Аймақтар • 15 Ақпан, 2021

Қант қызылшасын өсіруге құлшыныс артты

825 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Отандық қант өнеркәсібінің сұранысын қанағаттандыру үшін өңірлердегі шикізат өндірісі дамылсыз жұмыс істеуі тиіс. Яғни, қант зауыттарының қалыпты жұмысына қажетті қызылша қорының көп болғаны керек. Бұл талап Алматы облысындағы ауыл шаруашылығының дамуына серпін беріп, тәтті түбір алқабының көлемін арттыруға жол ашты.

Қант қызылшасын өсіруге құлшыныс артты

Былтыр облыстағы қант қызылшасы егілген алқаптың аумағы 16 мың гектарға жеткен. Осы алқаптан 550 мың тоннаға жуық өнім алынды. Ал аймақтағы екі қант зауыты өңдеген таза өнім 50 мың тоннаның үстіне шықты.

- Біз қант қызылшасын өсірумен қатар өңдеу ісін де шештік. Қызылша өсіру өте ауыр жұмысты талап етеді. Сондықтан оның әр тал өнімін шашау шығармай өңдеуді жолға қоюымыз керек болды. Сондықтан біз ең алдымен жылдар бойы тоқтап тұрған Көксу қант зауытын, одан кейін Ақсу қант зауытын іске қостық. Инвесторлар тарттық. Олар зауытты қайта жаңғыртудан өткізіп, отандық, ресейлік, украиналық және басқа да шетелдік ең озық үлгідегі құрал-жабдықтарды орнатты. Сол сияқты зауыттарда бұрыннан істеген мамандарды қайта шақырдық, - дейді өңірдегі өндіріс туралы сөз қозғағанда облыс әкімі Амандық Баталов.

Жалпы, біз бұған дейін Көксу ауданындағы өндіріс туралы жазған болатынбыз. Бұл жолы отандық тұтыну нарығына тонналап таза қант жөнелткен және осы бағытағы өндірісте өзіндік үлесі қалыптасып үлгерген «Ақсу» қант зауытының жұмысына аз-кем тоқталмақпыз. Мемлекеттің қаржылай қолдауының нәтижесінде қайта жаңғырған Ақсу ауданындағы қант зауытының өнім өңдеу қуаттылығы 350 мың тоннадан 500 мың тоннаға ұлғайған екен. Бүгінде өндірісте қалдықсыз өнім дайындау қағидасы іске асып, зауыт қант қызылшасынан шығатын жомды кептіруге арналған және оны түйіршіктейтін желіні де іске қосқан.

- Қызылша жомы – малға таптырмайтын азық. Облыста мал бордақылау алаңдарының қатары артып келеді, сондықтан кептірілген жомды өткізу қиындық туғызбайды. Оның үстіне жаңа технологияның арқасында жом брикеттеліп, құрғақ күйінде жеткізіледі. Сонда ол ұзақ сақталады әрі өзінің пайдалы қасиеттерін жоғалтпайды. Сол сияқты ашытқы зауыты мен құрамажем зауытын салу арқылы өндірісті одан әрі кеңейту жоспарда бар. Сөйтіп, зауыт қалдықсыз өндіретін кәсіпорын болды. Өндірістік қуатын арттырудың арқасында бізге тағы бір зауытты іске қосудың қажеттілігі тумайды. Біз қазір суармалы жерлерді ұлғайтумен, оған қоса қант қызылшасы алқабының көлемін арттырумен айналысып жатырмыз, - деген еді тағы зауыт жұмысы туралы аймақ басшысы Амандық Баталов.

Әрине, зауыттың өнімділігі шикізатқа байланысты екені анық. Яғни, өндірістің өзегі аудандағы қант қызылшасы өсетін танаптардың көлеміне тәуелді. Бұл тұрғыда негізі салмақ Ақсу ауданының шаруаларына түсіп отыр. Өткен жылы ауданда 3167 гектар қант қызылшасы егіліп, одан 87 600 тонна өнім жиналған екен. Тәтті түбірдің орташа өнімділігі гектарына 337,5 центнерден айналыпты. Биыл қызылша алқабы тағы да ұлғайып, 3 315 гектарды құрамақ.

Тәтті түбір танабының аумағын ұлғайтуға шаруалар да мүдделі. Өйткені, жылдан жылға қант қызылшасына қойылған баға өсіп отыр. 2019 жылы 1 тонна тәтті түбірдің құны 18 000 теңге болса, 2020 жылы 22 000 теңге жеткен. Яғни, дайын өнімге мемлекет тарапынан төленетін субсидия 10 000 теңгеден өсіп, 12 000 теңген құраған. Ал «Ақсу қант» зауыты тарапынан белгіленген баға бұрын 8000 теңге болса, былтырдан бастап 10 000 теңгеге көбейген екен.

 - «Ақсу қант» зауыты 2017 жылы қайта түлеп, іске қосылған болатын. Қайт іске қосылған соң жұмыс жасау қарқыны жыл өткен сайын ұлғайып, артып келеді. Алып кәсіпорынның өндіретін өнім сапасы, жаңа технологиялардың арқасында сапасы артып, оң нәтижеге қарай қадам басуда. Биылғы жылы қызылша жомы жаңа технологиялар көмегімен тығыздалып, брекеттелген түрде шығарылды. Бұл өнім аудан тұрғындарымен, алыс жақын аудандарға мал азығы ретінде қол жетімді бағада сатылды.Қант қызылшасының көлемін ұлғайтып, мол өнім алу, қант зауытының жұмысы ауданның басты стратегиясы болып қала береді. Ауданда қант қызылшасын өсірумен айналысатын 6 сервистік дайындау орталықтары жұмыс жасайды, қосымша тағы бір дайындау орталығын құруға сұраныс түсті, - дейді Ақсу ауданының әкімі Есім Базарханов.

Айтпақшы, Ақсудағы қант зауытына іргедегі Сарқан ауданы мен Алакөл ауданының шаруалары өсірген қант қызылшасы тасымалданады. Бұл аймақтарда да тәтті түбір өсіруге деген құлшыныс артып келеді.Өнім көлемі де жыл өткен сайын көбейген. Мәселен, былтыр Сарқан ауданының шаруа қожалықтары 88 мың тоннадан астам қант қызылшасын жинапты.

- Саялы Сарқан өңірі ауыл шаруашылығына қолайлы аудан болғаныдықтан дала жұмыстарының маңызы зор. Соның ішінде қант қызылшасына көңіл бөлініп отыр. Жыл сайын шаруалар гектар санын арттырып, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп, мол өнім алуда. Өткен жылы аудан бойынша тоқсанға жуық жеке шаруа 3 167 гектар жерге қант қызылшасын сеуіп, одан 88 мың тоннадан астам өнім жинады. Шаруаларға әр тоннаға 18 теңгеден барлығы 267,5 млн.теңге субсидия төленді. Биыл 3 315 гектарға тәтті түбір себеміз деп жоспарлап отырмыз, одан шамаман 130 тонна өнім жинау міндеті тұр, - дейді Сарқан аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жандос Өмірсадық.

 

Алматы облысы