«Жыртқыш журналдар» деген не?
Алдымен осы сұраққа жауап тауып алғанымыз жөн шығар. Ғылым жасауда ғылыми-зерттеулердің нәтижесінде жазылған мақаланы халықаралық журналдарда жариялаудың маңызы өте зор. Ғылыми жобалар мен зерттеулерді қаржыландыратын гранттарды алу, оның есебін тапсыру кезінде де мақала жариялау талап етіледі. Айтпақшы, үміткер қандай да бір ғылыми дәрежеге қол жеткізу мақсатында, мәселен, PhD докторлық диссертацияны қорғауға рұқсат алу үшін де ғылыми журналдарда мақала жариялауы тиіс. Өз бетінше жариялауды жөн көретіндер тағы бар, мұндай ғалымдар кәсіби жетістіктерді көздеп үнемі ізденіспен жүреді. Міне, осы талаптанудан туатын бір проблема бар. Бұл – ғалымдардың «жыртқыш журналдардың» «қақпанына» түсіп қалуы. Негізінен мұндай басылымдарды «жалған журналдар» деп те атайды.
Уикипедияның ағылшын нұсқасында «Жыртқыш журналдар» кейде тек жазуға арналған басылым деп аталады. Мұндай журналдар авторлардың мақалалар сапасы мен заңдылығын тексермей, редакциялық және баспа қызметтерін ұсынбай жариялағанына ақы алуды көздейді. Ал заңды академиялық журналдар ашық дереккөздерде қолжетімді емес. Баспагерлердің айтуынша, дамушы елдердің жаңа ғалымдары (ғылымға енді келгендер, яғни тәжірибесі аздар) әсіресе «жыртқыш журналдарға» алданып қалады. Осы мәселеге қатысты жүргізілген зерттеуге сүйенсек, «жыртқыш журналдарда» жарияланған мақалалардың 60 пайызына жарияланғаннан кейінгі 5 жыл ішінде ешқандай сілтеме жасалмаған», деп түсініктеме беріліпті.
Баспалардағы «жыртқыштық» – пайда табудан, кіріс кіргізуден туған қулық. Нарық заманында, сананы тұрмыс билеген шақта мұндай пысықтық бізге үйреншікті көрініске айналғандай. Алайда ғалымдар үшін мұндайға қалыпты қарап, зерттеулері туралы мақалаларын саналы түрде «жыртқыш журналдарға» жариялау, «жалған басылымдарда» аты-жөнінің жүруі абырой әкелмейді.
Зерттеушілер зерттеу жүргізуді білмейді
Елімізде докторанттар докторлық диссертациясын қорғауға жолдама алу үшін халықаралық журналдарда мақала жариялауы тиіс. Ал сол студенттердің көбі ғылымға қадам басса да, кейбірі тіпті докторантураны бітіргелі жүрсе де «жыртқыш журналдар» жөнінде білмейді екен. Бұл туралы бізге осы тақырыпқа қатысты кәсіби блог жүргізіп, жас зерттеушілердің сауатын ашумен айналысып жүрген ғалым, Назарбаев Университеті Жоғары білім беру мектебінің зерттеушісі, PhD докторы Лаура Қарабасова айтты.
– Әлеуметтік желідегі парақшамда осы тақырыпта жиі жазамын. Өткен жылы тегін тренингтер де өткіздім. Жас ғалымдарға академиялық адалдық принципіне негізделген ғылыми карьера жасау, беделді журналдарға мақала жазу және «жыртқыш журналдардың» қақпанына қалай түсіп қалмауға болатыны туралы ақпарат беремін. Отандық университеттердің докторанттары жекеме шығып, көмек, кеңес сұрайды. Олар тіпті «жыртқыш журналдар» деген ұғымның барын білмейтін секілді әрі мақала жариялауда ақша төлеу міндетті деп түсінеді. Оларға «Өз саламдағы үздік, яғни бірінші квартильге кіретін журналдарда жалғыз автор ретінде үш мақалам, бірінші автор ретінде бір мақалам жарияланған, бірақ сол үшін ешқандай ақша төлемедім» десем, таңғалады. Сондықтан жас ғалымдарды біреудің қолынан келген іс екіншінің де қолынан келетінін айтып жігерлендіремін, – дейді ол.
Сарапшымыз «Неге біздің қазақстандық ғалымдар рейтингі жоғары журналдарға мақала жариялауға қиналады?» деген сұраққа көп уақыт жауап іздеген екен. Сөйтіп мұның бірнеше себебі барын анықтапты.
