Аймақтар • 18 Ақпан, 2021

Қызылша жомынан – қыруар пайда

555 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Отандық қант өнеркәсібінің сұранысын қанағаттандыру үшін өңірлер­дегі шикізат өндірісі дамылсыз жұмыс істеуі тиіс. Яғни қант зауыттарының қалыпты жұмысына қажетті қызылша қорының мол болғаны керек. Бұл талап Алматы облысындағы ауыл шаруашылығының дамуына серпін беріп, тәтті түбір алқабының көлемін арттыруға жол ашты.

Қызылша жомынан – қыруар пайда

Былтыр облыстағы қант қызылшасы егілген алқаптың аумағы 16 мың гектарға жеткен. Осы алқаптан 550 мың тоннаға жуық өнім алынды. Ал аймақтағы екі қант зауыты өңдеген таза өнім 50 мың тоннаның үстіне шықты.

– Біз қант қызылшасын өсірумен қатар, өңдеу ісін де шештік. Қызылша өсіру өте ауыр жұмысты талап етеді. Сон­дықтан оның әр тал өнімін шашау шығар­май өңдеуді жолға қоюымыз керек болды. Сондықтан ең алдымен жыл­дар бойы тоқтап тұрған Көксу қант зауытын, одан кейін Ақсу қант зауытын іске қос­тық. Инвесторлар тарттық. Олар зауыт­ты қайта жаңғыртудан өткізіп, отан­дық, ресейлік, украиналық және басқа да шетелдік ең озық үлгідегі құрал-жаб­дық­тарды орнатты. Сол сияқты зауыт­тарда бұрыннан істеген мамандар­ды қайта шақырдық, – дейді өңірдегі өнді­ріс туралы сөз қозғағанда облыс әкімі Амандық Баталов.

Мемлекеттің қаржылай қол­дауы­ның нәтижесінде қайта жаңғырған Ақсу ауданындағы қант зауытының өнім өңдеу қуаттылығы 350 мың тоннадан 500 мың тоннаға ұлғайған екен. Бү­гін­де өндірісте қалдықсыз өнім дайын­дау қағидасы іске асып, зауыт қант қызылшасынан шығатын жом­ды кептіруге арналған және оны түйіршік­тейтін желіні де іске қосқан.

– Қызылша жомы – малға таптырмайтын азық. Облыста мал бордақылау алаңдарының қатары артып келеді. Сондықтан кептірілген жомды өткізу қиындық туғызбайды. Оның үстіне жаңа технология арқылы жом брикеттеліп, құрғақ күйінде жеткізіледі. Сонда өнім ұзақ сақталады әрі өзінің пайдалы қасиет­терін жоғалтпайды. Сол сияқты ашыт­қы зауыты мен құрамажем зауытын салу арқылы өндірісті одан әрі кеңейту жоспарда бар. Сөйтіп, зауыт қалдықсыз өндіретін кәсіпорын болды. Өндірістік қуатын арттырудың нәтижесінде бізге тағы бір зауытты іске қосудың қажеттілігі тумайды. Қазір суармалы жерлерді ұлғайтумен, оған қоса қант қызылшасы алқабының көлемін арттырумен айналысып жатырмыз, – деген еді өңір басшысы.

Әрине, зауыттың өнімділігі шикізатқа бай­ланысты екені анық. Яғни өндірістің өзегі аудандағы қант қызылшасы өсетін танап­тардың көлеміне тәуелді. Бұл тұрғыда негіз­гі салмақ Ақсу ауданының шаруаларына түсіп отыр. Өткен жылы ауданда 3 167 гек­тар қант қызылшасы егіліп, одан 87 600 тонна өнім жиналған екен. Тәтті тү­бі­р­дің орташа өнімділігі гектарына 337,5 цент­нерден айналыпты. Биыл қызылша алқабы тағы да ұлғайып, 3 315 гектарды құрамақ.

Тәтті түбір танабының аумағын ұлғайтуға шаруалар да мүдделі. Өйткені жылдан-жылға қант қызылшасына қойылған баға өсіп отыр. 2019 жылы 1 тонна тәтті түбірдің құны 18 мың теңге болса, 2020 жылы 22 мың теңге жеткен. Яғни дайын өнімге мемлекет тарапынан төленетін субсидия 10 мың теңгеден өсіп, 12 мың теңгені құраған. Ал «Ақсу қант» зауыты тарапынан белгіленген баға бұрын 8 мың теңге болса, былтырдан бастап 10 мың теңгеге дейін көбейген екен.

– «Ақсу қант» зауыты 2017 жылы қайта түлеп, іске қосылған болатын. Қайта іске қосылған соң жұмыс істеу қарқыны жыл өткен сайын ұлғайып, артып келеді. Алып кәсіпорынның өндіретін өнімінің сапасы жаңа технологиялар арқылы артып, оң нәтижеге қарай қадам басуда. Биыл қызылша жомы жаңа технологиялар көмегімен тығыздалып, брекеттелген түрде шығарылды. Бұл өнім алыс-жақын аудандарға мал азығы ретінде қолжетімді бағада сатылды. Қант қызылшасының көлемін ұлғайту, мол өнім алу, қант зауытының жұмысы ауданның басты стратегиясы болып қала береді. Ауданда қант қызылшасын өсірумен айналысатын 6 сервистік дайындау орталығы жұмыс істейді, қосымша тағы бір дайындау орталығын құруға сұраныс түсті, – дейді Ақсу ауданының әкімі Есім Базарханов.

Ақсудағы қант зауытына іргедегі Сарқан ауданы мен Алакөл ауданының шаруалары өсірген қант қызылшасы тасымалданады. Бұл аймақтарда да тәтті түбір өсіруге деген құлшыныс артып келеді. Өнім көлемі де жыл өткен сайын көбейген. Мәселен, былтыр Сарқан ауданының шаруа қожалықтары 88 мың тоннадан астам қант қызылшасын жинапты.

– Сарқан өңірі ауыл шаруа­шылығы­на қолайлы аудан болғандықтан, дала жұмыстарының маңызы зор. Соның ішінде қант қызылшасына көңіл бөлініп отыр. Жыл сайын шаруалар гектар санын арттырып, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп, мол өнім алуда. Өткен жылы аудан бойынша тоқсанға жуық жеке шаруа 3 167 гектар жерге қант қызылшасын сеуіп, одан 88 мың тоннадан астам өнім жинады. Шаруаларға былтыр әр тоннаға 18 теңгеден барлығы 267,5 млн теңге субсидия төленді. Биыл 3 315 гектарға тәтті түбір себеміз деп жоспарлап отырмыз, одан шамаман 130 тонна өнім жинау міндеті тұр, – дейді Сарқан аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жандос Өмірсадық.

 

Алматы облысы