
Мемлекеттік республикалық Корей музыкалық комедия театры Жұмагүл Солтиеваның «Әйел махаббаты» атты мистикалық драмасын сахнаға шығарды. Корей тілінде тұсауын кескен қазақ қаламгерінің драматургиялық дүниесі – кешегі алмағайып, аласапыран жылдардағы аналарымыздың ерлігіне қойылған ескерткіш десе де болады.
Мемлекеттік республикалық Корей музыкалық комедия театры Жұмагүл Солтиеваның «Әйел махаббаты» атты мистикалық драмасын сахнаға шығарды. Корей тілінде тұсауын кескен қазақ қаламгерінің драматургиялық дүниесі – кешегі алмағайып, аласапыран жылдардағы аналарымыздың ерлігіне қойылған ескерткіш десе де болады.
Шымылдық түрілгенде жүйкені тесердей ауыр-ауыр тамшылар шолп-шолп етеді. Кеңестік кесір саясат сансыратқан қайран шешелеріміздің қасіретті көз жасы бұл. Басты кейіпкерлер – Ақын мен оның жары Зылиха. Аты анық аталмаса да, көкірегі ояу көрермен Ақын – Мағжан Жұмабаев екендігін жобалайды. Мұрағаттық деректер Зылиха апамыздың сонау Карелияда қуғын-сүргінде болып, қамақта жатқан ерін 14 рет іздеп барғанын, Мәскеуге дейін аяғы жетіп, орыс зиялылары арқылы еріне араша сұраған Зылиханың тағдырын айғақтайды.


Жұрттың бәрі «халық жауы» болып жатқан заманда қазақ әйелінің осындай жанкештілікке баруын қанша ұлықтасақ та артық емес. Осы тұрғыдан келгенде Жұмагүл Солтиеваның «Әйел махаббаты» атты спектаклі драматургтер арасында жарияланған республикалық «Астана-Бәйтерек» байқауында жүлделі орыннан табылғаны кездейсоқтық емес.
Өмірдің тірегі болған ұлы сезім – махаббат мәңгі тақырып десек те, оның жауапкершілігі мен азабы болатындығын бөлек суреттеген Жұмагүл Солтиеваның драматургиясы жайлы театр сыншылары әлі де өз сөздерін айтады. Ал оған дейін спектакльдің премьерасына қатысқан қабырғалы жазушылар мен белгілі драматургтердің пікірі мынадай.
– Бүгінгі таңда театрларда тоқырау бар екені анық. Ол режиссураға да, драматургияға да, актерлерге де байланысты. Осы тұрғыдан келгенде маған әсер еткені – режиссерлік тапқырлық. Жалғыз кереует арқылы-ақ көп нәрсені сөйлетеді. Режиссер драматургтің жазғанын дарынымен демеп көтере де алады, жеткізе алмай құлдыратып та жібереді. Режиссер автормен жақсы жұмыс істеген, ең бастысы, мәтінді терең түсінген, көркемдік дәрежеге көтерген. Маған ұнағаны – басты рөлді ойнаған Елена Кимнің ойлылығы мен оның жас кезін ойнаған Анна Цойдың пластикасы. Корей театрының шығармашылық ұжымы да ізденімпаз, – дейді драматург Сұлтанәлі Балғабаев.
– Бұған дейін проза мен публицистика жанрында елге танылған Жұмагүл Солтиеваның драматургиядағы қарымын Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында қойылған «Сағым қуғандар» спектаклі арқылы танығанбыз. Ол спектакльде салмақты, салиқалы, үлкен моральдық мәселе көтерілген еді. Бүгінгі пьесада халқымыз өткерген, оның ішінде, Алаш арыстары бастан кешкен 1937-жылдардың іздері жатыр. Осы азапты көрген, сүйген жарынан айырылған қазақ әйелінің драмасын көрдік. Қойылымда «Ақын» деп айтылғанымен, Мағжан Жұмабаевтың өлеңдері оқылып, Зылиханың аты аталғаннан кейін Мағжанның да тағдырын көрдік. Бұл – жалғыз әйелдің зары емес. Сол заманды бастан кешкен аналарымыздың зары болып бізге жетті. Оның үстіне, қандай уақыт болса да заманның ауыр салмағы алдымен әйелдерге түсетіні белгілі. Әйел ерлігі арқылы халық аман қалатыны тағы да аян. Осы жерде Зылиха арқылы қазақ әйеліне тән мәңгілік махаббат, отбасына, жұбайына деген адалдық шыншыл, табиғи берілді. Бұл қойылымның жаңалығы – оқиға әйелдің көзқарасы арқылы баяндалады. Сондықтан да, бұл пьеса эмоциялық бояуға ие болды, – деді жазушы, кинодраматург Смағұл Елубай.
– Корей театры қойылымның кілтін тапқан екен. Спектакльдің көп тұсында халқымыздың ұмытылмас қасіретіне жаңаша көзқарас, пластика, би тілімен берілген ым бар. Буалдыр перденің ар жағында көлбеңдеген бейнелер мен елестердің қимылымен талай дүние айтылады. Автор ретінде режиссерлік шешімдер менің көкейімнен шықты. Әйелдің жасын, аналарымыздың ауызбен айтып жеткізе алмас ауыр қасіретін корей театры түсініп қойғанына ризамын. Мистикалық драма тілімен суық үйде бүрісіп, жарын күтіп қартайған Зылиханың жас кезімен қауышып, жас Зылихамен тілдесуі, ішкі егесі сәтті шықты. Бүгінгі Зылиха мен кешегі Зылиханың сырласуы арқылы басты кейіпкердің ішкі әлемі ашылды. Қазақ әйелі өзінің ерлікке тең азапты махаббатын ақтайтын сөзін жеткізе білді. Бұл режиссердің тапқырлығы, – дейді Жұмагүл Солтиеваның өзі.
Осы арада қоюшы-суретші Юлия Чернова мен мистикалық драманы музыкалық жағынан әрлеген Георгий Юнның қосқан үлесін айту ләзім.
Спектакль аяқталғаннан кейін оңтүстік астанадағы театрсүйер қауым өкілдері өзара ой бөлісіп, спектакль төңірегіндегі пікірлерін ортаға салды.
Мемлекеттік республикалық Корей музыкалық театрының директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Любовь Ни корей театры қазақ драматургтерімен қоян-қолтық жұмыс істеп отырғанын, тағдыры егіз халықтың өнердегі табыстары да ортақ екендігін атап, ұжымның шығармашылық жоспарларымен бөлісті.
Осыған дейін де аталмыш театр Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, драматург Дулат Исабековтің пьесасы бойынша «Мұрагерлер» спектаклін сәтті сахналап, Оңтүстік Корея астанасы Сеул қаласында өткен Халықаралық театр фестиваліне қатысқан болатын.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.
Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.