Өткені жоқ ел, тарихы жоқ халық болмайды. Өзінің өткен тарихы, құдды бір жұлын-жүйкесіндей, жан дүниесіндей, әрбір асқақ кеуделі ұлттың санасында тұрмақ. Санасына мықтап орнаған осынау төл тарихының салиқалы сабағының мәйегімен қуаттанған әрбір халық өзгелермен иық теңестіреді, терезесін тең сезінеді, кеудесінде намыс пен жігер отын алаулатады, бүгінін айқындап, болашағын бағдарлайды. Міне, осындай ұлағатты тарих мәңгілікті мұрат еткен Қазақ елінде ежелден-ақ бар. Тек сол тарихымыз уақыттың ұлы көшінің қилы-қилы кезеңдерінде, алмағайып белестерінде, өзгенің ырқында болған аумалы-төкпелі замандарда көмескіленіп, бейнесі бұлдырап, беттері жыртылып, анығы бұрмаланып, ақиқаты аласталып, тұтас түзілмей келе жатқан-ды. Түгел тарихымызды қайта түгендеп, барлық шындығымен қопара жазуға Тәуелсіздігіміз жол ашса, осы реттегі тарихшыларымыздың ізденісіне ұлттық тарихты зерттеп-зерделеу, тарихи сананы қалыптастыру орайында мемлекеттік тұрғыдан алға тартылған жаңа талап-міндеттер соны серпін бергені анық. Шетел мұрағаттарында жатқан көп тарихымыз көтерілуде. Біз осы ретте басы қайырылған жұмыстар жайында Ұлттық ғылым академиясының корреспондент- мүшесі, тарих ғылымдарының докторы,
Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бөлім меңгерушісі, профессор Меруерт Әбусейітовамен әңгімелесіп едік.
Өткені жоқ ел, тарихы жоқ халық болмайды. Өзінің өткен тарихы, құдды бір жұлын-жүйкесіндей, жан дүниесіндей, әрбір асқақ кеуделі ұлттың санасында тұрмақ. Санасына мықтап орнаған осынау төл тарихының салиқалы сабағының мәйегімен қуаттанған әрбір халық өзгелермен иық теңестіреді, терезесін тең сезінеді, кеудесінде намыс пен жігер отын алаулатады, бүгінін айқындап, болашағын бағдарлайды. Міне, осындай ұлағатты тарих мәңгілікті мұрат еткен Қазақ елінде ежелден-ақ бар. Тек сол тарихымыз уақыттың ұлы көшінің қилы-қилы кезеңдерінде, алмағайып белестерінде, өзгенің ырқында болған аумалы-төкпелі замандарда көмескіленіп, бейнесі бұлдырап, беттері жыртылып, анығы бұрмаланып, ақиқаты аласталып, тұтас түзілмей келе жатқан-ды. Түгел тарихымызды қайта түгендеп, барлық шындығымен қопара жазуға Тәуелсіздігіміз жол ашса, осы реттегі тарихшыларымыздың ізденісіне ұлттық тарихты зерттеп-зерделеу, тарихи сананы қалыптастыру орайында мемлекеттік тұрғыдан алға тартылған жаңа талап-міндеттер соны серпін бергені анық. Шетел мұрағаттарында жатқан көп тарихымыз көтерілуде. Біз осы ретте басы қайырылған жұмыстар жайында Ұлттық ғылым академиясының корреспондент- мүшесі, тарих ғылымдарының докторы,
Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бөлім меңгерушісі, профессор Меруерт Әбусейітовамен әңгімелесіп едік.
– Құрметті Меруерт Қуатқызы, «Халық тарих толқынында» бағдарламасы аясында бірқатар шетелдерге ғылыми іссапарлар ұйымдастырылып, «Алтын шыққан жерді белден қаз» дегендей, ол жақтың мұрағаттарында көз майын тауыса сарылып жұмыс істеген тарихшы ғалымдарымыздың қанжығасы тарих сүрімен майланып, олжалы оралған көрінеді. Ендеше, әуелгі әңгімені осы сапардың мән-жайы мен мақсатын таныстырудан бастасаңыз?
