Қазақстан • 15 Ақпан, 2021

ІІМ 9 млн-ға жуық мемлекеттік қызмет көрсеткен

421 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз былтыр ведомство 9 миллионға жуық мемлекеттік қызмет көрсеткенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz

ІІМ 9 млн-ға жуық мемлекеттік қызмет көрсеткен

«Ішкі істер министрлігі мемлекеттік қызмет көрсету процестерін оңайлату, олардың сапасы мен халыққа қолжетімділігін арттыру бойынша жұмыстарды жалғастырып келеді. Өткен жылы министрлік құрылымдары 9 миллионға жуық мемлекеттік қызмет көрсетті. Бүгінде ішкі істер органдары көрсететін 40 қызметтің 38-і немесе 95 пайызы автоматтандырылған», деді ресми өкіл онлайн режимдегі брифингіде.

Олардың ішіндегі көп сұранысқа ие – автокөлікті тіркеу, оған 2 миллион 366 мың адам жүгінген.

«2 миллионнан астам азаматқа жеке басты куәландыратын құжат берілді. Миллионға жуығы жүргізуші куәлігін алған. 2 миллионнан астам қазақстандық тұрғылықты жері бойынша тіркелді. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев атап өткендей, ІІМ-нің Мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы ең басты ұстанымы – қызметтерді автоматтандыру, жеделділігін арттыру, ашықтығын қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлықты азайту болып табылады», - деді Н. Ораз.