Әлем • 15 Ақпан, 2021

ОАР британиялық вакцинадан бас тартты

257 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Басқа басылымдардан.

ОАР британиялық вакцинадан бас тартты

ОАР британиялық вакцинадан бас тартты

л

 

Оңтүстік Африка Рес­публикасы AstraZeneca вакцинасынан бас тартып, АҚШ-тың Johnson&Johnson компания­сы өндіретін екпені сынақтан өткізуді қолға алды.

Коронавирусқа қарсы вакцинаны 500 мың медицина қызметкеріне салу жоспарланып отыр. Қазір бұл ұсынысты вакцинаны қолдануға рұқсат беретін құзырлы орган қарастыруда. Үкіметтің мұндай жедел шараны қолға алуына бұған дейін сыналған AstraZeneca препаратының оңтүстікафрикалық штаммға қарсы тұра алмауы себеп болып отыр. Енді Оңтүстік Африка Республикасы «Оксфорд» университетінің өнімін қайтару немесе айырбастау жағын ойластырып жатыр.

«Елге барлық вакцинаны бірден әкелудің еш қажеті жоқ. Әр апта немесе екі апта сайын 80 мың дозадан жеткізіп отыру керек деп ойлаймын. Сосын әрі қарай жағдайға байланысты шаралар қабылдаймыз», дейді зерттеуші Гленда Грей.

Johnson&Johnson компаниясы жақында АҚШ-тың Азық-түлік пен дәрі-дәрмекті санитарлық бақылау басқармасына коронавирусқа қарсы вакцинасын қабылдауға сұраныс жіберді. Сонымен қатар Дәрі-дәрмек бойынша Еуропа агенттігінің де рұқсатын алуға мүдделі. Еуропалық ұйым шешімін наурыздың басында айтатынын мәлімдеді.

Жалпы, компания өнімінің көрсеткіші жаман емес. Өйткені бүгінге дейін зерттеушілер үш кезеңнен тұратын сынама жасаған. Екпе жасалған 4 аптадан кейін коронавирусты жұқтыру қаупі азайған деген ақпарат бар. Дегенмен, бұл нәтиже оның басқа вакциналарға қарағанда тиімсіз екенін көрсетіп отыр.

Ғалымдар мұны вирустың мутацияларымен байланыстырады. Өйткені вакцина жасау үрдісі 2020 жылдың жазында басталып кеткен. Сынаманың алғашқы үш кезеңіне АҚШ, Бразилия, Оңтүстік Африкадан 44 мың адам қатысқан. Олардың үштен бірінің жасы 60-тан асқан.

Компания 2021 жылы 1 млрд дозаны сатылымға шығаратынын мәлімдеді. Осы күннің өзінде АҚШ – 200 млн, ал Еуропа елдері 400 млн вакцинаға тапсырыс беріп үлгерген.

«Оскар» жүлдесі көктемде тапсырылады

л

Биыл АҚШ Ки­но­­­­ма­тография өне­рі және ғылым акаде­мия­­­­сы­ның «Оскар» сыйлығы 25 сәуірде табысталады. Жыл сайын ақпанда өтетін салтанатты жиын пандемияға байланысты кейінге шегерілген.

Киносүйер қауым мен өнер жұлдыздары­ның асыға күтетін байқауының өткізілу уақыты шегеріл­генін ұйымдастырушы топ хабарлады. Бұған дейін байқаудың марапаттау рәсімі 23 ақпанға белгіленгені хабарланған-ды. Алайда вирус себебінен салтанатты рәсімді шегеруге тура келген.

Оған қоса ұйымдастырушылар шараның әдеттегі­дей тек қана Dolby Theatre-да емес, бірнеше жерде өткізілетінін мәлімдеді. Бұл да санитарлық талап­тарға сай қабылданған шешім.

Марапаттау рәсімінің өтетін уақыты мен орнына қоса үміткерлер тізімі де анықталды. Биыл «Оскарға» 23 санаттың 9-ы таңдалды. Оның ішінде, киноакадемия «Үздік анимациялық қысқаметражды фильм», «Үздік қысқаметражды деректі фильм», «Үздік ән» (саундтрек) және «Үздік көркем қысқаметражды фильм» аталымдары бойынша сыйлыққа үміткерлерді атады.

Дәстүр бойынша іс-шара америкалық телеарналар мен әлеуметтік желіде көрсетіледі. Айта кетейік, «Шет тіліндегі үздік фильм» аталымында ұсынылған қазақстандық «Ұлы дала зары» фильмі киносыйлықтың үміткерлер тізіміне өтпеді.