– Бұл емдеу әдісі иммуниттеті күшейтіп, тыныс алу жүйесін, өкпенің желдетілуін жақсартады. Бронх ауруын емдеуге және суық тиген жағдайда да жәрдемі болады. Ал арнайы тұз бөлмесінің ерекше жабдықталуы адамның орталық жүйке жүйесіндегі тежелу процестерін қалпына келтіруге ықпал етеді. Бөлменің шамадан тыс белсенді, мазасыз балаларды тыныштандыратын да әсері бар, –дейді орталық директоры Замира Әбілдаева.
Сондай-ақ, орталықтағы балаларға биылдан бастап дәрігерлер нұсқауымен оттегі коктейлі (кислородный коктейль) беріле бастады. Бұл ағзаны қажетті мөлшерде оттегімен қанықтырып, жүрек-қан тамырлары мен тыныс алу жүйелеріне жақсы әсер етеді. Сондай-ақ іш қатуын алдын-алып, ас қорыту жолдарының жақсаруына ықпалы зор. Дәрігерлердің айтуынша, оттегі коктейлі ағзаның қорғаныш қасиеттерін, стресске төзімділігін арттырып, денсаулықты жақсартады.
Орталықтағы мамандар ерекше күтімді қажет ететін балалардың қимыл-қозғалысын жақсарту үшін күнделікті оңалту, жаттығу сабақтарын ұйымдастырады. Мұндай жаттығулар кезінде вертикализаторлар мен көпфункционалды орындықтар да тиімді қолданылады.