– Қазақстанның тарихы мен мәдениеті бойынша жаңа мұрағат материалдарын іздеп табу орайында зерттеулер жүргізу мақсатында 10 шетелдің қорына ғылыми іссапарлармен барып қайттық. Тарихымыздың таңбалы жәдігерлері жатқан бұл қайсы елдер десеңіз, олар – Иран, Үндістан, Қытай, Мысыр, Түркия, Моңғолия, Ұлыбритания, Германия, Өзбекстан және Ресей.
Әлбетте, зерттеушілердің жұмысын оңтайлы ұйымдастыру үшін осынау қиын да күрделі жұмыстың кезең-кезеңге бөлінген жоспары бекітілді, нысанаға алынған мұрағаттық қорлар мен кітапханалар айқындалды, күнтізбелік кестеге дейін жасалды. Жұмыстың бағыттары бүге-шігесіне дейін белгіленіп, жауапты ғылыми іссапарларға зерттеушілердің 23 адамнан тұратын айтарлықтай үлкен де пәрменді тобы қатыстырылды.
– Олай болса, Қытай Халық Республикасының Бейжің және Сиань қалаларына жасалған археологиялық ғылыми іссапар жайына біршама кеңірек тоқталыңызшы?
– Мұндағы басты мақсат қазақ-қытай қатынастарының тарихы бойынша архивтік құжаттарды табу және жинақтау, несториандық жөнінде аса құнды тарихи ескерткіштерді, қазақтардың тарихы мен мәдениетіне қатысы бар түркі тайпаларының көне эпиграфикалық ескерткіштерін айқындау болатын. Алдын ала айтсақ, сол мақсатқа жеттік те.
Іссапар алдында тыңғылықты ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді. «Мыңжылдықтар көкжиегі» бағдарламасы шеңберінде Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты мен Қытайдың Бірінші Тарихи архиві арасында Қазақстанның тарихы мен мәдениеті жөнінде жаңа мұрағаттық материалдарды айқындау бойынша келісімшарт жасалды. Бұл 2013-2016 жылдар аралығын қамтиды.
Атқаратын жұмыстар кезең-кезеңмен айқындалды. Пекин мен Сианьның архивтік қорлары мен кітапханалары анықталып, күнтізбелік жоспар жасалды және осының бәрі Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетімен ақылдасып келісілді. Үш адамнан зерттеушілер тобы (Б.Еженханұлы - PhD (History), Азия-Тынық мұхиты аймағы бөлімінің меңгерушісі, А.Мансурова – филология ғылымдарының кандидаты, жетекші ғылыми қызметкер, Ж.Ошан – тарих ғылымдарының кандидаты, ғылыми қызметкер) құрылып, осы ретте қытай қорларында жұмыс істеудің үш бағыты анықталды. Ол үш бағыт мынадай: XVIII-XX ғасырлардағы қазақ-қытай қатынастарының тарихы бойынша архивтік құжаттарды жинау; VІ-XIV ғасырлардағы несториандық жөнінде сирек кездесетін тарихи ескерткіштерді айқындау; VI-IX ғасырлардағы түркі тайпалары мен тарихи тұлғалары туралы эпиграфиялық ескерткіштер бойынша материалдар жинақтау.
– Осыншалықты ыждағаттарыңызға орай ауыз толтырып айтарлық ілкімді нәтижелер де болған шығар?
– Әлбетте, Түркі қағанатының қалыптасу және даму тарихы, тарихи жадыларды қалпына келтіру бойынша түркі тасжазбалары мен қолжазбалар дереккөздерін айқындау, фотоға түсіру және көшірмесін жасау бойынша үлкен жұмыс жасалды, Шыңғыс хан дәуіріне дейін түркі тайпаларының бірыңғай этногеографиялық байланыстарының болғаны туралы мәліметтер берілді. Бұдан басқа, сириялық, түркілік (тасжазба), қытайлық дереккөздердің ауқымды материалдары негізінде Қазақстанның ғана емес, сонымен қатар Орталық Азияның да көшпелі халықтарының этникалық құрамы мен географиялық қоныстануы зерттелуде. Жаңадан табылған материалдар көне түркілердегі жоғарғы биліктің мұрагерлік жүйесін анықтауға мүмкіндік береді.
