Хоккей • 15 Ақпан, 2021

Халықаралық турнирде дара шықты

222 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған шайбалы хоккейден Qazaqstan Hockey Open халықаралық турнирінде Қазақстан құрамасының хоккейшілері барлық ойында қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, жарыс жеңімпазы атанды.

Халықаралық турнирде дара шықты

Елордада ұйымдастырылған бай­рақ­ты бәсеке алдындағы баспасөз мәс­лихатында Қазақстан Хоккей феде­рациясының бас директоры Глеб Каратаев жоспар бойынша Нұр-Сұл­танға Оңтүстік Корея командасы мен Еуропаның тағы төрт құрамасы қаты­суға ниет білдіргенімен, сол ел­­дер­дегі төтенше жағдай мен ка­ран­­тин шектеулеріне байланысты Қазақ­станға келе алмағанын мәлім­деді. Үш құрамамен толыққанды жарыс өткізу қолайсыз болғандықтан, ұйым­дастырушылар Қазақстанның жас­тардан құралған екінші командасын шығаруға мәжбүр болған.

– Сондықтан мүмкіндігінше көп ойыншының дайындығын тексеру үшін біз Қазақстанның фарм-құрамасын жасақтап шығардық. Оңтайлы құрамды жинап, барлық жігіттердің шамасын байқауға бұл таптырмас мүмкіндік болды. Мұндай жағдай бізде тек әлем чемпионатының алдындағы жиындарда ғана болатын еді. Енді алдағы уақытта да осындай турнир ұдайы өтіп отырады деп үміттенеміз. Біз бұрын мұндай до­даларға қатысып жүргенімізбен, өз елімізде ұйымдастырмаған болатын­быз. Шайбалы хоккейді кеңінен насихаттау үшін халықаралық тур­нирлерді Қазақстанның өзге де аймақ­тарында, атап айтар болсақ, Алматы немесе Қара­ғандыда да өткізе аламыз. Осылайша еліміздегі ареналар халықаралық стан­дарттарға сай болмақ. Турнир халық­аралық, жол­дастық сипатқа ие, сондықтан екі құра­маның бапкерлері қандай да бір мәселелерді шешу үшін ойыншылармен алмасуға құқылы болады, сол себепті де турнирдің қызығы артпақ, – деді Глеб Каратаев.

Ал бас бапкері Юрий Михайлис құрамаларды «Барыс» пен «Номад­тың» бапкерлер штабы іріктеп алға­нын айтты. «Біз екі құраманы жа­сақтап, мұзайдынға шығуға дайын деген барлық жас ойыншыны ірік­теп алдық. Яғни, алдағы уақытта ұлттық командаға алуымыз мүмкін деген үмітпен шақырдық. «Барыстың» көшбасшы ойыншыларына демалыс бердік, өйткені білесіздер біздің жігіттер наурыз айында Құрлықтың хоккей лигасының плей-офф кезеңінде бақ сынайды. Сондықтан бұл турнирге Қазақстан чемпионатындағы және «Барыста» аз ойын тәжірибесін алып жүрген ойыншыларды жинадық», деді бас жаттықтырушы.

Турнирдегі бәсекелерге тоқталар болсақ, Қазақстанның негізгі құрамы жа­рыстағы тұсаукесер кездесуін Бе­ла­русь хоккейшілерімен өткізіп, ірі есеп­пен жеңіске жетті. Матч бас­талған сәтте ойын тізгінін қолға алған жер­лес­теріміз ә дегеннен есеп ашып үлгерді. Кездесудің 8-минутында Егор Петухов ны­сананы дәл көздеді. Арада 20 секунд өткенде Павел Акользин екінші шайбаны қақ­паға тоғытты. Үзілістен кейін де басым­дықты өз қолдарына алған Қазақ­станның хоккейшілері тағы екі мәрте қақпаны дәл көздеді. 29-минутта Кирилл Панюков таблодағы көр­сеткішті 3:0-ге жеткізсе, 38-минут­та Әлихан Әсетов Беларусь қақ­па­сы­на төртінші голды салды. Үшін­ші ке­зеңде қарсыластар біздің қақ­паға екі шайба соққанымен, артынша Кирилл Па­нюков (47-минут) дубль авторы ата­нып, матчтың нүктесін қойды. Есеп – 5:2.

Халықаралық турнирді сәтті бастаған жерлестеріміз кейінгі матчта да жанкүйерлерді қуантты. Ре­сей хоккейшілерімен өткен ойында 2:1 нәтижесімен басым түсті. Бірінші кезеңнің орта тұсына дейін ойыншылар бір-бірінің қақпасына гол соға алмады. Дегенмен, кезекті бір ша­буылды сәтті түйіндеген айдын иелері ойынның 14-минутында есепті ашты. Роман Старченкодан тамаша пас алған Никита Михайлис Қазақстан құрамасын алға шығарды. Үзілістен кейін қонақтар есепті жылдам теңестіріп кетті. Матчтың 25-минутында Илья Морозов гол салды. Сөйтіп таблодағы көрсеткіш ойынның 53-минутына дейін сақталып тұрды. Матчтың аяқталуына 7 минут қал­ғанда Никита Михайлис дубль жасап, Қазақстан құрамасына жеңіс сыйлады.

Осылайша екі ойында да қарсылас шақ келтірмеген Қазақстан құрамасы елорда төрінде ұйымдастырылған халықаралық жарыста ел мерейін асырып, байрақты бәсекеде топ жарды. Турнир қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасынан екі бірдей ойыншы – Кирилл Панюков пен Андрей Шутов үздік деп танылды.

Қазақстанның екінші құрамы бірінші ойында Беларусь құрамасынан овертаймда 3:2 нәтижесімен басым түссе, Ресейге қарсы өткен шешуші бәсекеде дәл осындай есеппен овертаймда қарсыластарға жол берді.

Турнир соңында Қазақстан құ­рамасының бас жаттықтырушысы Юрий Михайлис мұзайдынға шық­қан барлық ойыншының өне­ріне жоғары баға беріп, жарысты ұйым­дастырушыларға және Қазақ­стан чемпионаты қызған шағын­да командалардың көшбасшы ойыншыларын турнирге жіберген клуб басшыларына алғысын айтты.