Қоғам • 16 Ақпан, 2021

Батыс Қазақстанда Әділет департаменті қызметінің 93,7 пайызы электронды түрде жасалады

205 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында өткен жылы Азаматтық хәл актілерін тіркеу орындары туу туралы 13614 жазба, қайтыс болғаны жөнінде 6595 акт жазбасын тіркеген деп хабарлайды Egemen.kz

Батыс Қазақстанда Әділет департаменті қызметінің 93,7 пайызы электронды түрде жасалады

Бұл туралы облыстық Әділет департаменті басшысының орынбасары Естай Рәшқалиев хабарлады.

Мәліметтерге қарағанда өңірдегі туу туралы тіркеу саны 2019 жылмен салыстырғанда 13 401-ден 13 614-ке көбейген. Неке қию туралы жазбалар да көбейіп, керісінше неке бұзу жазбасы өткен жылғымен салыстырғанда төмендеген. Облыс бойынша жалпы тіркелген акт жазбаларының саны 25163-ке жетіп, 2019 жылмен салыстырғанда 1,5%-ға көбейген.

– 2020 жылы Батыс Қазақстан облысы Әділет департаменті жалпы саны 1116 мемлекеттік қызмет көрсетті. Оның 1046-сы, яғни 93,7%-ы электронды түрде жасалды, – дейді Естай Рәшқалиев. Таратып айтсақ, өңірде адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер 16 тұлғаны, нотариаттық қызметпен айналысу құқығына үміткер 9 тұлғаны, жеке сот орындаушысы қызметімен айналысу құқығына үміткер 10 тұлғаны аттестациялау бойынша құжаттар тіркелген екен.

Әділет органдары атқаратын мемлекеттік қызметтің бір парасы – коммерциялық емес заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу, олардың филиалдары мен өкiлдiктерін есептiк тiркеуге қатысты. Осыған сәйкес, өткен жылы Батыс Қазақстан облысында 92 заңды тұлға жаңадан тіркелсе, 207 ұйымның құрылтай құжаттарына өзгертулер мен толықтырулар енгізілген. 95 ұйым қайта тіркеуден өтіп, 55 заңды тұлға таратылған.

– Осы уақыт ішінде 71 заңды тұлғаны, олардың филиалдары мен өкілдіктерін заңды тіркеуден бас тарттық. Заңды тұлғаларды тіркеу бойынша облыс соттарына 6 талап арыз түсіп, оның үшеуі қанағаттандырылды. Әділет департаментінің өзі Қазақстан Республикасы «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» заңының 16-бабына сәйкес 25 талап-арызды сотқа жолдап, оның 24-і қанағаттандырылды, – дейді Естай Рәшқалиев.

Тіркеу кезінде төленетін міндетті төлемдерден бюджетке 2 011 691,5 теңге қаражат түскен.