Ал енді Қытайдың Бірінші Тарихи мұрағаты қорынан табылған архивтік айғақтар, ХVIII ғасырдағы басқа бір қандай болмасын орталықазиялық көшпелі қоғам сияқты, Қазақ хандығы үшін де экономиканың басты тірегі болып табылатын мал шаруашылығы өнімдерін экспорттау айрықша маңызды мәселе болғандығын паш етеді. «Сиюй цзун чжи» («Сиюйдің жалпы жағдайы») атты көне қытай қолжазбасында сол кездері қазақтардың мал шаруашылығы өсіп-өркендеп, Қытаймен мемлекетаралық сауда қатынастарын жолға қоюы арқасында қазақтар қытайдың жібегі, фарфоры сияқты және басқа да салтанатты бұйымдарды молынан сатып алу мүмкіндігіне ие болған деп айтылады.
Қытайдың нақ осы Бірінші Тарихи мұрағатында табылған құнды олжалардың арасында қазақ-қытайлық, қазақ-ресейлік, қазақ-қырғыз, қазақ-қоқандық, қазақ-ойраттық дипломатиялық қатынастары туралы бірегей құнды құжаттар болғандығын атап өткеніміз жөн. Мысалы, қазақ хандары елшілерінің Бейжіңдегі қытай императорына келуіне байланысты қазақ елшілерін грамоталармен марапаттағаны туралы жазбалар өте қызықты. Келесі бір жазба қазақ-қытай саудасы, қазақтардың тұрмысы мен салт-дәстүрі туралы мағлұматтар береді.
Өзінің маңызы тұрғысынан сирек кездесетін Абылай ханға тиесілі ресми хаттар үлкен қызығушылық тудырады. Абылай хан қол қойған хаттар және басқа қағаздар да аралықтың алыстығына қарамастан және біздің заманымызда үйреншікті болып кеткен коммуникациялар жоқ болса да, Қазақ мемлекеті мен Қытай елі арасында өте тығыз қарым-қатынас болғандығына куәлік етеді. Ал қазақ хандарының тұрақтарында дипломатиялық және әлеуметтік-экономикалық сипаттағы хан жарлықтарын шығаратын кеңсе болғаны сөзсіз.
– Абылай ханның 300 жылдығын мерекелеу аясында жақында өткен Халықаралық конференцияда осынау әкелінген материалдардың көпшілігі таныстырылып, көзайым етілген жоқ па?
– Иә, ол да бір рухымызды көтерген өте ғанибет жағдай болды. Іссапар нәтижесінде Қазақстанға, қазақ тарихына қатысы бар 283 томнан тұратын Цинь империясының архивтік құжаттары жеткізілді. Дәлірек айтар болсақ, осындағы барлық құжаттар 1730 жылдың соңы мен 1911 жылдардың аралығын, яғни ұзын-ырғасы 181 жылды қамтиды және қазақ-қытай саяси және экономикалық қарым-қатынастарының мән-жайын кеңінен ашып көрсетеді. Қазақ билеушілерінің көршілес мемлекеттердің билеушілеріне жазған хаттарының арасында Абылай хан, Болат хан, Уәли сұлтан және басқа да қазақ хандары мен сұлтандарының хат алмасуы туралы аса құнды деректер кездеседі. Бұл хаттарда Абылай ханның Цинь императоры Цяньлунмен дипломатиялық қатынастары туралы деректер бар. Мұнда Қазақ хандығы сияқты, Цинь империясында да елшілер алмасу туралы, лауазымды тұлғаларды тағайындау туралы және т.б. жайлар егжей-тегжейлі хабарланады.
