Қоғам • 18 Ақпан, 2021

Бағбандықтың бағы бар

858 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазіргі нарықта жеміс-жидекке және оның өңделген өнімдері – джем, тосап, кептірілген жемістер, тағы басқаларына сұраныс жоғары. Ауыл тұрғындары бағбандықпен айналысып, жеміс ағашын баптап өсіріп, өнімін жинаса, пайдаға кенелер еді. Әсіресе, еш кәсібі жоқ, жұмыссыз отырған отбасылар бақша баптаса, бұл бақтың өніміне мемлекеттік тапсырыс беріліп, тұрғындардан сатып алу мәселесі жолға қойылары сөзсіз.

Бағбандықтың бағы бар

 Жаңа жобаның ерекшелігі қандай?

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев өзінің әлеуметтік желідегі парағында өңірде «Менің аулам – менің бағым» атты жаңа жоба қолға алынатынын хабарлады. Оның мәнісі енді «Еңбек» бағдарламасы аясында қайтарымсыз грант есебінен тұрғындарға жеміс-жидек көшеттері берілмек.

«Мемлекет жыл сайын «Еңбек» бағ­дарламасы бойынша 100-580 мың теңге ара­лығында қайтарымсыз гранттар бөліп келеді. Биыл Батыс Қазақстан облысы тұрғындарына 800 млн теңгеге жуық қаржы беру жоспарланған. Осы кезге дейін біздің тұрғындар бұл грант­тарды көп жағдайда құс өсіру үшін, тігін машиналарын, кондитерлік жаб­дық­тарды, шаштараз құралдарын, т.б. сатып алуға алады. Бірақ, өкінішке қарай, өткен жылдары грант алғандардың ішінде тек 15-20%-ы ғана өз кәсібін жүргізіп, тұрақты табыс көзін таба алған», дейді Ғ.Есқалиев.

Облыс әкімдігінің бастамасымен биыл­дан бастап бағдарламаға грант есе­бінен жеміс-жидек бұталары мен ағаш­тардың көшеттерін беру ұсынысы енгі­зілген. Бұл бастама қайдан туындады?

Өңір басшысының айтуынша, бүгінгі таңда жеміс-жидек пен оның өң­делген өнімдеріне сұраныс артқан. Сондай-ақ өңірде еш кәсібі жоқ, еңбек жасында болса да жұ­мыс­сыз отырған отбасылар көп. Осын­дай отба­сыларға қайтарымсыз грант есебінен же­міс-жидек көшеттері берілсе, тәжі­рибелі тәлімгер жеміс ағаштарын күтіп-баптау, оның жемісін экологиялық таза өңдеу жө­нінде ғылыми кеңесін көрсетпек. Сөйтіп табысы аз отбасылар өз үйінің жанынан өнім өсіріп, табыс табады. Ең бастысы, бұл бақтың өніміне мемлекеттік тапсырыс бері­ліп, тұрғындардан сатып алу мәселесі жол­ға қойылмақ. Яғни ауыл тұрғыны жеміс ағашын баптап өсіріп, өнімін жинап, тосабын жасап, нарық бағасымен мемле­кетке өткізеді.

«Біздің жерлестеріміз осы кәсіпті үйреніп, сүйікті тірлігіне айналдыра алады. Халықтан осы бизнесті дөңгелетіп әкетуге мүмкіндік беретін шешімдерді және осы жобаны одан әрі дамытуға арналған идеяларды күтеміз. Мысалы, мектеп аймағында ұжымдық бақ ұйымдастыру үшін нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу, мектеп пен бақшаны жалға алушылар арасындағы мүдделер тепе-теңдігін сақтау секілді құжаттар қажет болуы мүмкін. Бұл жобаны кеңірек дәріптеу үшін түрлі вебинарлар өткізіп, БАҚ бетінде кеңірек насихаттау қажет. Осы кезден бастап әр үйді аралап, кімнің бау-бақша өсіргісі келетіндігін анықтап, қандай көмек керегін анықтайтын волонтерлер жұмысын ұйымдастыру керек», дейді Ғ.Есқалиев.

 ь

Сараптама не дейді?

