Аймақтар • 17 Ақпан, 2021

Соңғы сарматтардың ізі табылды

667 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өткен жылы Ақтөбе облыстық музейінің археологиялық экспедициясы Ойыл, Шалқар, Ырғыз аудандарында қазба жұмыстарын жүргізіп, бұрын тізімге енгізілмеген бірқатар этнографиялық ескерткіштерді анықтады. Мұның қатарында ежелгі адамдар тұрағы, қорғандар, орта ғасырлық кесене орны, мешіт, қоршаулар сияқты этнографиялық ескерткіштермен бірге ежелгі өркениеттің материалдық дүниелері де бар.

Соңғы сарматтардың ізі табылды

Олар негізінен тас ғасыры адамдары­ның тұрақтары, қола және ерте темір дәуіріндегі құрылыстардың қалдықтары, орта ғасыр адамдарының қолымен жасал­ған материалдық мәдениет үлгілері.

Ойыл өзенінің сол жақ жағалауындағы Самбай, Шөптікөл, Ақшатау, Көптоғай қорымдарындағы обаларға қазба жұмыс­тары жүргізілді. Көптоғай ауылынан 25 шақырым ежелгі қорымға қазба жұмыс­тарын жүргізу кезінде ер адам жерленген обадан шіріген темір семсер, ат әбзелдері табылса, оның жанындағы әйел обасынан қыш ыдыстар, қола айна, түйреуіш, тікпе айылбас шықты. Бұл қорымдағы жерлеу дәстүрі және ол жер­ден табылған ер адамның қаруы мен әйел­дің әшекей бұйымдары кейінгі сармат кезеңінің адамдары тұтынған заттармен өте ұқсастығын көрсетті. Сонымен қатар ғарыштан түсіріл­ген фотосуреттер мен аэрофотосуреттер және қорымдарға жүргі­зілген қазба жұмыс­тары нәтижесі осы жерде біздің зама­нымыздың II-IV ғасырында кейінгі сармат мәдениетінің ірі тайпалық одақтары тіршілік еткенін анықтады.

Осыдан екі жыл бұрын Ырғыз ауда­нындағы Шеңбертал ауылының тұрғыны Сыдық Молдабеков облыстық тарихи-өлкетану музейіне хабарласып, адам сүйектері мен заттар жарты­лай жер бетіне шығып жатқан Ыр­ғыз бен Шетырғыз өзендерінің қиы­лы­сын­дағы ескі оба туралы хабарлады. Археологтер екі жыл бойы зерт­теу нәтижесінде Ор мен Ырғыз өзен­дері ара­лығын мекендеген ежелгі бақта­шы­лар мен ерте темір дәуірінде металл қоры­тумен айналысқан адамдар тұра­ғын анықтады. Осылайша, Әйтеке би мен Ыр­ғыз аудандарының аумағында жа­ңа тас ғасы­ры адамдарының тұрағы, қола дәуірі мен ерте темір ғасырының қорым­дары та­был­ды.

Ойыл өзенінің сол жағалауында, Қа­ра­тал ауылынан екі шақырым Қаз­ды­арал деген жерде де ежелгі адамдар тұ­ра­­ғы анықталды. 2012 жылы Қаратал ауы­­лының тұрғындары Ойыл өзенінің аңға­­рындағы Қаздыарал құмынан адам сүйектері мен құмыра, қанжар сынық­тары табылғанын айтып, Ойыл аудандық музейіне хабарласқан болатын. Сол жылдың сәуір айында облыстық тарих, этнография және археология орталығы мен Ш.Берсиев атындағы аудандық музей қызметкерлері Қаздыаралдан табылған заттарды жинастырып, облыс­тық музей қорына тапсырды.

Өткен жылы Қаздыаралда жүргізілген қазба жұмыстары кезінде тағы да қыш құмыралар, сәндік сырға, білезік, пы­шақ, найза ұшы табылды. Биыл музей архео­логтері Ойыл, Мәртөк, Әйтеке би және Бай­ғанин аудандарына экспедицияға шығып, тарихи және этнографиялық ескерт­­кіш­тердің тізімін түгендеуді жос­парлап отыр.

Баян ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»