Қоғам • 17 Ақпан, 2021

Биыл Алматыда ЭКО-ға 800 квота бөлінді

411 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Тұрғындармен өткізген есептік кездесуінде қала әкімі Б. Сағынтаев алматылықтардың WhatsApp әлеуметтік желісіне жазған «Президент квота жайлы айтқан еді. Алматыға қанша квота бөлінеді және оған кімдер жауапты?» деген сауалына да жауап берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Биыл Алматыда ЭКО-ға 800 квота бөлінді

«Аңсаған сәби» мемлекеттік бағдарламасы ағымдағы жылдың қаңтар айынан басталды. Осы бағдарлама аясында ЭКО-ға бөлінетін квота саны 7 есеге – 7000-ға дейін ұлғайтылды.

«Алматыға 800 квота бөлінді. Оған қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жауапты. Келесі жылы 300-350 квота деп министрлік тарапынан жоспарланып отыр. Республикалық бюджеттің тарапынан келіп жатқан қаржы. Оның кімдерге берілетіні құрылып жатқан комиссия арқылы мамандармен бірге басқарманың төңірегінде шешіледі», - деді қала әкімі.

Айта кетсек, өткен жылы қалада ЭКО-ға 130 квота бөлінген болатын. Әйелді ЭКО-ға жіберу туралы шешім қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасы жанынан құрылған комиссия отырысында қабылданады. Бүгінгі күні кезекте 700-ден астам әйел тұр.