Қайта жаңғыртылған паркте қала тұрғындары үшін волейбол, баскетбол, теннис және спорттық жаттығу алаңдары мен субұрқақ салынған.
Ашылу салтанатында сөз алған Асқарбек Темірбекұлы жаңарған саябақтың заманауи кескініне ерекше тоқталып, ескінің естеліктерін көненің көзіндей сақтап, бүгінгі күнге маңызын жоғалтпай жеткізген құрылысшыларға алғыс білдірді. Сонымен бірге саябақ ел игілігіне ұзақ жылдар қызмет етіп, келушілерге қолайлы демалыс ортасына айналарына сенім білдіретіндігін жеткізді.
Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадионның аумағын абаттандыру қалада атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың бірі. Қазір онда 9 мың шаршы метр жерге кеспе тас төсеу жұмыстары жүргізілуде. Келесі кезекте орындықтар мен түнгі жарық шамдар орнатылмақ. Аталған аумақты жаңғыртуға 65 адам жұмысқа тартылып, құрылыс жұмыстарын маусым айында аяқтау жоспарлануда.