Осы идеяны ұсынар алдында облыс әкімдігі өңірде қалыптасқан ахуалды әбден зерттеп, түрлі сараптама жүргізген екен. Солардың кейбіріне көз жүгіртейік.

Әдетте аз қамтылған отбасылардың әлеуметтік көрсеткіші – атаулы әлеуметтік көмек алуымен, жан басына шаққандағы табыс мөлшерімен, ауласындағы малымен, айналысатын кәсібімен өлшенеді. Тіпті ел ішінде «атаулы әлеуметтік көмек алу үшін мал ұстамайтындар бар» деген түсінік те басым. Алайда әр ауылдағы тұрмысы төмен отбасылардың тізімін алып, олардың тұрмыстық-материалдық ахуалына талдау жасаған кезде қызық картина пайда болған.

Сонымен...

Батыс Қазақстан облысындағы 424 елді мекеннің жартысынан көбінде, яғни 237 ауылда атаулы әлеу­меттік көмек алатын бірде-бір адам жоқ екен. Ауылда тұратын 222 919 адамның 1 421-і ғана АӘК алады, бұл жалпы ауыл халқының 0,64 пайызы ғана.

Бірақ АӘК алмайтын халықтың жағдайы жақсы, тұр­мысы жоғары деуге келмейді. Сараптама көрсет­кендей, ауылдарда еңбекке қабілетті 12 414 адам жұ­мыссыз. Сырым ауданының Алғабас, Бұлдырты, Қазталов ауданының Әжібай, Теректінің Шағатай секілді ірі елді ­мекендерінде жұмыссыздық көрсеткіші жоғары. Мәсе­лен, Сырым ауданы бойынша Алғабас ауылында – 418, Бұл­дыртыда – 236, Жымпитыда – 218 адам, Қазталов ауда­нының Әжібай ауылында – 518, Қараөзенде – 130, Қазталовта – 542, Бостандықта – 103, Жалпақталда – 250 адам, Теректі ауданының Шағатай ауылында – 237, Барбастауда – 108, Аң­қатыда – 105, Подстепнойда – 802, Федоровкада – 207, Ақжайықта – 106 адам, Бөкей орданың Бисен ауылын­да – 173, Бәйтерек ауданының Сұлукөл ауылында 115 адам сенделіп бос жүрген көрі­неді. Әсіресе аудан орта­лықтарында кәсіпсіз жүрген кісі көп. Жаңақала ауданының орталығында – 438, Қара­төбеде – 117, Жәнібекте – 341, Тасқалада – 191, Шыңғырлауда 190 адам жұмыссыз.

Сараптамада ауыл тұрғындарының ауласындағы мал басы да есепке алынған. Бұл мәліметтерге көз салсаңыз, тіпті шошисыз. Ақжайық ауданында 775 отбасының қорасында «тышқақ лағы» да жоқ екен. Бұл дегеніңіз 2 764 адам ет пен сүтке мұқтаж деген сөз. Қаратөбе ауданында 517 отбасы мал ұстамайды. Сырым ауданы бойынша 874 шаңырақтың қорасы бос. Осылайша әр ауыл, әр отбасының тұрмыстық ахуалына талдау жасалған.

– Ауылдағы нақты көріністі білу үшін біз осындай зерттеу жұмысын жүргіздік. Біздің ойымызша, бабын тауып өсірген бақ иесіне жыл сайын тұрақты кіріс әкеледі және келешекте 3-8 млн теңге көлеміндегі жеңілдікпен шағын несие алуға мүмкіндік береді, – дейді облыс әкі­мінің орынбасары Аманжол Алпысбаев.

Диқандық пен бау-бақшамен айналысу үшін ең ке­рек нәрсенің бірі – су. Батыс Қазақстан облысы соң­ғы жылдары су тапшылығынан көп қиындық көріп келеді.

– Біз оны да ескердік. Бізде жерасты суы жоқ емес, бар, тек ащы. Қазір осы судың сынамаларын алып, Ақтөбедегі арнайы ғылыми мекемеге жібердік. Кейбір қоспалар арқылы бұл суды тұщытуға, бақ суаруға жарамды етуге болады, – дейді Аманжол Әлиханұлы.

