыған орай, Мәжіліс Төрағасы: «Әрине, 600 мың гектар жаңа жерді игеру оңай шаруа емес. Бағдарламада жазылғаннан кейін, оған қол жеткізуіміз керек. Меніңше, бұл тек қана Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәселесі емес. Бұған Экология министрлігі де өз үлесін қосу керек», деді.

Мәжіліс Спикері сайлауалды бағ­дар­ламада көрсетілген іс-шараларды іске асыруға қажетті қаражаттардың көзделгенін атап өтіп, депутаттар сыртқы және ішкі нақты жағдайларды ескере отырып, кезекті республикалық бюджет жобасын қарау кезінде ха­лық алдындағы міндеттемелерді қар­жыландыру үшін қажетті түзетулерді енгізуге дайын екенін жеткізді.
Отырыс барысында, Нұрлан Нығ­матулин: «Елбасының Жол картасын әзірлеу туралы тапсырмасына сәйкес, көптеген жұмыстар атқарылғанын көріп отырмыз. Оған фракция депутаттары да, Үкімет мүшелері де, партия өкілдері де белсенді қатысты. Алдағы жоспарларымыз, мақсаттарымыз белгілі. Енді осы бағытта жұмысымызды одан әрі жалғастыратын боламыз», деді.

Жол картасы партияның нақты мақсаттарына бағытталғанын жеткізген Палата Спикері сайлауалды бағдарлама халықтың барлық санатын қамтығанын айта келе: «Сонымен бірге әлеуметтік қамтамасыз ету, білім, денсаулық, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, шағын және орта бизнесті дамытуға жаңа қадам жасалынды. Бағдарламада отбасын, әйел азаматтарды, жастарды қолдауға да ерекше көңіл бөлінді. Осы мақсаттарға жету үшін Жол картасының әрбір тар­мағының орындалуын қатаң бақылау қа­жет. Бұл – Елбасымыздың қаңтардың ортасында бізге берген тапсырмасы», деді.

Бұл ретте Жол картасының барлық бағыты Мәжілістің комитеттері арасында бөлінген. Ал оның нақты тармақтарына бақылауды күшейту үшін Nur Otan фракциясының депутат­тары бекітілді. Атап айтқанда, Мәжі­лістің комитет төрағалары Қ.Мусин, Ж.Нұрманбетова, М.Құсаи­нов, А.Құс­пан, А.Рау, сон­дай-ақ бас­қа саяси пар­тиялардың төра­ғалары бар екі комитетте бұл жұмысты коми­тет­тердің хатшылары – фракция мүше­лері үйлестіретін болады. Олар – А.Қо­жахметов пен Б.Оспанов.

Сонымен қатар депутаттар бағ­дар­лама тармақтарының орындалуы туралы ақпарат беруге дербес жауапты мемлекеттік органдарды да анықтауды ұсынды. Ол кем дегенде вице-министр деңгейінде болуы керек.

Жиынды қорытындылаған Мәжіліс Төрағасы: «Бұл Жол картасы – әрбір облысты, әрбір ауданды, әрбір ауылды және барлық халықты қамтиды. Ол алға қойылған міндеттерді ашық, сапалы, тиімді орындауға кең жол ашады. Себебі онда партиямыздың Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, бар­лық сала бойынша, әсіресе, әлеу­меттік мәселелерді шешудің нақты шаралары көрсетілді», деді.

Айта кету керек, жиынға Nur Otan пар­тиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек және Үкімет мүшелері қатысты.

Nur Otan партиясы фракциясының мү­шелері – депутаттар дайындаған Жол картасын қолдап, өзекті мәселелерді алға тартып, пікірлерін ортаға салды.