Елордада өткен жеребе тарту нәтижесі бойынша, турнирдің жартылай финалындағы алғашқы ойын 2 наурызда былтырғы ел чемпионы – «Қайрат» пен күміс жүлдегер Қостанайдың «Тобылы» арасында өтеді. Ал 3 наурызға жоспарланған екінші жартылай матчта Қарағандының «Шахтері» елорданың «Астана» клубымен кім мықтыны анықтайды. Ал үшінші орын үшін өтетін матч 5 наурызда, финалдық кездесу 6 наурызда ұйымдастырылады. Суперкубок ойындары жуырда ғана пайдалануға берілген Түркістандағы «Түркістан-Аренада» өтеді.
Айта кетейік, турнирдің жалпы жүлде қоры 40 млн теңгені құрайды (шамамен, 94,7 мың доллар). Ал жеңімпаз атанған клубқа Қазақстан Суперкубогы мен 25 млн теңге (шамамен 59,2 мың доллар) тапсырылады.