– Әрине ең алдымен жас ғалымдардың журнал индексациясы, журнал метрикасы мен күмәнді журналдар базасын тексеру және журнал іздеу секілді қарапайым дағдыларды меңгермеуі себеп болады. Қалыпты жағдайда журналға мақала жариялау процедурасы қандай болатынын білу де маңызды. Екіншіден, эмпирикалық зерттеуге негізделмеген, түпнұсқа мәлімет ұсына алмаған әрі зерттеу әдістемесі әлсіз түсіндірілген мақала әлбетте жақсы журналдарға керек емес. Мен әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар туралы айтып отырмын. Зерттеудің этикалық талаптарға сай жүргізілуі де – журналдар қоятын талаптардың бірі. Біздің ЖОО-ның көбінде Этика комитеті жоқ. Университет басшылары осыған назар аударуы тиіс. Үшінші, біраз университетте зерттеу әдістері жаңаша стандарттармен оқытылмайды. Пәндердің тізімінде тұр, бірақ өкінішке қарай, аты бар, заты жоқ. Студенттермен сөйлескеннен білемін, ЖОО-дағы 1-курс докторанттарына арналған оқу бағдарламасында «Зерттеу әдістері» немесе «Зерттеу философиясы» деген әдемі атаулар бар. Алайда оны кім оқытып жатыр, сол пәннен сабақ беретін оқытушының өзі зерттеумен айналыса ма? Ол қандай кәсіби даярлықтан өткен? Міне, мәселе осыдан шығады. Біз әуелі ғалымдар даярлаудағы түйткілдердің түйінін тарқатып алуымыз керек, – дейді Л.Қарабасова.
Ғалымның айтуынша, ғылымға қадам басқандар бір нәрсені түсініп алғаны абзал. Журналдар «ашық қолжетімді» (open access) және «жабық қолжетімді» (close access) деп екіге бөлінеді. «Жабық» жағдайда қолжетімді журналдардың бәріне мақала шығару тегін. Өйткені мұндай журналдар жазылымды талап етеді. «Ашық қолжетімді» журналдарға жариялау ақылы, бірақ бірден автордан ақша сұрамайды. Алдымен редакция алқасы мақаланың жарамдылығын тексереді де, рецензияға жібереді. Ғалымның мақаласы туралы қараған бірнеше рецензенттің сын-пікірі келуі керек. Беделді басылымдарда мақаланың шығуын кейде ғалымдар бір жылға дейін күтеді. Ал «жыртқыш журналдарда» рецензиялау жүйесі жоқ және тез жариялайды.
Сан сапаны төмендетті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы, PhD доктор Жексенбек Тоқтарбай докторантураға грант санын көбейткеннен сапасыз кадрлардың саны артқанын айтады.
– Мен 2012 жылы докторантураға құжат тапсырғанда 4 адам ғана түстік. Қазір 60 адам түседі. Білім және ғылым министрлігі ғылыми жетекшіге қойылатын талаптарды күшейтті. Бірақ сол талаптарға сай келетін мамандар өңірдегі ЖОО-да тұрмақ, ұлттық университеттің өзінен табылмай қалады. Әрине бар, дегенмен олардың саны көп емес. Докторанттар көп, бәріне бірдей лайықты жетекші жоқ. Оның үстіне жетекшіліктің жауапкершілігі жоғары, оған төленетін қосымша үстемеақы өте төмен болғандықтан, көбі докторант алғысы да келмейді. Содан амалсыз біліктілігі сай болмаса да табылған жетекшіге жазады. Ал өзі зерттеу жүргізіп, мақала жазып, жариялап көрмеген адам не үйретеді? Қазір докторантураға бөлінген грант санының артқанына қуанып жүрміз ғой, ақиқатында бұл сапаны мүлде түсіріп жіберді. Нақ ғылымды қалайтындар емес, стипендия үшін ғана түсетіндер көп. Олар әдетте стипендияны алып жүріп оқиды да, қорғамай кетіп қала салады. Осы жүйені өзгертуіміз керек. Мемлекеттік грантқа оқыды ма, міндетті түрде ғылыми тақырыбын қорғасын, қорғай алмаса, грантты қайтаруды міндеттеу қажет. Сонда ғана нағыз ғылым жолына түсуді қалайтындар келеді. Құр атақ пен стипендия үшін оқитындар жалған ғылым жасайды, – дейді Ж.Тоқтарбай.
Оқытушы-ғалымның пікірінше, отандық зерттеушілердің «жыртқыш журналдардың» қақпанына ілініп қалуына олардың осы тақырыптағы танымының тарлығы, білімінің жетіспеуі себеп болады. Өйткені олар «Қандай журналға жариялау керек? Оның жалған журнал екенін қайдан білуге болады, қалай ажыратамыз?» деген салмақты сауалдарға нақты жауап бере алмайды. Мәселен, тәжірибелі ғалымдардың өзі «Q1», «Q2» болса, керемет журнал деп ойлап қалады. Басқа жағын тексермейді. Ал квартилі жақсы болғанымен, h-индексі төмен басылымдар бар. Міне, осы туралы жеткілікті білім берілуі тиіс.
