Аймақтар • 17 Ақпан, 2021

Қызылордадағы модульді аурухана сәуір айында пайдалануға беріледі

253 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Аймақта 200 орындық модульді жұқпалы аурухананың құрылысы өткен жылы аяқталды. Құрал-жабдықтары орнатылып, сәуір айында пайдалануға беріледі. Бұл туралы бүгін халық алдындағы есебінде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қызылордадағы модульді аурухана сәуір айында пайдалануға беріледі

Індетпен күрес шаралары әлі жалғасуда. Өйткені, коронавирус толықтау ауыздықталған жоқ. Қазір облыс «жасыл аймақта». Егер жағдай күрделенсе қосымша 3200 төсек-орын мен 3500 медицина қызметкерінен тұратын кадрлық резерв дайын тұр.Екі айға жететін дәрі-дәрмектің қоры бар. Оған бюджеттен  488 млн теңге қаржы бөлінді.

"Әлемді шарпыған індет біздің аймағымыз үшін де үлкен сынақ болды. Дегенмен барша халықтың берекелі бірлігінің, тынымды тірлігінің арқасында бұл қиындықты да еңсере білдік.Сыр халқы ешқашан қиындыққа мойыған емес. Бұл жолы да біз бірлігімізді көрсетіп, қиын сәтте бір-бірімізге қолдау білдірдік. Қазіргі таңда жаппай вакцинациялау жұмыстары жүргізілуде. Вакцина салдыру – әр адамның жеке қалауы. Мәжбүрлеу жоқ. Ең маңыздысы, әр адам өзінің, туыстары мен жақын адамдарының денсаулығына мұқият болуы керек. Бұл – бүгінгі күннің талабы",-деді облыс әкімі.

Облыста тоғыз ПЦР аппараты жұмыс жасауда. Тұрғындардан тәулігіне 1000-1500 сынама алынуда. Жалпы, облыстағы медициналық ұйымдар қажетті жабдықтармен толық қамтылды. Көпбейінді облыстық және Қазалы ауданаралық ауруханаларында оттегі стансалары іске қосылды.