Қоғам • 15 Ақпан, 2021

«Ел үміті» жобасына арналған форум

402 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Мамин «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын сапалы орындау мақсатында Елбасының «Ел үміті» бастамасы аясында іске асы­рылған өзге­рістерді басқару жөніндегі салалық менеджерлерді даярлау бағдар­ламасына қаты­сушы­лардың форумын өткізді, деп хабарлады Үкімет басшысының баспасөз қызметі.

«Ел үміті» жобасына арналған форум

Іс-шараға Президенттің көмекшісі – Қауіп­сіздік Кеңесінің хатшысы Әсет Исе­кешев, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, менторлар және өнеркәсіп, АӨК, құрылыс, геология, денсаулық сақтау, білім беру, медиа, сауда және логистика, су ресурстары, туризм, мәдениет және спорт командаларының өкілдері қатысты.

Өзгерістерді басқару жөніндегі салалық менеджерлерді даярлау бағдарламасы Нұрсұлтан Назарбаев қорының бастамасы­мен, Үкіметтің жобалық офисімен бірлесіп жү­­­зеге асырылды. Бағдарламаның мақсаты – эко­­­номиканың негізгі салаларын транс­фор­­­ма­циялау үшін нақты ұсыныстар әзір­леу.

2020 жылдың басында өткізілген кон­курс қорытындысы бойынша 2 958 үміт­керден, әсіресе, жетекші ұлттық және шет­елдік ұйымдарда үлкен практикалық жұ­мыс тәжірибесі бар 234 сарапшы іріктеліп алынды. Бағдарламаға менторлар ретінде Қазақстанның, АҚШ-тың және Еуропа елдерінің мемлекеттік және жеке секторларынан 64 маман қатысты.

2020 жылы Премьер-Министр А.Мамин бағдарламаға қатысушылармен 50-ге жуық жүзбе-жүз кездесу өткізді. Өзгерістерді басқару жөніндегі менеджерлер салалық міндеттерді шеше отырып, еліміздің дамуына үлес қосып қана қоймай, Елбасы академия­сы ұйымдастырған тренингтік іс-шаралар барысында өз біліктіліктерін жақсартты.

Үкімет басшысы Өзгерістерді басқару жөніндегі салалық менеджерлерді даярлау бағдарламасы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тарапынан жастардың жобалары мен бастамаларын қолдаудың, сондай-ақ Үкіметтің жас мамандармен тиімді өзара іс-қимылының жарқын мысалы болып отырғанын атап өтті.

Салалық менеджерлердің, менторлардың және мемлекеттік органдар өкілдерінің үйлесімді жұмысының нәтижесінде елді дамытуға бағытталған 150-ден астам нақты бастама әзірленген.

«Салалық менеджерлердің әрбір ұсынысын тиісті мемлекеттік органдар егжей-тегжейлі қарады. Әр сала бойынша жол карталары әзірленді. Енді біздің бас­ты міндетіміз – олардың іс жүзінде жүзеге асырылуын қамтамасыз ету. Міндеттердің басым бөлігі осы жылдың соңына дейін орындалуы тиіс», деді А.Мамин.

Премьер-Министр салалық менед­жерлердің бастамаларын іске асыру Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары шеңберінде экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын арттыру бо­йынша міндеттерді шешуге ықпал ететінін атап өтті.