– Жоғарыдағы әріптесімнің сөзімен келісемін, жоғары білімнен кейінгі білім беруде алдымен зерттеу жүргізуге үйреткен жөн. Мысалы, мен химия факультетінде оқитын магистранттарға «Ғылыми жобалар мен зерттеулерді ұйымдастыру және жоспарлау» атты пәннен сабақ беремін. Сонда студенттерге, яғни болашақ ғалымдарға Scopus базасындағы журналдарға талдау жасау жөнінен дәріс оқимын. Ал еліміздегі көп ЖОО-да мұндай пән оқытылмайды, – дейді болашақ ғалымдарды оқытып жүрген ғалым.
Талаптан талап туады
Осы ойдан кейін біз 2020-2021 оқу жылына докторанттарды даярлауға арналған мемлекеттік грант санын қарадық. Химия мамандығына 100, физика саласына 110, математика және статистикаға 60 грант бөлінген. Ал жыл сайын 100 ғылыми докторды даярлайтын 100 химик-ғалым бар ма? Міне, осыдан-ақ жыл сайын ғалымдарды емес, «жалған ғалымдардың әскерін» ғылыми «майданға» қосатынымызды анық көруге болады.
Отандық ғалымдардың әлеуеті мен соңғы жағдайдағы қарқынына талдау жүргізетін маман елімізде тым тапшы. Солардың бірі – профессор Болат Кеңесов. Оның ойынша, ғылыми дәреже, атақ алуға немесе гранттық жобалар бойынша есептерді тапсыруға «жыртқыш журналдардағы» мақалаларды жаратпай тастау керек. Сонда біраз мәселе өздігінен шешіледі.
– Білім және ғылым министрлігі ақырындап бұл талапты енгізіп, «жыртқыш журналдардағы» мақалаларды есепке алмауға уәде беріп отыр. Маңыздысы жалған басылымдардағы ғылыми еңбектерді еш жерде, ешбір жағдайда есепке алмай қойса, көп мәселе шешімін табады. Бұдан бөлек гранттық немесе бағдарламалық-нысаналы қаржыландырудың конкурстық құжаттамасында ашық қолжетімді басылымдар үшін төлемді делдалдарға емес, тікелей баспагерге ғана жасау рұқсат етілуі керек. Содан соң гуманитарлық ғылымдар бойынша халықаралық журналдарда мақала жарияламай-ақ диссертация қорғауға мүмкіндік берген жөн. Мысалы, диссертацияны Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманың тәуелсіз емтиханынан кейін қорғауға жіберуге болады. Бәрінен бұрын ғалымдарға ажырату оңай болу үшін базадан шығып қалу қаупі жоғары, күмәнді журналдарды анықтап, оның тізімін жариялау бойынша зерттеу жүргізу қажет. Осы мәселеге қатысты зерттеушілерге танымдық тренингтер ұйымдастырылуы керек, – деді Б.Кеңесов.
2018 жылы атақты Nature ғылыми журналының сайтында «Қытай академиялық заң бұзушылықты жою үшін кең ауқымды реформалар жүргізеді» (China introduces sweeping reforms to crack down on academic misconduct) деген тақырыппен көлемді журналистік мақала жарияланды. Сонда Қытай елінде отандық және халықаралық сапасыз журналдардың «қара тізімі» жасалатыны, сол тізімдегі басылымдарға шыққан мақалалар қандай да бір ғылыми атақ немесе грант алуға жарамайтыны, ал «жалған журналда» жүрген ғалымға бірінші ескерту, екінші рет қайталанса жұмыстан шеттету қарастырылатыны көрсетілген. Иә, бұл – көрші мемлекет әзірлеген плагиатқа, академиялық алаяқтыққа қарсы күреске бағытталған кешенді бағдарламаның бір парасы ғана...
Осындай қадамға бару жауапты министрлік үшін қиын шығар. Бірақ бұл материалымызға арқау болған Scientometrics басылымының «Scopus-тағы жалған жарияланым: елдер арасындағы айырмашылықтар туралы дәлелдер» атты зерттеуінің кіріспесінде Қазақстанның «жалған ғылым» жасайтын ел ретінде көрінгенінен ауыр емесі анық. Ең бір көңілге қаяу түсіретіні, осы жағдай Scopus базасы мен Web of science дерекқорындағы «Үздік жарияланым», «Ең көп сілтеме» номинацияларымен әлем зерттеушілерінің арасында көш бастап жүрген санаулы ғалымдарымыздың еңбегін жоққа шығарып тұр.