Орталықтың негізгі мақсаты – ұлттық мәдениет пен тағлымды тарихты, тұнық тәрбие мен өнегелі әдебиетті өне бойларына терең сіңірген зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар мен қаламгер-тілшілердің елеулі еңбектері арқылы парасатты қоғам қалыптастыру. Бұл ретте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп, ел аумағында орналасқан кітапханаларда «Парасатты жол» орталығын ашу бастамасын қолға алған.
Кітапханада өткен игі шарада бірегей жаңа жобаның мақсаты мен міндеті ортаға салынып, орталықтың алдағы жұмыс жоспары таныстырылды. Келелі жиынға елімізге белгілі жазушы Мархабат Байғұт, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай, қарымды қаламгерлер мен қоғам белсенділері, БАҚ өкілдері, сондай-ақ облысқа қарасты аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің мамандары бейнебайланыс арқылы қатысты.
Пайымды пікірлер мен орамды ойлар ортаға салынған шарада сөз алған Мирас Асқарбайұлы игі бастама Түркістан өңірінде адалдық атмосферасын қалыптастыруда айрықша маңызға ие екендігін атап өтті. Сондай-ақ жиынға қатысушылар облысқа қарасты 392 көпшілік кітапханаларда «Парасатты жол» орталығын ашу талай жастың санасына сілкініс жасауға және оқырман қауымның таным-түйсігіне ізгі ой қалдыруға, бармақ басты, көз қысты әрекеттерден алшақ болып, ізгілікті істердің ізін жалғастыруға едәуір ықпал ететініне сенімді екендіктерін білдірді.