Әлем • 15 Ақпан, 2021

Туризм тығырыққа тіреліп тұр

237 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Пандемия басталғалы әлемде демалысты шетелде  өткізетіндер саны күрт азайған. Оның себебі түсінікті. Жабық шекаралар мен қатаң қауіпсіздік шаралары саяхатшылардың жоспарын түбегейлі өзгертіп жіберді. Ендігі үміт – алдағы жаз айларында. Тіршілік бұрынғы қалпына келіп, шетел асып, қыдыра аламыз ба деген сұрақ көпшілікті алаңдататыны анық.

Туризм тығырыққа тіреліп тұр

zviazda by

Жақында Ұлыбританияның көлік министрі Грант Шеппс тұрғындарға ел ішінде немесе шетелде демалуға алдын ала жоспар құрмауды ескерткен еді. Оның бұл пікірін халық бірден іліп әкетіп, дүрліге түсті. Бір жыл бойы вакцина табылса, бәрі ретке келеді деген оймен отырған адамдарға бұл ауыр тиген секілді. Кім де болса жағдайдың тұрақталып, қалыпты тірлікке тезірек оралуды армандайтыны сөзсіз. Оның ішінде еркін сая­хаттап, ел аралау­ды аңсайтыны қаншама. Елдің премьер-министрі Борис Джонсон ай басында жазғы демалысқа дейін қауіп сейіледі деген оптимистік пікір айтқанымен, қазір қайта сенімсіздік танытып отыр. Ұлыбританияда коро­на­вирустың жаңа штаммы пайда болып, елдегі эпидемиялық ахуал­дың күрт өзгерді. Әлем елдері бри­тандықтарды шекара­дан өткізуге үзілді-кесілді қарсы бол­ған-ды. Жағ­дай жақсарып, жаппай вак­цина салынып жатқанымен, қауіп то­лығымен жойыла қоймайды. Сол себепті мамандар Еуропа мен Ұлы­бри­танияға бағыт алған саяхатшылардан әлі де болса асықпауды сұрайды.

Ал туристік ұйымдар үмітін үзер емес. ABTA туристік қауымдасты­ғы­­ның өкілі Шон Типтон ахуал бір­­тін­деп болсын жақсарып келе жат­­­қанын алға тартады. Бұл пікір­дің негізінде халықтың жаппай вак­­­­цина алып жатқаны түсінікті. Өйт­­кені Ұлыбритания әлемде алғ­аш­қы­л­ар­дың бірі болып вакцинаға рұқ­сат беріп, тұрғындарға екпе сала бас­тады. Еуропа одағына мүше елдер кеш те болса осы көшке қосылу­ды мақсат етеді. Қаншама даудан ке­йін ЕО мемлекеттері де жазға де­йін халықтың басым көпшілігіне вак­цина салуды жоспарлап отыр. Бұл – соңғы жылы туризм секілді тұ­ра­лап қалған салаларды қайта дамы­туға бағытталған шаралардың бірі. Еуро­паға демалысқа шақыратын тұл­ға­лар да дәл осы вакцинаға се­нім артып отырғаны белгілі. Мәселен, Ryanair әуе ком­па­ниясының басшысы осы жазда вак­ци­налаудың арқасында Еуропа жаға­жайлары демалушыларға толы болады деген болжам жасады. Әуе тасымалы мүмкін болмағандықтан, компания былтыр 1 млрд еуро табысынан айырылған екен. Дағдарыстың салқыны тиген авиа саласының өкілдері шекаралардың қайта ашылып, туризмнің қалпына келуін дәл осы жаппай вакциналаумен бай­ланыс­­тырып отыр. Ұлыбритания 50 жас­тан асқан азаматтарына наурыздың соңына дейін, ал Еуропа елдері мау­сымға дейін COVID-19-ға қарсы вакцина салуды көздейді.

Одан бөлек, осыған дейін туризм саласында қыз­мет еткен кейбір компаниялар мен мамандар бағы­тын өзгертіп, қонақүйлердің ауруханаларға айна­лып кеткені қаншама?! Мұның барлығы туризм индуст­рия­сының алдағы жаз­дағы дайындығына әсер етпей қой­мас. Десе де табысын осы саладан көріп отырған мемлекеттер турист қабыл­дауға сақадай сай болуды, ал тұрғындар емін-еркін саяхаттауды асыға күтеді.

Түркия секілді табысы көбі­не туризм сала­сынан түсетін ел­дер­де демалыс ертерек бас­та­лып кетті. Індеттен тайсалмаған жұрт жаға­­жай­да жатыр. Қазір ел ішінде вирус жұқтыр­ған­дар саны тұ­рақ­талғанымен, шетелдерден нау­­­қас­­танып келіп жатқандар бар. Ауст­ралия, Жаңа Зелан­дияда жергі­лікті науқастар бірнеше күн қатары­нан анықталмай келеді, оның орнына шетелден келіп карантинге жабылған азаматтардан індет белгі­лері табылғаны хабарланды. Бұл елдердегі эпидемиялық жағдай тұрақталғанымен, шекарасын ашып, демалушыларды қарсы алуға да­йын емес. Аустралия үкіметі осыған дейін биыл да ел шекарасы жартылай жабық болатынын хабарлаған-ды.

Байқағанымыздай, үкіметтердің туризм саласына қатысты ұста­ным­дары әртүрлі. Түркия, Африка, Мальдив аралдары секілді климаты жылы танымал демалыс орындары қазірден ашық. Ал Еуропа елдері жаппай вакцина салынғаннан кейін, жаз айларында турист қабылдауға да­йын болса, Аустралия індеттің қаупі толығымен сейілмей саяхатшыларға есік ашпайтын секілді.