Технология • 17 Ақпан, 2021

Зымыран апаттарының зардабын зерттеді

1076 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ғалымдар «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшырылған зымырандар апа­тының экологиялық зардабын зерттеді. Зерттеуге 1999-2018 жылдар аралығындағы 6 апат арқау болған. Зерттеудің қоры­тынды мәліметтері Environmental Pollution ғылыми журналына жарияланды.

Зымыран апаттарының зардабын зерттеді

Бұл зерттеуді Ресей ғалым­да­ры жүргізді. «1999 және 2018 жылдар аралығында Қазақ­стан­­дағы ғарыштық зымыран апат­тарының экологиялық салдары» атты ғы­лыми мақаланы Ломо­носов атын­дағы Мәскеу мем­лекеттік универ­ситетінің 5 ға­лы­мы бірігіп жаз­ған.

Ғалымдар зерттеу қорытын­дысында 6 апаттың ішіндегі ең жойқыны және ресейлік ғарыш индустриясындағы ең ауыр эко­ло­гиялық зардап әкелген апат ретінде 2013 жылы «Протон-М» зы­мыран тасығышының құлаға­нын атап өтті. Бұл туралы мақа­лада: «Апат болғаннан кейінгі күні канцерогендік симметрия­сыз диметилгидразин мен нитро­зодиметиламин, сондай-ақ апат болған топырақтардағы нитрат мөлшері оның рұқсат етілген ең жоғары концентрация­ларынан сәйкесінше 8900 есе асып түсті. Жұмсарту шарала­рына топырақты 10% H2O2 және 1% темір комплеконаты ері­­­тінді­сімен усыздандыру, то­пы­рақты қазу және жырту кірді», делінген.

Осыдан соң 2017 жылы, нақты айтқанда, апат болғаннан кейін төрт жыл өткен соң тағы зерттеу жүргізілген. Жоғарыда аталған ғылыми мақалада топырақтың химиялық құрамы қалыпқа кел­гені туралы мәліметтер кел­тірі­ліп, қолданылған әдістің тиім­ді бол­ғаны жазылыпты. Алай­да топы­рақтың ми­кро­био­тасы (микро­организмдер қауым­дас­тығы) әлі толық қал­пына келмеген. Ал апаттың бол­ғанына 8 жыл өтті.