Қоғам • 16 Ақпан, 2021

Жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру – уақыт талабы

234 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Демократиялық қоғамды дамытудың алғышарттарының бірі – жергілікті өзін- өзі басқару мәселесін жетілдіру – еліміздің тарихында күн тәртібінен түспей келе жатқан маңызды мәселе. Оны іске асырудың тиімді тетіктерінің бірі – жергілікті әкімдіктерге іскерлігі мен біліктілігі келіскен адамдарды сайлау.

Жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру – уақыт талабы

Ұзақ жылдар бойы ауылдық округтің әкімі болатын адамды облыс әкімінің келісімімен аудан әкімі тағайындап келді. Бірақ бұл үдеріс тиімділік бермеді. Өйткені өзін тағайындаған аудан әкіміне жалтақтаған ауыл әкімінің көбі тұрғындармен ынтымақтаса жұмыс істей алмады. Оның үстіне, жасыратыны жоқ, көптеген аудан әкімі ауыл әкімі етіп, айтқанынан шықпайтын «өз адамдарын» тағайындайтын болды. Ал мұндай адамдардың көбі жергілік­ті жерде жұмыс жүргізіп жарыт­па­ды. Сондықтан ауылдық округтердің әкімдерін халықтың өзі сайлау керектігі туралы мәселенің маңыздылығы күннен-күнге арта берді.

Жалпы, ауыл әкімдерінің сай­лауын өткізу міндеті «Қазақстан-2050» Стратегиясында алға қойылған болатын. Соған орай ел Президентінің 2013 жылғы 24 сәуірдегі Жарлығына сәйкес, сол жылғы тамыздың 5-і мен 9-ы аралығында республиканың 14 облысында барлығы 2 457 аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдық округтердің, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттер мен ауылдардың әкімдерін сайлау өтті. Ал оларды сайлау өкілет­тігі мәслихат депутаттарына беріл­ді. Осылайша әкімдер сайлауы тура емес, жанама сайлау құқығы негізінде өткізілді.

Бірақ ауылдық округ әкімін тұрғын­дардың тікелей сайлауы керектігі туралы мәселе үнемі туындап тұрды. Сол пікір ескеріліп, еліміздің біраз жерлерінде эксперимент ретінде ауылдық округ әкімдерін тура сайлау мәселесі қолға алынды. Соның ішінде Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының Володар ауылдық округі әкімі сайланды. Бұл 11 мыңнан артық тұрғыны бар, аудан орталығы Саумалкөл ауылында орналасқан округ болатын.

Әкім сайлау үшін үміткерлердің үгіттік баспа материалдарын БАҚ-қа, арнайы орындарға орналастыру, таңдаушылармен кездесу үшін үй-жай ұсыну шығындарын аудан әкімдері анықтады. Бірақ мұның аудандық бюджеттерге артық шығын жүктегеннен басқа тиімділігі жоқ екендігі көрінді. Сайланған әкім де ұзақ жұмыс істемей, басқа қызметке ауысып кетті.

Содан әкімді таңдаушылар сайласын деген тәртіп шықты. Сөйтіп, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға 2017 жылғы 11 шілдеде енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, сол жылдың 4-24 тамызы аралығында  аудандық маңызы бар қалалар, ауылдық округтер, ауылдық округтің құрамына кірмей­тін кенттер мен ауылдар әкімдері сай­ланды. Олардың жалпы саны 2440 екен. Әкімдердің өкілеттік мерзімі 4 жыл болып белгіленді. Ауыл әкім­дерін сайлауды ұйымдастыратын орган облыстық, аудандық (қалалық) сайлау комиссиялары болды. Бір орынға ұсынылған үміткерлер орта есеппен 2,8 адамнан келді. Ал сайлайтын таңдаушылардың тізімін мәслихат хатшыларының ұсынуы бойынша аудандық сайлау комиссиялары жасады.

Сол жолы сайланғандардың бірі – Солтүстік Қазақстан облысы, Есіл ауданы Заградов ауылдық округі­нің әкімі Берік Төлегенов. Оның ал­ғашқы мамандығы техник-механик бол­ғанымен, жоғары білімді Ресейдің Қорған қаласындағы университетінен психолог мамандығы бойынша алыпты. 53 жастағы азамат ауылдық округтің әкімі болып 2008 жылдан бері еңбек етіп келеді. Психолог білімінің адамдармен ортақ тіл табысуына жәрдемі тиеді екен. Он үш жылға аяқ басқан қызметінде тұрғындардың құрметіне бөленіп, аудандағы беделді әкімдердің бірі саналады. Ауылдық округке Заградовка ауылынан басқа, Тонкошуровка, Горное, Жамбыл елді мекендері қарайды. Тұрғындар саны 1200-дің төңірегінде, ұлттық құрамына қарасақ, орыс пен украин басым.

Біз Берік Тілегенұлынан сайланған әкім мен тағайындалған әкімнің айырмашылығы қандай екенін сұрадық. «Әрине сайланған әкімнің артықшылығы көп. Жоғары жаққа алаңдамай, жұртпен жұмыс істейсің. Сайланған ауылдық округіміздің белсенділерімен ақылдасып, бюджетті қалай бөлуді, қандай мәселелерді алдымен көтеруді өзіміз шешеміз. Осындай жұмыста көпшіліктің өзіңе деген сенімін сезінесің. Сондықтан да жұмысқа деген ынтаң да артады. Ал тағайындалған кезде бәрін аудандық әкімдікпен ақылдасып отыруың керек. Алайда ондағылар жергілікті мәселені жете біле бермейді. Сондықтан бәрі жүрдім-бардым қаралып, ешнәрсені түпкілікті шеше алмайтын едім», дейді ол.

Әрине адамдардың сенімінен жоғары ештеңе жоқ. Әкімдердің халыққа жа­қын болуы да осы сенімге тікелей бай­ланысты. Мемлекет басшысының был­тырғы Жолдауына сәйкес биыл ауыл әкім­дерінің сайлауы өткізілетінінен хабардар жұртшылық алдағы уақытта болатын саяси өзгерістерге үлкен үмітпен қарап отыр.

 Солтүстік Қазақстан облысы