Туризм • 17 Ақпан, 2021

Оралдық турагент алаяқтығы үшін сотталды

199 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Оралдық ерлі-зайыпты өткен жылы шетелге қыдырып қайтпақ болып, турагентке ақысын төлегенімен, соңы сергелдеңге айналған. Жақында сот алаяқ турагентті жазаға тартты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Оралдық турагент алаяқтығы үшін сотталды

Оқиға 2019 жылдың шілде айында болған. Ерлі-зайыптылар Орал қаласындағы туристік агенттіктерінің біріне жүгінеді. Жасалған келісім шартқа сәйкес, олар қыркүйек айының 9-16 аралығында Самара қаласынан ұшу арқылы Түркияның Анталия курортына тур жоспарлаған. Турдың құны 481 980 теңгені толық төлеген. Алайда Самара қаласының халықаралық Курумоч әуежайында оралдық туристер көрсетілген рейстің жолаушылар тізімінде жоқ екендігі анықталады. Әуежай менеджері агенттіктің электронды билеттері қолдан жасалған деп мәлімдейді.

Оралға қайтып келген ерлі-зайыпты агенттіктің иесіне талап-хат жіберген. Алайда туроператордың кінәсінен саяхаттың шырқы бұзылды дегенді алға тартқан олар кінәсін мойындамайды. Абай полиция бөліміне жолданған өтініш те еш нәтиже бермейді. Өтініш тіркелгенімен, келісім-шарттық қатынастарға сілтеме жасалып, қараусыз қалдырылады.

Осыдан кейін саяхатшылар сотқа жүгінуге мәжбүр болды.

Орал қаласының №2 соты азаматтық істі қарау кезінде «К» жеке кәсіпкері туристік агенттердің мемлекеттік электрондық тізіміне енгізілмегенін анықталды. Сонымен қатар, нақты құжаттардың орнына жауапкер талапкерлерге жалған туристік пакет берген. Атап айтқанда туроператордың «Sanmar» ваучері, ал ваучердің төменгі жағында «Space Travel» туроператоры деп көрсетілген. Нақты жолдамаларда екі түрлі оператордың аты-жөні болмауы керек және түпнұсқада берілуі керек. Сонымен бірге турпакетке ақы төлеу кезінде қолма-қол түбіртек беріліп, фискалды түбіртек берілмеген.

Компанияның жауабына қарағанда «К» жеке кәсіпкері олармен ешқашан ынтымақтастық туралы келісім жасамаған болып шықты. Экскурсияға ұсынылған құжаттар түпнұсқа бола алмайтындығы анықталды. Өйткені «Sanmar» туроператорында өзіндік жолдамалар бар, оны өзгерту мүмкін емес болатын.

Осы дәлелдер жинала келе, туристік қызметтерді көрсету келісімшарты жалған деп танылды. Келісімшарт бойынша төлемнің барлық сомасын және сот шығындарын өндіру туралы талап қанағаттандырылды.

Өз кезегінде сот турагенттің іс-әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылықтың бар-жоқтығын бағалау үшін Орал қаласының прокурорына, сондай-ақ агенттік қызметінің заңдылығын тексеру үшін мемлекеттік кірістер департаментіне хабарлама жолдаған болатын.

Осы жеке қаулылар бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті сотталушыны әкімшілік жауапкершілікке тартты, ал прокуратура алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастап, оның материалдары сотқа жіберілді.

- Бүгінгі күні Орал қалалық сотының үкімімен туристік компанияның иесі алаяқтық қылмысы бойынша кінәлі деп танылып, 4 жыл мерзімге бас бостандығы шектелді. Ол жазасын өтеудің барлық кезеңінде жылына 100 сағат мәжбүрлі жұмысқа тартылады, - дейді Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз хатшысы Нұргүл Қанатбаева.