Қысқы спорт • 15 Ақпан, 2021

Шығыс Еуропа Кубогының VI кезеңіне өтті

355 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы облысының Талғар қаласында орналасқан «Ала­­тау» шаңғы-биатлон ке­­­шенінде шаңғы жарысы бо­йынша Шығыс Еуро­па Ку­богының VI ке­зеңі өз мә­ре­сіне жетті. Тә­уел­сіз­діктің 30 жыл­дығына тұспа-тұс келген халық­аралық шаңғы жарысы клас­­сикалық стильдегі спринт, классикалық стиль­дегі жеке жарыс және еркін стиль­дегі масс-старт бойынша ұйым­­дастырылды.

Шығыс Еуропа Кубогының VI кезеңіне өтті

Елімізде өткен байрақты додаға Қазақстан спортшыларынан бөлек, Ресей, Қырғызстан және Мароккодан келген 70-тен астам спортшы қатысты.

Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйым­дас­тырылатын Шығыс Еуропа Кубо­гы жарысы Халықаралық шаңғы федерациясының қолдауымен 7 ке­зең бойы өтеді. Аталған турнир­де Қазақстан, Беларусь, Ресей және Украина секілді елдердің спорт­шы­лары­на халықаралық рейтингте ұпай иеленіп қана қоймай, әлем кубогына қосымша жолдамаға ие болады. Ал өзге елдің спортшылары бұл жарыстарға жалпы рейтинг ұпай жинау үшін қатысады. Шығыс Еуропа Кубогын Қазақстан осымен екінші рет қабылдап отыр. Бұған дейін 2019 жыл­дың қараша айында осы беделді жарыс Щучинск қаласындағы Ұлттық шаңғы спорты орталығында өткізілген болатын.

Талғар қаласы қабылдаған биылғы жарыстың алғашқы күнінде спортшылар классикалық стильдегі спринт бо­йын­ша сынға түсті. Әйелдер арасында өткен жарыста отандасымыз Анна Шевченко ресейлік спортшы Лилия Васильеваға есе жіберіп, мерейлі екінші орынға ие болады. Қола жүл­дені тағы бір ресейлік спортшы Анас­тасия Москаленко қанжығасына байлады. Ал ерлер арасындағы жарыста алғашқы үш орынды ресейлік спортшылар иеленді.

Екінші жарыс күніндегі класси­калық стильдегі жеке сайысында да ресейлік спортшылар дара шықты. Әйелдер арасында Лилия Васильева бас жүлдені олжаласа, ерлер арасында Андрей Ларьковқа тең келер қарсылас табылмады. Десе де әйелдер арасындағы бәсекеде күміс және қола жүлде отандастарымызға бұйырды. Анна Шевченко мәре сызығын екінші, Тамара Эбель үшінші болып кесті.

Өкінішке қарай, соңғы жарыс кү­нінде еркін стилдегі масс-старт жа­рысында да жерлестеріміз же­ңіс тұ­ғырына көтеріле алмады. Бұл жолы да алтын жүлде Ресей спортшы­ларының қанжығасында кетті. Тек әйелдер арасындағы додада Анна Шевченко екінші орын иеленіп, Қазақстан қор­жынына кезекті күміс жүлде салды. Осылайша үш күнге созылған халық­аралық турнирдің қорытындысы бо­йын­ша жалпыкомандалық есепте Ресей спортшылары үздік атанды.