Оңтүстік Қазақстан • 15 Ақпан, 2021

Мұрат Әйтенов: Шалғайдағы шағынаудандардың инженерлік инфрақұрылымын дамыту басты назарда

166 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов мегаполистегі инженерлік инфрақұрылым жүйелерін дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды қадағалау мақсатында құрылысы жүріп жатқан 110 кв қоректендіру желісі бар «1-М-1» қосалқы стансасының жұмысымен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz

Мұрат Әйтенов: Шалғайдағы шағынаудандардың инженерлік инфрақұрылымын дамыту басты назарда

Қала әкіміне жауапты мамандар «Асар-2», «Достық» шағынаудандары мен «Қайнар бұлақ», «Солтүстік саяжай» тұрғын алаптардың инфрақұрылымын дамыту бойынша нақты атқарылған істер мен алдағы жоспарларды баяндады.

Мамандардың айтуынша, 11 мың тұрғыны бар Асар-2 шағын ауданын сапалы электр қуатымен қамту мақсатында жүргізілген құрылыс жұмыстары толығымен аяқталған. Алайда, шағын ауданда жаңадан салынып жатқан электр жүйелерінің қосылу көзі болып табылатын «1-М-1» стансасының құрылысы жүруде. Осы жылдың II тоқсанында құрылысы бітсе, шағын аудан сапалы электр қуатымен қамтылатын болады.

Ал «Достық» шағын аудан тұрғындарын сапалы ауыз су жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында жүргізілген құрылыс жұмыстары да бүгінде толығымен аяқталған. Қазіргі таңда су есептегіш құралдарын орнату жұмыстары жүргізілуде. Абоненттеу жұмыстары наурыз айының соңында аяқталып, нәтижесінде, шағын аудан үздіксіз сапалы ауыз сумен қамтылатын болады. Аталған шағын аудандағы табиғи газ құрылысының жұмыстары осы жылдың қазан айында аяқталып, пайдалануға тапсырылады.

Бұдан бөлек, сала мамандары Қайнарбұлақ пен Солтүстік саяжай-2 тұрғын алаптарындағы табиғи газ ауызсу мен электр жүйесімен қамтамасыз ету мәселесін шешу жолдарын айтты.

Қалада инженерлік инфрақұрылым өзекті мәселе екенін айтқан қала әкімі жауапты сала басшыларына бұл бағыттағы жұмыстарды күн тәртібінен түсірмей қарауды тапсырды.

Сонымен қатар қала әкімі коммуналдық-шаруашылық, жалпы құрылыс саласында мамандарды сырттан емес, жергілікті кадрлармен жасақтау, жергілікті тұрғындарды осы салаға көптеп тарту керек екенін айтты. Сондай-ақ өз мамандарымызға сенім артумен қатар оларға жағдай жасаудың маңыздылығына тоқталып өтті.