оо

 

Маманның пікірі

Кішкентайынан кетпен ұстап, диқаншылық еткен оңтүстік қазағындай емес, батысқазақстандықтар бақташылыққа бейім дейміз. Алайда мұндай қасаң қағида дұрыс емес екен.

Архив құжаттары 1920-1930 жылдары облыстың барлық ауданы егіншілікпен айналысқанын айғақ­тайды. Ал осыдан 200 жылдай бұрын ордасын құм басып қалмас үшін Нарын құмына қарағай ектірген Жәңгір хан­ның тоғайы бүгінге дейін жай­қалып тұр. Яғни жүйелі, ғылыми не­гізде жасалған жұмыс міндетті түрде жеміс береді. «Ме­нің аулам – менің ба­ғым» жобасын ұсынушылар да бұл істі кәсіби маман­ның бақылауымен, қадағалауымен жүргізбек.

Ол маманның бірі – Қайрат Кәрімов. Орал қала­сының іргесінде С.Исаев атындағы халықаралық экспе­рименталдық коллекциялық тәлімбақты өз қар­жысына құрған бағбан туралы көп айтуға болады. Бұрынғы 5 гектарлық алма бағын алып, 2012 жылдан бері бақ өсірумен шұғылданып жүрген Қайрат өз ісіне жан-тәнімен берілген. Қазір ол әйгілі ғалым-селекционер Мичуриннің тікелей шәкірті – Сергей Иванович Исаевтың ісін жалғастырып, алманың 200, жүзімнің 175 түрін өсіріп отыр. Қайрат баптаған эксперименталды бақтың жұмысына бүгінде дүние жүзінің, ТМД аумағының бағбан-ғалымдары көз тігіп отыр. Өйткені бұл бақтағыдай толық коллекция Ресейдің өзінде жоқ. Ең кереметі, Қайрат баптаған жеміс ағаштары Қазақстанның қатаң континенталды климатына бейімделген, аудандастырылған тұқым саналады. Қайрат «Менің аулам – менің бағым» жобасына қатысушыларға жеміс-жидек бұталары мен ағаштарының көшеттерін сатып, оны өсіруге ғылыми қолдау көрсетуге келісіп отыр. Мұндай тәжірибелі бағбанның кеңесі бақты баптау барысында қателік жібермеуге және көп өнім алуға көмектесері анық.

– Жыл өткен сайын табиғаты тозып, жері шөлейт­теніп бара жатқан Қазақстан жағдайында жерімізді көгалдандыруға, ағаш егуге, орман-тоғай өсіруге ерекше көңіл бөлмесе болмайды. Жасыл желек көбейсе, көп мәселе өзінен өзі шешіледі – жерасты сулары қайта оралады, жердің құнарлы қабаты пайда болады, құм басу тоқтайды, ауа райы өзгереді. Халқымыз осыны түсінуі тиіс, экологиялық мәдениет көтерілуі керек, – дейді Қайрат Боранбайұлы.

 

Батыс Қазақстан облысы

 

P.S. Қазақстанда 2005 жылдан бері қолға алынған «Жасыл ел» бағдарламасының да мақсаты елімізде орман алқабын ұлғайту, жасыл желекті көбейту екені анық. Бірақ қағаз жүзінде керемет болғанымен, кез келген жаңа бастаманы жүзеге асыруға көп қажыр-қайрат, еңбек керек. Байқағанымыз, жаңа жобаны ұсынушылар санға емес, сапаға, нақты нəтижеге ұмтылғысы келеді. Жаңа жобаға əсіресе мектеп ұжымдары ерекше қызығып отыр. Өйткені мектеп жанындағы қосалқы шаруашылық тəжірибесі көпшілікке бұрыннан таныс. Дегенмен, «Еңбек» бағдарламасында айтылғандай, ауылдағы табысы төмен отбасылар «Менің аулам – менің бағым» жобасын қолға алып, табыс таба бастаса, өңірде жаңа тренд қалыптасса, халық та, табиғат та ұтар еді. Жоба авторларының алыстан көздегені де осы болса керек.