Қаржы • 17 Ақпан, 2021

ЕАЭО аясында теңгемен сауда жасау көлемі өсті

199 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еуразиялық экономикалық одақ елдері ұлттық валюта­ларының әлемдік саудадағы үлесі 2 пайызға жуық. Алайда одақтың өз ішіндегі сауданың 74 пайызы ұлттық валютамен жүргізіледі. Сауда операцияларында бұрын рубльдің үлесі басым болса, соңғы уақытта теңгенің де белсенділігі артты.

ЕАЭО аясында теңгемен сауда  жасау көлемі өсті

Коллажды жасаған Қонысбай Шежімбай

Еуразиялық даму банкінің жақында жариялаған сараптамасында ұлттық валюталар­дың қазіргі ахуалы және келешек­тегі өсу әлеуетіне талдау жасалды. Ресей мен Қазақстан арасындағы саудада теңгенің үлесі 5 пайызға жеткен. 2013 жылы бұл көрсеткіш небәрі 2 пайызды құраған еді. Үшін­ші елдермен сауда-саттықта ЕАЭО ұлттық валюталарының импорт төлемдеріне қызмет көрсетудегі үлесі шамамен 24 пайыз болған. Ал экспорттағы ұлттық валюталардың үлесі бар болғаны 9 пайызға жеткен. Бұл төлемдер негізінен доллармен жүзеге асатын отын-энергетикалық өнімдер экспортының едәуір үлесімен байланысты.

«Қазақстанның ЕАЭО елдерімен сауда байланысында теңге үлесі рубль үлесіне қарағанда аз. Алайда сауда операцияларына көрсетілген қызметтерде теңге белсенді пайдаланылып жүр. Әсіресе оның айтарлықтай үлесін Қыр­ғызстанмен сауда қаты­насы­нан байқауға болады. Егер Қазақ­стан мен Қырғызстан ара­­сындағы сау­дада теңге үле­сі 2013 жылы 15 пайыз бол­са, 2019 жылы 19 пайызға жетті. Ресей мен Қазақстан ара­сын­дағы саудада теңге үлесі 5 пайызға жетті», делінген зерттеуде.

ЕАЭО елдерінің үшінші елдермен импорттық сауда байланысындағы доллар үлесі жыл санап төмендеп келе жатыр дейді банк. Соңғы жеті жылда доллардың үлесі 43-тен 37 пайызға кеміген. Ал одақ елдері арасындағы сауда қатынасындағы ұлттық валюта үлесі 74 пайызға дейін жетіп отыр.

Банктің жазуынша, одақ елдері неғұрлым доллардан алыстаған сайын соғұрлым экономикасы жандана түспек.

«ЕАЭО аясындағы интегра­циялық процестер жалпы эко­номикалық мәселелерді ғана емес, өңір дамуына сер­пін беретін терең проблема­лар­ды шешуге де ықпал ете­ді. Дол­ларлану деңгейінің төмен­деуі ЕАЭО елдерінің одан әрі тиім­ді дамуының маңызды шарт­тары­ның бірі», деп жазады Еура­зиялық даму банкі.

Дегенмен доллардың үстем­дігін ешкім де түбегейлі жоққа шығара алмайды. Әлемдік резервтің 60 пайызы доллармен жасалса, еуроға резервтік активтердің 20 па­йызы тиесілі. Британия фунты мен жапон иенасының үлесі 5 және 6 пайызды құраса, қытай юанының үлесі 2 пайызға бағаланған.