Осы арада бір сенсациялық жағдайды айта кетсем деймін. Кезінде Париждегі Гиме мұражайынан итальяндық суретші Джузеппе Кастильонидің «Қазақ елшілері Қытай императорына ат сыйлауда» атты картинасын көріп, көшірмесін алған едік. Сурет 1757 жылы салынған екен. Демек, оқиға да сол кезеңде болған. Суреттен сол дәуірдің тыныс-тіршілігі анық көрінеді. Үш қазақ елшісі мен үш атты бейнелейтін бұл картина Абылай ханның Қытай тарапындағы мәмілегерлігін, оңтайлы саясатын танытқандай. Яғни, осы кезеңде қазақ-қытай арасындағы сенім мен жылы рәуіштің іргесі біршама беки түскен. Біз осындай айғақты тарих жәдігерлерін көптеп тапқанымыз ғанибет болар еді.
Экспедициялар нәтижесі бойынша ҚХР мұрағаттарда жүргізілген жұмыстар туралы есеп әзірленді. Экспедиция материалдары сұрыпталып, солардың негізінде «Көне түркі ескерткіштерінің жинағын», «Көршілес мемлекеттердің билеушілеріне жолданған қазақ хандары, сұлтандары құжаттарының коллекциясын» шығару үшін және қытайлық мұрағатшылармен бірлесе отырып Қазақстан тарихы жөнінде қытай архиві материалдарының каталогын жасау орайында жұмыстар атқарылуда.
– Бұған қоса Моңғолия мен Германиядан әкелінген тарихи айғақтар да біздің бұрынғы ата-бабаларымыз хақында сыр шертпей ме?
– Иә, аталған елдерден өте ерте замандардағы антикалық, түркі сына тас жазулары, көне үнді, қытай дереккөздері негізінде ежелгі көшпелілер тарихы бойынша айғақтардың көшірмелері әкелінді. Олар түркі халықтарының, атап айтқанда, қазақтардың арғы ежелгі тегі және орта ғасырлардағы түрік кезеңі туралы әжептәуір түсінік береді. Мысалы, тас мүсіндердегі белгі-бедерлер әскери иерархия, әскер ісі, этностардың жер-жерге орналасуы, түркілердің дүниетанымы жайлы мағлұматтарға қанықтырады.
Ұлы Жібек жолының бойында сақталған түркілердің құлпытас жазулары мен несториандық ескерткіштерді зерттеудің мән-маңызы аса зор. Қазақстан, Қырғызстан және Қытай аумағындағы несториандық ескерткіштер мәтіндерін салыстырмалы түрде талдау қазақ халқының шығу тегінің, түркі тілі мен жазуының қалыптасу тарихының бірқатар мәселелерін айқындауға мүмкіндік береді. Міне, осы орайда 2000 сандық фотосуреттер, сәулет ескерткіштері суреттерінің 60 көшірмесі, түркі құлпытас жазулары, яғни эпитафиялық ескерткіштерінің 28 көшірмесі алынды.
– Орта Азия мен Таяу Шығыстағы дін қарындас елдер мұрағаттарынан қандай құндылықтарды қанжығаға байладыңыздар?
– Мысыр мен Иранға, Түркия мен Өзбекстанға сапар барысында көптеген жайлардың беті ашылды. Атап айтқанда, түркі хорезмшахтарының тарихы, моңғолдар, ұйғырлар, бүкіл мұсылман әміршілері тарихы, Шыңғыс хан мен Әмір-Темір тарихы орайындағы құнды мұрағаттық материалдардың көшірмелері әкелінді. Бұлардың ішінде «Тарих-и әл-Салжұқ», «Тарих-и Жәлеледдин Хорезмшах», «Маджа әл-ансаб», «Тарих-и Улжайту», «Китабкамил фи-т-та′ рих» сынды шығармалар моңғол кезеңіне дейінгі және сол кезеңдегі Қазақстан мен Орталық Азия тарихы бойынша бірегей дереккөздер болып саналады. Оларда Мәуреннахрдағы түркі тайпалары, түркі хандары туралы мәліметтер, Тұран-Түркістан қалаларының сипаттамалары бар. Осы реттегі мұрағат материалдарының 177 көшірмесі мен 1530 кадрлық микрофильм алынды.
– Үндістандағы, Ресей мен Ұлыбританиядағы ізденістер кезінде біздің баба тарихымызға қатысты шығыс қолжазбалары табылған екен-ау?
