Аймақтар • 15 Ақпан, 2021

Қостанайда ерекше балаларға арналған оңалту орталығы ашылды

558 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қостанайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қорының қолдауымен ерекше қажеттілікке ие балалар мен жасөспірімдерге арналған оңалту орталығы ашылды. Мұнда аутизм, ДЦП және Даун синдромына шалдыққан балалар емделетін болады.

Қостанайда ерекше балаларға арналған оңалту орталығы ашылды

Орталықтың тренажер залы, әлеуметтік-тұрмыстық бөлмесі, компьютер сыныбы бар.

- Ең бастысы, мұнда емдеу-дене шынықтыру кешені бар. Мұндакішкентай балғындар кәсіби инструктордың көмегімен бір арбадан екінші арбаға ауысуды, еңбектеуді үйренеді, сондай-ақ  арбаны және өз денесін басқару дағдысына машықтанады. Жаттығулар жұмсақ кілемнің үстінде өтеді, - деді орталықтың әлеуметтік мәселелер жөніндегі маманы Марат Айтбаев.

Оңалту орталығының арнайы спорт залы да бар. Мұнда Қостанай облысының паралимпиадалық спорт түрлері федерациясы мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерге арнап 6 стол теннисін, пауэрлифтингпен айналысуға арналған спорт құралдары мен екі сәкі, жүру дағдысын қалыптастыратын жаттығу құрылғысын әкеп  орнатқан. Спорт залдың бір бұрышында 8 кәсіби би арбасы тұр. Орталық мамандарының айтуынша, спорт зал 25 балаға арналған. Мұның сыртында, ерекше мұқтаждыққа ие балаларды тәрбиелеп отырған 25 анаға қызмет көрсете алады. 

- Сәуір айының соңына таман «Қолымнан бәрі келеді» деп аталатын турнир өткізуді жоспарлап отырмыз. Орталыққа келіп жүрген балалардың бұл жерден не үйренгені сол жарыста белгілі болады. Ал мамыр айында аналармен балаларды «Хатико» демалыс орнына апарамыз. Табиғат аясына шыққан балалардың белсенділігі артып, моральдық жай-күйі жақсарады.  Әрі қарай облыс көлеміндегі ерекше балаларды іріктеп алып, спорт секциялары мен үйірмелерге тартуды көздеп отырмыз. Бейімдеу орталығы, ең алдымен, әр балаға өзіне ұнайтын, қолынан келетін спорт түрін таңдап, сүйікті ісімен айналысуына мүмкіндік береді, - деді «Үміт-Надежда» қоғамдық қорының директоры Дүйсенғали Оспанов.  

Ерекше балаларға есігін айқара ашқан оңалту орталығына алғаш келген ата-ананың бірі  - қостанайлық Валентина  Нестерева.  Ұлы 13 жаста, туабітті церебалды сал ауруымен, яғни ДЦП-мен ауырады.   

- Денсаулығы сәл де болса жақсарып қалар деген үмітпен баламды талай жерге арқалап апардым. Осы қаладағы спорт секциялары мен үйірмелердің бәріне апарып шықтым. Енді, міне, бейімдеу орталығындағы арнай кешенде балама керектің бәрі бар, ең бастысы ұлымды ерекше балалармен қалай жұмыс істеу керек екенін жақсы білетін кәсіби мамандар жаттықтырады. Сондай-ақ, балама қажет қызмет түрлері мен оңалту шараларын да бір жерден аламыз, - деді В. Нестерова.

Оңалту орталығында сан саланы меңгерген білікті мамандар жұмыс істейді. Ғимаратта балаларға арналған бірнеше ойын бөлмелері бар. Мысалы, бір бөлмедегі маман балалардың ойлау қабілетін дамытумен айналысса, екінші бөлмеде қимыл-қозғалысқа дағдыландыру ойындары өтеді.

    

 

 

 

 

 

 

 


 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қостанай облысы