Десе де жерлестеріміз «Үлкен дулыға» санатындағы жылдың ең алғашқы турнирінде үздіктер санатынан көрінбесе де, біршама материалдық жағдайын түзеп алды. Мәселен, еліміздің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина жарыстың екінші айналымына жеткені үшін 130,7 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы алды. Алайда ол былтырғы жетістігін қайталай алмағандықтан, әлемдік рейтингте 1-2-орынға төмен сырғуы мүмкін. 2020 жылы Рыбакина 1/16 финалға дейін жеткен болатын. Ал биылғы Australian Open бәсекенің үшінші кезеңіне дейін жетіп, былтырғы жетістігін қайталаған Юлия Путинцева мен Зарина Диас 178,9 мың доллар табыс тапты. Бірінші кезеңнен әріге аса алмаған Ярослава Шведова 91,8 мың долларды қанағат тұтты.
Ерлер арасында еліміздің үздік теннисшісі Александр Бублик жекелей сында екінші, жұптық сында үшінші кезеңге дейін жетіп, әлемдік рейтингтегі 45-орнын сақтап қалды. Осы жетістігінің арқасында ол қалтасын 144,4 мың долларға қалыңдатты. Михаил Кукушкин екінші кезеңге дейін жетіп – 95,3, тек жұптық сында өнер көрсеткен Андрей Голубев Бубликпен бірге үшінші кезеңге шыққаны үшін 25,2 мың доллар олжалады.