– Біздің бағымызға қарай бұл баға жеткісіз олжалар Бодлеан және Британ кітапханаларында, Рампур және Хайдарабад қалаларындағы Қолжазбалар институтында, Қалмақ Республикасының ұлттық мұрағатында сақталыпты. Әсіресе, Қазақ хандығының құрылуындағы ең бір бұлыңғыр да бұлғақты кезең – ХІV ғасырдың аяғы мен ХV ғасырдың басында Дешті-Қыпшақта болған саяси оқиғалар бойынша көптеген нақты мағлұматтар беретін «Қыпшақ хандары тарихының» мәнділігін атап айтуымыз керек. Осынау дереккөзді егжей-тегжейлі зерттей келе, оның ХVІ ғасыр мен ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысы аралығындағы Қазақстан мен Орталық Азия тарихы жөніндегі аса маңызды әрі құнды жәдігер екендігіне көз жеткіздік.
Сондай-ақ, «Нусрат-наме» және «Муиззал-ансаб» бірегей тізімдерін ерекше атап өткен ләзім. Оларда қазірге дейін белгісіз болып келген және ХІV-ХVІІ ғасырлардағы нақтылы тарихи оқиғаларды зерттеу орайындағы маңызы өте зор тамаша 15 миниатюра, оған қоса ХVІ-ХVІІ ғасырлардағы Қазақ хандары мен сұлтандарының тарихын баяндайтын Махмуд-ибн Уәлидің «Бахр-ал-асрар» атты шығармасы берілген. Бұл дегеніңіз, Әбілхайыр хан, Мұхаммед Шәйбани хан, Керей мен Әз-Жәнібек хандар, Абдолла хан және басқа белгілі тұлғалар билігі тұсындағы қазақ мемлекеттігінің даму дәуірі. Жоғарыда аталған шығармалардың мәтіндері қазақ мемлекеттігінің тарихи сабақтастығы мен дәстүрлерін нақтылы деректермен ғана емес, көзге көрінетін миниатюралық суреттермен де алғаш рет дәйектеп отыр. Бұл құжаттардың айрықша құндылығы да сонда.
– Ұлттық тарихымыздың осынау шеттен табылған ұлан-ғайыр айғақ-деректерін ой елегінен өткізіп, ғылыми айналымға қосу да өз алдына үлкен ыждағатты еңбекті қажет ететін болар?
– Қазірде сараптамалық жұмыс тобының мүшелері шетелдік қорлардан табылған жаңа жазба дереккөздерді, архивтік материалдар мен артефактілерді айқындау жөнінде жүргізілген жұмыстардың нәтижелері туралы талдамалық баяндама әзірлеуде. Ол үшін, әлбетте, жинақталған архивтік материалдар мұқият зерттелуде. Сонымен бірге, шетел мұрағаттарындағы ізденістер де үзілмей, жалғаса түсуде.
Археографиялық шетелдік экспедициялар барысында Шығыстану институтының ғалымдары тапқан тамаша әралуан артефактілер қазақ мемлекеттігі тарихындағы ақтаңдақтардың орнын толтырады. Тарихи материалдар өткен ғасырларда Қазақстан көршілес мемлекеттермен тең дәрежелі саяси, экономикалық, дипломатиялық, тарихи-мәдени қарым-қатынастар ұстанған күшті мемлекет болғандығын айғақтап дәлелдейді. Археографиялық экспедиция нәтижелері қазақ халқының көне және ортағасырлық тарихы мен мәдениетін әрі Қазақстанның әртүрлі мемлекеттермен өзара қарым-қатынасын одан әрі байыпты жалғастыру үшін салиқалы негіз жасап берді. Түгел тарихымызды түгендеп түзілдіру үшін осылай тірнектеп іздену қажеттігін алда да назарда ұстауға тиіспіз.

*Абылай ханның Цинь императоры Цяньлунға ойрат тілінде жазып, Тарбағатай губернаторы арқылы жолдаған хаты. 1774 жыл. Мөрдегі бедер: «Абылай ибн Бахадүр Уәли-сұлтан».

* Қазақ тарихына қатысы бар Цинь империясының құжаттары
(барлығы 283 том, 72812 құжат).
Әңгімелескен
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан».